«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жан шуағы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жыл сайын елімізде қазан айының соңғы жексенбісінде әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күні аталып өтіледі. Мейірім мен адамгершілікті бойына сіңірген мамандық иелері қамқорлыққа мұқтаж жандардың жанынан табылып, тұрмыс-тіршілігіне қолғабыс етуді міндеттеріне айналдырған. Қазіргі уақытта өңірімізде бұл салада 2,5 мың адам еңбек етіп жүр. Олар 3,6 мың жанды – жалғызілікті қарттарды, мүгедектігі бар жандарды, мүмкіндігі шектеулі балаларды, психоневрологиялық аурулары бар адамдарды қамқорлыққа алған. Солардың бірі – Гүлнұр Рамазанова. Ол бірнеше жылдан бері Қызылжар ауданындағы Подгорное ауылында жұмыс істейді.

“Әлеуметтік қызметкер болып ең­бек етіп келе жатқаныма – 14 жыл. Негізгі мамандығым – медбике. Пет­ропавлдағы медициналық колледж­ді 1986 жылы бітіргенмін. 2005 жылы Жамбыл ауданынан Қызылжар ауданының Подгорное елді мекеніне көшіп келдік. Өз мамандығым бойынша жұмыс табылмады, кейін әлеуметтік қызметкер болу туралы ұсыныс түсті. Менің пікірімше, бұл – өте қажет мамандықтардың бірі. Біздің халқымыз ежелден қарттарын сыйлаған, көмекке мұқтаж жандар­дың қолтығынан демеген. Жасы ұлға­йып, демеусіз қалған ата-әжелердің керегіне жарап жатқаныма, солардың бата-тілегін алып жүргені­ме қуанамын”, – дейді кейіпкеріміз.

Әлеуметтік қызметкердің қам­қорлығындағы Лидия Васильевна Гүлнұр Асқарқызын “қызым” дейді. 12 жылдың ішінде бауыр басып, жақынындай болып кеткенін оған кездескен сайын айтып отырады екен. Сексенге жақындаған әжейдің екі ұлы және қызы бар, олар Ресейде тұрады. Жалғызбасты жанның досы да, сырласы да, қолқанаты да – Гүлнұр.

“Бұрын менің көмегіме алты адам мұқтаж еді, олардың екеуін ке­лін-балалары алып кетті. Қазір үше­уімен жұмыс істеймін, олардың ұл-қыздары басқа мемлекетте тұра­ды. Ли­дия Васильевна – 77, Надеж­да Георгиевна 75, Галина Иосифов­на – 87 жаста. Мен оларға аптасына екі рет барып тұрамын. Дүкенге соғып азық-түліктерін әкеліп бере­мін, дәрі-дәрмектері бітіп қалса жет­кіземін. Қыста отын-суын кіргіземін. Апта­сына бір рет үйлерін жинап бе­ремін. Ал жазда үйлерін әктеп, еден-есік­терін сырлайтын жұмысшылар та­уып беремін. Біз олардың тұрмы­сына барынша жайлы жағдай жасауымыз керек”, – дейді Гүлнұр Асқар­қызы.

Әлеуметтік қызметкер өзіне бе­кітілген адамдарға аптасына екі күн баруға міндетті. Десе де бұл қатып қалған қағида емес. Гүлнұр Рама­занова кейде демалыс күндеріне қарамай жұмыс істейтінін айтты. Аға буын өкілдері көп жағдайда дүкенге барып келуді өтінеді екен. “Бір әжей­дің 87-дегі жұбайы түнде қайтыс болып, не істерін білмей маған хабарласты. Мұндайда менің жұмыс уақытым бітті деп айтпайсың, барып көмектесесің. Бұрын ең қиыны су тасып беру болатын. Әсіресе қыста, аяз бен боранда су жеткізу оңайға соқпайтын. Қазір бәрі үйлеріне су кіргізіп алды. Жұмысым қиын емес. Көп жағдайда жұбайым көмекке келеді. Ауыр жұмысты ол атқарып жатқанда, мен үйдің ша­руасын бітіремін”, – дейді әлеуметтік қызметкер.

Маманның айтуынша, әлеу­мет­тік қызметкерге қойылатын талап­тар аз емес. Бұл жұмысқа тек медици­налық, педагогикалық немесе психо­логиялық білімі бар адамдар ғана қа­былданады. Өйткені ең басты міндет – қамқорлыққа мұқтаж ата-әжелермен тіл табысу, олардың көңілін аулап, қиын жағдайда көмек көрсету. Кейде дәрігер жазып кеткен екпені уақытында қою қажет болып жатады.

“Үлкен кісілердің көңілін табу оңай емес, олар бірде ауырып қалады, бірде көңілді отырады. Біздер, әлеуметтік қызметкерлер әрі дос, әрі көмекші, әрі психолог сияқты көмек көрсетеміз. Менің қарауымдағы әжей­лердің барлығы балаларын сағынатындарын айтып, жылап ала­ды. Оларды тыңдауға тырысамын. Кейде ақыл-кеңестерін айтады. Мә­селен, бау-бақшада жүргенде көкө­ністі қалай өсіру керек, жемісті қалай күту қажеттігі туралы кеңес береді”, – дейді Гүлнұр Асқарқызы.

Әлеуметтік қызметкер 2016 жы­лы облыс әкімінің Құрмет грамо­тасымен марапатталған. Бүгінде ол ұл-қызынан тараған бес немере-жиенінің қызығына бөленіп отыр.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

СУРЕТТЕ: Г.Рамазанова немерелерімен.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp