Өңірімізге Қазақстан Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев келді. Партия өкілдері Мамлют ауданына барып, алдағы саяси науқан қарсаңында сайлаушылармен кездесті.
Өңірімізде әкімдердің сайлауы өтетін аудандардың бірі – Мамлют ауданы. Мұнда аудан әкімі сайлауына Қазақстан Халық партиясынан кандидат ретінде Елена Степаненко тіркелген. Партия өкілдері Мамлют ұн тарту комбинатының еңбек ұжымымен кездесу өткізді. Партия төрағасы Ермұхамет Ертісбаев алдағы сайлаудың бүкіл ел үшін маңыздылығына тоқталып, бұл мемлекетті саяси жаңғыртудағы қуатты қадам екенін атап өтті. Ал үміткер Елена Степаненко тұрғындарды сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, шағын және орта кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және аграрлық өнімді қайта өңдеушілерді қолдауға басымдық беретінін мәлімдеді. Алдағы төрт жылда жол инфрақұрылымының барлық мәселелерін шешуге уәде берді. Ауылдық мектептердің ғимараттары мен денсаулық сақтау нысандарын, сондай-ақ жергілікті Мәдениет үйлерін жөндеу мен қайта жаңғыртуға ерекше назар аударатынын айтты.
Тұрғындармен болған кездесулерде ауданның дамуына қатысты мәселелер көтеріліп, партия өкілдері мен тұрғындар өзара пікір алмасты.
Меруерт КЕҢЕСБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.