Облыстық әкімдіктің кезекті отырысында өңірдің 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы, бюджеттің кірісі мен шығысы және облыс аумағын электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселелері сөз болды.
Жиналыста күн тәртібіндегі алғашқы тақырып бойынша баяндаманы облыстық экономика демартаментінің басшысы Қуанышбек Қалижанов жасады. Өз сөзінде ол 9 айдың қорытындысы бойынша қысқа мерзімді экономикалық индикатор 96,3 пайызды құрағанын жеткізді. Ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы ішкі өнім 685,8 млрд. теңгеге жеткен. Биыл дәнді және майлы дақылдардың азаюы салдарынан өсімдік шаруашылығының көрсеткіші 21,2 пайызға төмендеген, ал мал шаруашылығы өнімдерінің көлемі 2,2 пайызға артқан. Өнеркәсіп көлемі 457,6 млрд. теңгені құрап отыр. Өңдеу өнеркәсібі бойынша – 12, кен өндіруде – 12,1, электрмен жабдықтауда – 20,8 пайыз өсім бар.
– Қаңтар мен қыркүйек айлары аралығында негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 296,2 млрд. теңгені құрады. Жыл басынан бері 137650 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның 59,6 пайызы – халықтың есебінен қолданысқа берілген үйлер. Есепті мерзім ішінде өңірде 9792 жаңа жұмыс орны ашылып, 22010 адам жұмыспен қамтылды. Ал өңірдегі инфляция 7,7 пайызды құрап, азық-түлік 7,7, азық-түлік емес тауарлар 7,2, ақылы қызметтер құны 9 пайызға өскен, – дей келе Қуанышбек Қалижанов өңірде негізгі көрсеткіштер бойынша өсім байқалғанмен кей аудандарда артта қалушылық бар екенін айтты. Мәселен, Аққайың ауданы ауыл шаруашылығы, инвестиция, құрылыс, тұрғын үйді пайдалануға беру салалары бойынша артта келеді. Сол сияқты Жамбыл, Мамлют, Уәлиханов аудандарында да экономиканың бірнеше салалары бойынша көрсеткіштер кері кеткен.
Отырыста облыстық статистика департаменті басшысының міндетін атқарушы Марал Нұржауыпова статистикалық деректерге тоқталды.
Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы баяндамаларды тыңдаған облыс әкімі мамандардың тиісті талдау жүргізбегенін, кей көрсеткіштердің төмендеу себептеріне үңілмегенін, мәселені шешу үшін нақты ұсыныстар жолданбай жатқанын айтты. Ауа райының қолайсыздығы салдарынан ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемінің азайғанына алаңдаушылық білдірген Ғауез Торсанұлы бірқатар жауапты маманға алдағы көктемгі егіс науқанына дайындық жүргізу, машина-трактор паркін жаңарту, тұқымдар мен тыңайтқыштарды жинақтау бойынша тапсырмалар берді. Бұдан бөлек кей аудандарда ет өндіру көлемі азайғаны жайлы да айтылды. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда еттің аз өндірілуіне тауарлы-сүт фермаларының салынып, ірі қараның соларды толтыруға жіберілуі, Мағжан Жұмабаев ауданында бухгалтерлік есепте жіберілген олқылықтар себеп болған. Осы сияқты сүт, жұмыртқа өндірісі төмен аудандардың әкімдеріне сауал жолданып, себептері сұралды.
– Ауыл шаруашылығы басқармасы мен аудан әкімдеріне алдағы жылдың егіс науқанына дайындықты қамтамасыз етуді, агроқұрылымдармен жұмыс жүргізіп, ет, сүт, жұмыртқа өндірісінің төмендеуіне жол бермеуді тапсырамын. Ауыл шаруашылығы басқармасы Тимирязев ауданының әкімдігімен бірлесіп тауарлы-сүт фермасының құрылысына инвестор табуға тиіс. Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы мен қала, аудан әкімдеріне жыл соңына дейін жоспарға сай инвестиция тартуды қамтамасыз етуді, құрылыс басқармасы мен әкімдерге тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша жоспарды орындауды жүктеймін, – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
Одан әрі бюджеттің кірісі мен шығысы жайлы облыстық қаржы басқармасының басшысы Наталья Дышкант баяндама жасады. Басқарма басшысы өңір қазынасына үш тоқсан ішінде 805,7 млрд. теңге кіріс кіргенін айтты. Ал бюджет шығысының орындалуы 99,8 пайызды құрап, 562 млн. теңге игерілмей қалған. Наталья Дышкант Уәлиханов, Қызылжар, Мамлют, Шал ақын, Тимирязев аудандарында бөлінген қаражатты игере алмау қаупі барын жеткізді. Өз кезегінде өңір басшысы қаржыны игеру әкімдердің кәсіби біліктіліктеріне тікелей әсер ететін фактор екенін ескертті.
Ал мемлекеттік кірістер дапартаменті басшысының міндетін атқарушы Төлеген Қабдөшев болса, шағын және орта бизестен, агроқұрылымдардан түскен салық статистикасына тоқталды. Ол жиналғандардың назарын жер көлемі мен жағдайлары шамалас бола тұра гектарға шаққандағы салық жүктемесінде үлкен айырмашылық бар шаруашылықтарға аударды. Бюджет түсімі халықтың жалақысына байланысты болғандықтан, осы салада жүргізілген талдаулардың нәтижесі де жария болды. Салық жүктемесі сияқты ауыл шаруашылығы саласындағы жалақыда да айтарлықтай айырмашылық бар. Мысалы, бір аудандағы шаруашылықтардың бірі өз жұмысшысына 180 мың теңге жалақы төлесе, енді бірінің жұмысшылары 85 мың теңгені қанағат тұтуға мәжбүр. Бұдан бөлек, жұмысшыларына ең төменгі айлық немесе одан да аз жалақы төлейтін шаруашылықтар кездесіп отыр. Салық деректемелері бойынша Ақжар ауданындағы “Ақниет агро” серіктестігінде жалақы 61, Айыртау ауданындағы “Агро Елецкое” серіктестігінде 50, “Жетікөл агрода” 35 мың теңге маңайында.
– Орақ науқаны барысында 3-6 млн. теңге арасында табыс тапқан мамандар бар. Осыған қарамастан кей жерлерде 40-50 мың теңге айлық төленетінін көріп отырмыз. Бұл еңбек адамына лайық жалақы емес. Алдағы уақытта мұндай жағдайларды тексеру керек, – дей келе облыс әкімі жаңа жобаларды жүзеге асыру, жұмыс орындарын ашу, бюджетті игеру, жоспарланған инфраструктуралық жобаларды 15 желтоқсанға дейін аяқтау жөнінде тапсырмалар берді.
Отырыста қаралған үшінші сұрақ жұртшылықты алаңдатып отырған электр энергиясы мәселесіне арналды. Өңірдегі электр желілерінің бүгінгі жай-күйі туралы облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Владислав Лукин баяндады.
– Өңірдегі жылу және электр энергиясының негізгі көзі – қаладағы №2 ЖЭС саналады. Одан тыс аудандарда баламалы электр энергиясын өндіретін 7 нысан бар. Бұл салада “Севказэнерго” және “Көкшетау энерго” сынды екі компания қызмет көрсетеді. Облыстың 8 ауданын қамтып отырған “Солтүстік Қазақстан ЭЖТК”-ның қарамағында 13067 километр электр желісі мен 2353 қосалқы станса болса, негізгі құрал-жабдықтың 95 пайызы тозған. 2025 жылға дейінгі жоспарға сай 8446,8 млн. теңге инвестиция құйылған күннің өзінде тозу 97,3 пайызға жетпек. 2029 жылға қарай тозған құрал-жабдық үлесін 80 пайызға дейін азайту үшін 80,2 млрд. теңге қажет. Бұл саладағы кадр мәселесі де өзекті. Осы күннің өзінде 253 жұмыс орны бос тұр, – деді Владислав Лукин.
Жалақының аздығынан аталған салада маман тұрақтамайды екен. Бүгінде кадрлардың кету коэфиценті 21 пайызға жеткен. Компанияға орташа айлық 171, 5 мың теңгені төлеудің өзі қиынға соғып тұр. Бір ғана облыс орталығының өзінде жүзден аса жұмыс орны бос тұр. Мұның бәрі елді мекендерді тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етуге кедергі келтіруде. Жиынға қатысқан “Көкшетау энерго” өкілі де жиналғандарға компанияның хал-ахуалы жайлы баяндады.
– Бұл мәселе бір күнде туындаған жоқ. Жалақыны өсіруге тариф шектеуі кедергі болып отырғаны белгілі. Бірақ біз оны шешудің жолын іздеуіміз керек. Алдымызда қаһарлы қыс. Құрал-жабдығы толық тозған елді мекендерде бірнеше күнге жарықтың өшіп қалу қаупі бар. Сондықтан да аудан әкімдеріне апатты учаскелердегі жұмысты аяқтауды, жөндеу бригадаларының дайындығын қадағалауды тапсырамын. Ал энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы аталған мәселеге қатысты алдағы күндері нақты ұсыныстар енгізуге тиіс, – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.