«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЗАМАТ АСҚАН АСУЛАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінде “Мәмбетов және К” командиттік серіктестігі жайлы республика жұртшылығы жақсы біледі. Оның негізін қалаушы – тәжірибелі диқан, іскер басшы Еркебұлан Мәмбетов десек, сол бір қиын жылдарда оның жанынан табылып, шаруашылықтың құрылуына, өркен жаюына өз үлестерін қоса білген әріптестері бірінші кезекте ойға оралады. Халқымызда “Өткеніңді білмесең – болашағыңды болжай алмайсың” – деген даналық сөз бар. Еркебұлан Нұрмағанбетұлы жомарт жердің қадір-қасиетін өскелең ұрпаққа қалай ұғындыра білсе, осынау эстафетаны Арыстан Жүнісов те талапқа сай жалғастырып келеді.

Өткеніміз жайлы ой сабақталса, ұлттық құндылықтарымыздың ал­тын арқауы іспеттес Бексейіт ауы­лында туып-өскен Арыстанның кеудесін мақтаныш сезімі кернеп, ерекше толғанысқа түсетіні бар. “Бір әңгіме қозғашы ауыл жайлы, Одан артық әңгіме қозғалмайды”, – деп ақындар жырлағандай, туған өлкеде кіндік қаны тамып, шаңына көміліп ержеткен қаршадай бала құйма құлақ қариялардың аңызға бергісіз әңгімелерін ұйып тыңдады. Содан бері Бексейіт деген бабасының ержүрек қолбасшы бол­ғанын, кейін Құрақ көлдің жағасын­дағы елді мекенге батырдың аты берілгенін жадына мықтап түйіп, ерекше әсер­ге берілетін. Ұжымшар­дың алғашқы ұйымдастырушылары өзінің атала­ры екенін мақтан тұ­татын, соларға қа­рап үлгі алуды мақсат ететін. 1927-1928 жылдары ұжымдастыру науқаны басталғанда Шуылдақты мекен еткен отбасылар қазіргі Бексейіт жеріне қоныс ауда­рып, “Азат” ұжымшарын құрғанын, ал­ғашқы басқарушысы Баянбаев де­ген азамат болғанын, кейін Жә­кулә Оралдин, Қаби Шорин жетек­шілік еткенін, соғыс басталғанда тепсе темір үзетін жігіттер майданға атта­нып, 39 боздақтың қанды қа­саптан оралмағанын естігенде кө­зіне ерік­сіз жас үйірілетін. Мектеп бітірген жас мамандық алу жөнінде көп ойланып-толғанған жоқ. Есіл-дерті Отан алдындағы борышын өтеу еді. Оған дейін шаруашылық жұмыс­тарына белсене араласты. 1981 жылы әскери-теңіз флотында аза­маттық міндетін атқарып келген­нен кейін еңбек жолын жүргізуші болып жалғастырды. Петропавл индус­триалды-педагогикалық тех­ни­ку­мында оқып, “техник-механик” ма­мандығын алып шықты. Практи­ка­лық тәжірибесі жеткілікті, арнайы орта білімі бар, ұйымдастырушы­лық қарым-қабілетін таныта білген ма­манға үлкен сенім артылып, трактор егіс бригадасына жоғары­ла­тылды. Осы кезден бастап оның қиындыққа, қым-қуыт тірлікке толы өмір жолы басталды. Ұжым үшін жауапкер­шіліктің ерекшелігін се­зінді. Бітік астық өсіру, бригада мүшелеріне қалыпты әлеуметтік жағдай жасау, техникаларды жа­ңарту, озық техно­логияларды пай­да­ланудың арқасын­да гектар бере­келігі 30 центнер­ге дейін жетіп, бі­лікті басшы ретінде танылды.

“Ұлттың ұйытқысы да, берекесі де – ауыл. Ауылды көтермейінше еш реформаның алға жылжымайты­ны анық. Ауылдықтардың өмір тұрмысы жақсы болса, ел дәулеті еселене түседі. Бұл жағынан алған­да, командиттік серіктестікке ешкім ешқандай кінә қоя алмайды”, – дей­ді “Мәмбетов және К” командиттік серіктестігінің атқарушы директоры Арыстан Ноғайұлы.

Басқалармен салыстырғанда, серіктестікке қарасты Меңгесер, Бексейіт елді мекендерінің тұрмыс-тіршілігі де, әлеуметтік-экономикалық ахуалы да көш ілгері. Қазақы­лық қаймағы, ұлттық тәлім-тәрбиесі заманауи талаптармен үйлесе түс­кен. Тәуелсіздіктің таңы атып, еліміз егеміндік алған соң өз алдына ірге көтеріп, толайым табыстарға жетіп келе жатқан шаруашылықтың жетіс­тіктерін санамалап шығу мүмкін емес. Дағдарыс жылдарының өзін­де көшбасшылық орнын жоғалтпа­ды. Қазір мұнда жалпы егістік көлемі 30 мың гектарға жуық. Бидай-арпамен қоса нарық сұранысына орай майлы дақылдар да өсіріледі. 20 млн. теңгеге машина-трактор пар­кі жаңа­ланды. Шетелден әкелінген зама­науи техникалар егіс алқапта­рында желдей жүйткиді. Соңғы бес жылда өнімділік бес есеге артқан. 2000 жылы серіктестік “тұқым өнді­ретін шаруашылық” мәртебесін ие­лен­ді. Ірі қара малының екі түрі бағылады. Бірі – етті симменталь, екіншісі – сүтті ангус тұқымы. Осында 2013 жылы облыс бойынша тұңғыш аукцион өткізіліп, содан бері асыл тұқымды малға деген сұраныс бір то­ластаған емес. Арыстан сауданың жалпы сомасы 11 млн. теңгені құра­ғанын, “Гарик” деген бір жасар бұқа­ның 475 келі тартып, 1,2 млн. теңге­ге сатылғанын ерекше жылылықпен еске алады. Қазір серіктестестікте үш жүзден астам адам еңбек етеді. Ұжым қатары жастармен үнемі то­лығып отырады. Тіпті облыс, аудан орталығынан келіп жұмыс істейтін­дер баршылық. Өйткені баспана алудың түрлі жеңіл­діктері қарасты­рылған. Әр үйге орталықтандырыл­ған су тартылған. Екі бала­бақша тұрғызылған. Әлеу­меттік серіктестік аясында мектептің ма­териалдық-техникалық базасы 4 млн. теңгеге жаңаланған. Жобалық құны 2,3 млрд. теңге болатын та­уарлы-сүт ке­шенінде германиялық құ­рал-жабдықтар орнатылған. Са­па­лы өнім жоғары сұранысқа ие.

Арыстан Ноғайұлының айтуын­ша, шаруашылық төрт танапты ауыс­палы егіс жүйесіне көшкен. Жер өңдеудің, тыңайтқыш сіңірудің жаңа технологиясы ұтымды қолда­ны­лады. Өсімдік, жиһаз, сүт өң­дей­тін цехтар, наубайхана, спорт кеше­ні жұмыс істейді. Қарттарға, тұр­мысы төмен отбасыларға көмек жүйелі түрде көрсетіледі. Отын, мал азығы жеткізіліп беріледі. Осынау ұланғайыр істерге елжанды азамат­тың қосқан үлесі мол.

Арыстан Жүнісовтің елге сіңір­ген еселі де қажырлы еңбегі орынды бағаланып, “Отан” орденімен, басқа да мемлекеттік наградалармен ма­рапатталған. Зайыбы Айман екеуі төрт баласын құтты орындарына қондырған.

2014 жылдан осы кезге дейін атқарушы директор қызметін мінсіз атқарып, зейнет жасына жетіп отырса да, өзін әлі де тепсе темір үзетін жігіттей сезінеді. Парламент Мәжілісіне депутат болып сайлан­ған Еркебұлан Нұрмағанбетұлының орнын басқан ұлы, болашағынан мол үміт күттіретін Ойрат Мәмбе­тов­пен тізе қоса отырып, алар асу­лары алда деген сенімдеміз.

Өмір ЕСҚАЛИ,

 “Soltustik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp