«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Шекара қалды көз ұшында бұлдырап

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Шекарамыз шегенделгенімен шебі мықты ма? Қалқан болып тұрған қаншама ауылдың құрып бара жатқаны ойды сан-саққа жүгіртеді. Қызылжар өңірінің алты ауданы шекарада орналасқан. Ресеймен шектесіп жатқан Ақжар, Қызылжар, Мағжан Жұмабаев, Жамбыл, Мамлют, Уәлиханов аудандарындағы 93 ауыл шекарадағы елді мекендер санатына жатады. Болашағы бар елді мекендерді анықтау кезінде жалпы 8789 тұрғыны бар 23 ауыл іріктеліп алынған. Қалған жетпісінің болашағы бұлыңғыр деп ұйғарылыпты. Басты себеп – өмір сүру деңгейінің төмендігі. Яғни жұмыстың жоқтығы, болса жалақының аздығы, ауызсудың, жолдардың сапасыздығы, климаттық жағдайлардың қатаңдығы әсер етіп отыр.

Жастар кетті қалаға

Үстіміздегі жылдың басындағы дерекке сүйенсек, облыста тұрғын­дары 50 адамнан кем 128 ауыл бар. Оның ішінде 33-інде тұрғындардың саны оннан да кем, не болмаса кей­бірінде тіпті адам қалмаған. Әсіресе шекарада тұрған 18 ауылдың жағ­дайы мүшкіл. Соңғы бес жылда об­лыста 29 елді мекен таратылса, со­ның алтауы – шекарадағы ауылдар.

Жұмыс сапарымен Мағжан Жұ­мабаев ауданына бардық. Шека­радағы ауылдардың жағдайын көр­мек ниетпен Аққайың ауылдық окру­гіне ат басын бұрдық. Округтің аума­ғына кіру үшін шекарашылардың тек­серісінен өту керек екен. Қазір округ­тің құрамында алты елді мекен бар. Ауылдық округ әкімі Мақсат Есжа­новтың айтуынша, жеті жүзден астам адам тұрады. Шекараның түбінде орналасқан Гавринода қазір 104 адам түтін түтетіп жатыр. Көбі зей­неткерлер, егде жастағы адамдар. Жастары қалаға кеткен, бір кездегі оқушыға толы орта мектебі қазір қа­ңырап бос тұр. Білім ошағының есі­гіне қара құлып ілінгелі ауылдың өмі­рінен мән де, сән де кеткен.

– Бұрын шекара асатындар көп еді. Олардан қалған бос үйлерді оңтүстіктен келген қоныс аудару­шылар сатып ала бастап еді. Қазіргі геосаяси жағдайға байланысты шекара асу күрт тоқтады. Қоныс аударушыларға үй табу қиын. Біздің округтегі кейбір үйлердің бағасы 2 млн. теңге тұрады. Сұраныс болға­сын баға да шарықтап тұр, – дейді Аққайың ауылдық округінің әкімі Мақсат Есжанов.

Бұл жердегі алты ауылдың үше­уіндегі тұрғындардың саны 50-ге де жетпейді. Алайда жергілікті билік бо­лашақта бұл ауылдарда тұрғындар саны көбейетініне сенімді көрінді. Се­бебі көрші ауылдық округ аумағында шекара бекеті салынып жатыр екен. Шекарашылар отбасымен келсе, жұпыны ауылдың томаға-тұйық тіршілігіне қан жүгіре ме деген үміт бар.

Ауылдардағы әлеуметтік ахуал­дың төмендігі шекарашылардың да берекесін кетіріп отырғаны белгілі. Шекарамызды шегендедік дегеніміз­бен, оны күзетіп жүргендердің тұрмыстық-әлеуметтік жағдайы сын көтермейді. Үстіміздегі жылдың ба­сын­да облыстық қоғамдық кеңесте шекарашыларды баспанамен қамту, ауызсу, электр желілерін тарту сын­ды өзекті мәселелер сөз болды. Сонда біраз жайттың беті ашылды. Мәселен, Қызылжар ауданындағы “Ақыш” шекара бөлімшесі Сумное ауылында орналасқан. Ал шека­рашылар бұл жерден 14 шақырым қашықтықта жатқан Виноградное ауылында тұрады. Бұл жағдай шекарашылардың түнгі уақытта қызмет атқаруына ыңғайсыз. Сондықтан олар шекараны түнде жеке көлік­те­рімен барып-келіп күзетіп жүр. Шекарадағы бөлімшелерде ешқандай жағдай жасалмағандықтан, әскери қызметкерлер отбасыларынан жырақта өмір сүруге мәжбүр. Ел қор­ғаны мықты болсын десек, шекара шебінде қызмет етіп жүрген әске­рилердің жағдайын жасау күн тәрті­біндегі мәселе болуы керек.

Жуырда Мәжіліс депутаты Ерке­бұлан Мәмбетов Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, “Солтүс­тік” үстемеақысын қайтару жайлы әңгіме қозғады. Әсіресе шекара ма­ңындағы қаңырап бос қалған ауылдар бүгінгі геосаяси жағдайда аса қауіпті екенін, ауылдарымызды да­мы­ту шараларын қазірден қолға алу керек дегені – көптің көкейінде жүр­ген ой. Облыстық экономика басқармасы берген мәліметке сүйенсек, “Ауыл – ел бесігі” жобасы аясында 2020-2022 жылдар аралығында 13 ауылдық елді мекен қамтылып, 2 млрд. теңгеден астам қаржыға 18 жо­ба жүзеге асырылыпты. Ауылішілік жолдарды жөндеу, мектепке, кітап­хана мен балабақшаға, Мәдениет үйлері мен дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіл­ген. Жамбыл ауданының орталығы Пресновка ауылында дене шынық­ты­ру-сауықтыру орталығы және Мағ­жан Жұмабаев ауданындағы Ок­тябрьское ауылында су тарату желісі салынып жатыр. Жоспарға сәйкес, үстіміздегі жылы бағдарлама аясында 9 шекаралық ауыл қамты­лады. Бұл елді мекендерде 1,3 млрд. теңгенің 10 жобасы жүзеге асыры­лады.

Қаржылай қолдау қажет

Ақжар ауданындағы шекаралық аймақта орналасқан Үлкен Қараой ауылдық округінің құрамында Бай­мырза және Горьковское деген екі ауыл бар. Аудан орталығынан 115 шақырым жерде орналасқан округте өмір сүріп жатқан тұрғындардың жалпы саны – 930. Округ аумағын­дағы “Ақ-Ниет-Агро және К” жауап­кер­шілігі шектеулі серіктестігі қос ауылдың әлеуметтік жағдайын жа­сап отыр. Серіктестіктің арқасында ауылда жұмыс бар, тұрғындардың әлеуметтік жағдайы өзге шекара­дағы ауылдарға қарағанда анағұр­лым жақсы.

– Бүгінгі күні шекара маңындағы аумақтарды дамыту мәселесі өте өзекті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шекара маңын бос қалдыруға болмайтынын айтқан еді. Бұл – ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатысы бар мәселе. Оны жүйелі түрде шешу қажет. Қомақты қаражат керек екендігі айтылды. Біздің аудан үшін бұл жақсы жаңалық. Өйткені жергілікті жерлердегі көп мәселенің шешімі қаражатқа тікелей байла­нысты, – дейді Уәлиханов ауданының әкімі Қайрат Пішенбаев.

Облыс орталығынан шалғайда жатқан Уәлиханов ауданының аума­ғында Ресеймен шекаралық аймақта орналасқан 12 ауыл бар. Ондағы тұрғындардың саны – 3 392 адам. (Ақтүйесай – 527, Қоңдыбай – 377, Ті­леусай – 212, Бидайық – 860, Жам­был – 273, Өндіріс – 338, Көктерек – 227, Мортық – 380, Қаратерек – 198). Жергілікті биліктің айтуынша, соңғы 5 жылда тараған немесе жабылған ауылдар жоқ. Алайда елді мекенде адам саны 50-ден азайғанда ауыл статусын сақтап қалу қиынға соғады екен.

– Биылғы жылы ауданымыздың тарихында болмаған қаражат бө­лініп, әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беріп отыр. Ауданды дамытуға 7 млрд. теңге бө­лінді, оның ішінде ауылдарды дамытуға бағытталған “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы бойынша 8 жобаның жүзеге асуына 2 млрд. 836 млн.теңге бөлінді. Аталған бағдарлама бо­йынша шекарадағы Бидайық ауылының ауылішілік жолдарын жөн­деуге 389 млн.теңге бөлінді, – деді Қайрат Сәкенұлы.

“Күшті аумақтар – елдің даму драйвері” бағдарламасы арқылы 2 млрд. теңге қарастырылған. Бұл қара­жатқа ауданның 5 ауылында су айдау мұнарасының құрылысын жү­зеге асыру жоспарланған, соның ішінде шекара маңындағы Ақтүйесай мен Бидайық ауылдары бар. Өн­діріс – Жұмысшы – Мырзағұл бағы­тындағы 45 км жолды орташа жөндеуге 907,1 млн. теңге және Көктерек ауылының демалыс орталығының құрылысына 151,7 млн. теңге қарас­тырылған. Жергілікті бюджеттен 7 шекарадағы ауылдың балалар және спорт алаңдары мен футбол алаңда­рын жөндеуге 111,6 млн. теңге бө­лінді. Жалпы аудандағы шекарадағы елді мекендерді дамытуға 2020 жылы – 258,1 млн. теңге, 2021 жылы – 34 млн. теңге, 2022 жылы – 24,7 млн. теңге, 2023 жылы – 2,2 млрд. теңге бөлініпті.

– Ауылдық жерлерде әлеуметтік нысанның бірі – мектеп болса, келе­сісі – мәдениет ошақтары, клубтар. 2020 жылы “Жұмыспен қамтудың жол картасы” бағдарламасы арқылы шекара маңындағы Өндіріс пен Ақ­түйесай ауылдарында жаңа клубтар ашылды. Биылғы жылы Көктеректе тиісті жұмыстар басталды, мәдениет мекемесі жоқ Тілеусай ауылы бо­йынша жобалық-сметалық құжат­тамалар әзірленуде. 12 шекаралас елді мекеннің барлығында орта мектеп бар, онда 978 оқушы білім алады. Біздің міндетіміз осы мектептерді ұстап тұру, өйткені мектеп жабылса немесе негізгі мектептерге ауысса, онда тұрғындар жұмыссыз қалады, – деді Уәлиханов ауданының әкімі.

Жапандағы жалғыз үй

Ауылдарды сақтап қалудың бір жолы – оңтүстік өңірден келген отандастарымызды қоныстандыру. Бүгінде ауданның шекаралық аума­ғындағы төрт ауыл – Жамбыл, Көкте­рек, Мортық, Қаратеректе 13 отбасы, 79 адам тұрып жатыр. Ауылдың бо­лашағына алаңдаған тұрғындар да сөзден іске көшкен. Уәлиханов ауда­нындағы Жамбыл орта мектебі ди­ректорының ұйымдастыруымен оң­түстік өңірлерден келгендерге көмек көрсетіліп отыр. Нәтижесінде мұнда 6 отбасы немесе 37 адам тұрақтап қалды. Бұл – мектептің жабылуының алдын алып, тиісінше ауылдың сақталуына мүмкіндік берді.

Шекарада отырған ауыл тұрғын­дары жан бағу үшін мал шаруашы­лығымен айналысады, егістік алқап­тарында, басым көпшілігі әкімдік­терде, мектептерде, мәдениет меке­мелерінде жұмыс істейді. Мемлекет­тік мекемелер жабылса, мал өсіруді күнкөріс көзіне айналдыратындары аз. Аталған аудандағы Көктерек ауылдық округінде Қарамырза деген ауыл бар. Бұл ауылда бір ғана отбасы тұрады. Мал бағып, тіршілік етіп отыр. Қарамырза елді мекеннен гөрі жапандағы жалғыз үй атанға­нымен, құжат бойынша ауыл статусы бар. Себебі ауылдарды жаба беру жергілікті билікке де тиімсіз. Ауылға бөлінетін қаржы кілт үзіледі.

Шекарадағы ауылдың жағдайы жайында айтпаған жан жоқ шығар. Жоғары мінберлерде қызыл сөз суша сапырылғанымен атқарылған нақты іс, көзге көрінер нәтиже жоқ. Ауылдарды сақтап қалатын кез уыстан шығып барады. Қолда барға ие бола алмаған соң оны қалпына келтіру де оңай емес.

– Шекаралас елді мекендерді дамыту үшін қаржылай қолдау керек. Әсіресе аудандық, облыстық, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жай-күйі нашар. Жылдар бойы жөндеу көрмеген ауыл­ішілік жолдардың жағдайы да сын көтермейді. Елді мекендерді дамыту мәселесін кешенді жүргізу қажет. Әр ауылдық округтік ерекшелігін, табиғатын, жерін ескеріп барып, даму жоспарын әзірлеу керек, – дейді Уәлиханов ауданының әкімі Қайрат Пішенбаев.

Сарапшылардың сан қилы есебі шекарадағы ауылдарды дамыту экономикаға салмақ түсіретінін айт­қанымен, жердің тұтастығы бәрінен маңызды екенін ұмытпайық. “Бос жатқан жер жау шақыратынын” ата-бабаларымыз бекер айтпағаны анық. Шекарадағы ауылдарды сақ­тап қалмай, шебіміз мықты болмайтынын түсінетін уақыт жеткен сыңайлы.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp