Шекарамыз шегенделгенімен шебі мықты ма? Қалқан болып тұрған қаншама ауылдың құрып бара жатқаны ойды сан-саққа жүгіртеді. Қызылжар өңірінің алты ауданы шекарада орналасқан. Ресеймен шектесіп жатқан Ақжар, Қызылжар, Мағжан Жұмабаев, Жамбыл, Мамлют, Уәлиханов аудандарындағы 93 ауыл шекарадағы елді мекендер санатына жатады. Болашағы бар елді мекендерді анықтау кезінде жалпы 8789 тұрғыны бар 23 ауыл іріктеліп алынған. Қалған жетпісінің болашағы бұлыңғыр деп ұйғарылыпты. Басты себеп – өмір сүру деңгейінің төмендігі. Яғни жұмыстың жоқтығы, болса жалақының аздығы, ауызсудың, жолдардың сапасыздығы, климаттық жағдайлардың қатаңдығы әсер етіп отыр.
Жастар кетті қалаға
Үстіміздегі жылдың басындағы дерекке сүйенсек, облыста тұрғындары 50 адамнан кем 128 ауыл бар. Оның ішінде 33-інде тұрғындардың саны оннан да кем, не болмаса кейбірінде тіпті адам қалмаған. Әсіресе шекарада тұрған 18 ауылдың жағдайы мүшкіл. Соңғы бес жылда облыста 29 елді мекен таратылса, соның алтауы – шекарадағы ауылдар.
Жұмыс сапарымен Мағжан Жұмабаев ауданына бардық. Шекарадағы ауылдардың жағдайын көрмек ниетпен Аққайың ауылдық округіне ат басын бұрдық. Округтің аумағына кіру үшін шекарашылардың тексерісінен өту керек екен. Қазір округтің құрамында алты елді мекен бар. Ауылдық округ әкімі Мақсат Есжановтың айтуынша, жеті жүзден астам адам тұрады. Шекараның түбінде орналасқан Гавринода қазір 104 адам түтін түтетіп жатыр. Көбі зейнеткерлер, егде жастағы адамдар. Жастары қалаға кеткен, бір кездегі оқушыға толы орта мектебі қазір қаңырап бос тұр. Білім ошағының есігіне қара құлып ілінгелі ауылдың өмірінен мән де, сән де кеткен.
– Бұрын шекара асатындар көп еді. Олардан қалған бос үйлерді оңтүстіктен келген қоныс аударушылар сатып ала бастап еді. Қазіргі геосаяси жағдайға байланысты шекара асу күрт тоқтады. Қоныс аударушыларға үй табу қиын. Біздің округтегі кейбір үйлердің бағасы 2 млн. теңге тұрады. Сұраныс болғасын баға да шарықтап тұр, – дейді Аққайың ауылдық округінің әкімі Мақсат Есжанов.
Бұл жердегі алты ауылдың үшеуіндегі тұрғындардың саны 50-ге де жетпейді. Алайда жергілікті билік болашақта бұл ауылдарда тұрғындар саны көбейетініне сенімді көрінді. Себебі көрші ауылдық округ аумағында шекара бекеті салынып жатыр екен. Шекарашылар отбасымен келсе, жұпыны ауылдың томаға-тұйық тіршілігіне қан жүгіре ме деген үміт бар.
Ауылдардағы әлеуметтік ахуалдың төмендігі шекарашылардың да берекесін кетіріп отырғаны белгілі. Шекарамызды шегендедік дегенімізбен, оны күзетіп жүргендердің тұрмыстық-әлеуметтік жағдайы сын көтермейді. Үстіміздегі жылдың басында облыстық қоғамдық кеңесте шекарашыларды баспанамен қамту, ауызсу, электр желілерін тарту сынды өзекті мәселелер сөз болды. Сонда біраз жайттың беті ашылды. Мәселен, Қызылжар ауданындағы “Ақыш” шекара бөлімшесі Сумное ауылында орналасқан. Ал шекарашылар бұл жерден 14 шақырым қашықтықта жатқан Виноградное ауылында тұрады. Бұл жағдай шекарашылардың түнгі уақытта қызмет атқаруына ыңғайсыз. Сондықтан олар шекараны түнде жеке көліктерімен барып-келіп күзетіп жүр. Шекарадағы бөлімшелерде ешқандай жағдай жасалмағандықтан, әскери қызметкерлер отбасыларынан жырақта өмір сүруге мәжбүр. Ел қорғаны мықты болсын десек, шекара шебінде қызмет етіп жүрген әскерилердің жағдайын жасау күн тәртібіндегі мәселе болуы керек.
Жуырда Мәжіліс депутаты Еркебұлан Мәмбетов Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, “Солтүстік” үстемеақысын қайтару жайлы әңгіме қозғады. Әсіресе шекара маңындағы қаңырап бос қалған ауылдар бүгінгі геосаяси жағдайда аса қауіпті екенін, ауылдарымызды дамыту шараларын қазірден қолға алу керек дегені – көптің көкейінде жүрген ой. Облыстық экономика басқармасы берген мәліметке сүйенсек, “Ауыл – ел бесігі” жобасы аясында 2020-2022 жылдар аралығында 13 ауылдық елді мекен қамтылып, 2 млрд. теңгеден астам қаржыға 18 жоба жүзеге асырылыпты. Ауылішілік жолдарды жөндеу, мектепке, кітапхана мен балабақшаға, Мәдениет үйлері мен дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жамбыл ауданының орталығы Пресновка ауылында дене шынықтыру-сауықтыру орталығы және Мағжан Жұмабаев ауданындағы Октябрьское ауылында су тарату желісі салынып жатыр. Жоспарға сәйкес, үстіміздегі жылы бағдарлама аясында 9 шекаралық ауыл қамтылады. Бұл елді мекендерде 1,3 млрд. теңгенің 10 жобасы жүзеге асырылады.
Қаржылай қолдау қажет
Ақжар ауданындағы шекаралық аймақта орналасқан Үлкен Қараой ауылдық округінің құрамында Баймырза және Горьковское деген екі ауыл бар. Аудан орталығынан 115 шақырым жерде орналасқан округте өмір сүріп жатқан тұрғындардың жалпы саны – 930. Округ аумағындағы “Ақ-Ниет-Агро және К” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қос ауылдың әлеуметтік жағдайын жасап отыр. Серіктестіктің арқасында ауылда жұмыс бар, тұрғындардың әлеуметтік жағдайы өзге шекарадағы ауылдарға қарағанда анағұрлым жақсы.
– Бүгінгі күні шекара маңындағы аумақтарды дамыту мәселесі өте өзекті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шекара маңын бос қалдыруға болмайтынын айтқан еді. Бұл – ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатысы бар мәселе. Оны жүйелі түрде шешу қажет. Қомақты қаражат керек екендігі айтылды. Біздің аудан үшін бұл жақсы жаңалық. Өйткені жергілікті жерлердегі көп мәселенің шешімі қаражатқа тікелей байланысты, – дейді Уәлиханов ауданының әкімі Қайрат Пішенбаев.
Облыс орталығынан шалғайда жатқан Уәлиханов ауданының аумағында Ресеймен шекаралық аймақта орналасқан 12 ауыл бар. Ондағы тұрғындардың саны – 3 392 адам. (Ақтүйесай – 527, Қоңдыбай – 377, Тілеусай – 212, Бидайық – 860, Жамбыл – 273, Өндіріс – 338, Көктерек – 227, Мортық – 380, Қаратерек – 198). Жергілікті биліктің айтуынша, соңғы 5 жылда тараған немесе жабылған ауылдар жоқ. Алайда елді мекенде адам саны 50-ден азайғанда ауыл статусын сақтап қалу қиынға соғады екен.
– Биылғы жылы ауданымыздың тарихында болмаған қаражат бөлініп, әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беріп отыр. Ауданды дамытуға 7 млрд. теңге бөлінді, оның ішінде ауылдарды дамытуға бағытталған “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы бойынша 8 жобаның жүзеге асуына 2 млрд. 836 млн.теңге бөлінді. Аталған бағдарлама бойынша шекарадағы Бидайық ауылының ауылішілік жолдарын жөндеуге 389 млн.теңге бөлінді, – деді Қайрат Сәкенұлы.
“Күшті аумақтар – елдің даму драйвері” бағдарламасы арқылы 2 млрд. теңге қарастырылған. Бұл қаражатқа ауданның 5 ауылында су айдау мұнарасының құрылысын жүзеге асыру жоспарланған, соның ішінде шекара маңындағы Ақтүйесай мен Бидайық ауылдары бар. Өндіріс – Жұмысшы – Мырзағұл бағытындағы 45 км жолды орташа жөндеуге 907,1 млн. теңге және Көктерек ауылының демалыс орталығының құрылысына 151,7 млн. теңге қарастырылған. Жергілікті бюджеттен 7 шекарадағы ауылдың балалар және спорт алаңдары мен футбол алаңдарын жөндеуге 111,6 млн. теңге бөлінді. Жалпы аудандағы шекарадағы елді мекендерді дамытуға 2020 жылы – 258,1 млн. теңге, 2021 жылы – 34 млн. теңге, 2022 жылы – 24,7 млн. теңге, 2023 жылы – 2,2 млрд. теңге бөлініпті.
– Ауылдық жерлерде әлеуметтік нысанның бірі – мектеп болса, келесісі – мәдениет ошақтары, клубтар. 2020 жылы “Жұмыспен қамтудың жол картасы” бағдарламасы арқылы шекара маңындағы Өндіріс пен Ақтүйесай ауылдарында жаңа клубтар ашылды. Биылғы жылы Көктеректе тиісті жұмыстар басталды, мәдениет мекемесі жоқ Тілеусай ауылы бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленуде. 12 шекаралас елді мекеннің барлығында орта мектеп бар, онда 978 оқушы білім алады. Біздің міндетіміз осы мектептерді ұстап тұру, өйткені мектеп жабылса немесе негізгі мектептерге ауысса, онда тұрғындар жұмыссыз қалады, – деді Уәлиханов ауданының әкімі.
Жапандағы жалғыз үй
Ауылдарды сақтап қалудың бір жолы – оңтүстік өңірден келген отандастарымызды қоныстандыру. Бүгінде ауданның шекаралық аумағындағы төрт ауыл – Жамбыл, Көктерек, Мортық, Қаратеректе 13 отбасы, 79 адам тұрып жатыр. Ауылдың болашағына алаңдаған тұрғындар да сөзден іске көшкен. Уәлиханов ауданындағы Жамбыл орта мектебі директорының ұйымдастыруымен оңтүстік өңірлерден келгендерге көмек көрсетіліп отыр. Нәтижесінде мұнда 6 отбасы немесе 37 адам тұрақтап қалды. Бұл – мектептің жабылуының алдын алып, тиісінше ауылдың сақталуына мүмкіндік берді.
Шекарада отырған ауыл тұрғындары жан бағу үшін мал шаруашылығымен айналысады, егістік алқаптарында, басым көпшілігі әкімдіктерде, мектептерде, мәдениет мекемелерінде жұмыс істейді. Мемлекеттік мекемелер жабылса, мал өсіруді күнкөріс көзіне айналдыратындары аз. Аталған аудандағы Көктерек ауылдық округінде Қарамырза деген ауыл бар. Бұл ауылда бір ғана отбасы тұрады. Мал бағып, тіршілік етіп отыр. Қарамырза елді мекеннен гөрі жапандағы жалғыз үй атанғанымен, құжат бойынша ауыл статусы бар. Себебі ауылдарды жаба беру жергілікті билікке де тиімсіз. Ауылға бөлінетін қаржы кілт үзіледі.
Шекарадағы ауылдың жағдайы жайында айтпаған жан жоқ шығар. Жоғары мінберлерде қызыл сөз суша сапырылғанымен атқарылған нақты іс, көзге көрінер нәтиже жоқ. Ауылдарды сақтап қалатын кез уыстан шығып барады. Қолда барға ие бола алмаған соң оны қалпына келтіру де оңай емес.
– Шекаралас елді мекендерді дамыту үшін қаржылай қолдау керек. Әсіресе аудандық, облыстық, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жай-күйі нашар. Жылдар бойы жөндеу көрмеген ауылішілік жолдардың жағдайы да сын көтермейді. Елді мекендерді дамыту мәселесін кешенді жүргізу қажет. Әр ауылдық округтік ерекшелігін, табиғатын, жерін ескеріп барып, даму жоспарын әзірлеу керек, – дейді Уәлиханов ауданының әкімі Қайрат Пішенбаев.
Сарапшылардың сан қилы есебі шекарадағы ауылдарды дамыту экономикаға салмақ түсіретінін айтқанымен, жердің тұтастығы бәрінен маңызды екенін ұмытпайық. “Бос жатқан жер жау шақыратынын” ата-бабаларымыз бекер айтпағаны анық. Шекарадағы ауылдарды сақтап қалмай, шебіміз мықты болмайтынын түсінетін уақыт жеткен сыңайлы.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.