Бүгінде “Мәмбетов және К” командиттік серіктестігі жайлы республика жұртшылығы жақсы біледі. Оның негізін қалаушы – тәжірибелі диқан, іскер басшы Еркебұлан Мәмбетов десек, сол бір қиын жылдарда оның жанынан табылып, шаруашылықтың құрылуына, өркен жаюына өз үлестерін қоса білген әріптестері бірінші кезекте ойға оралады. Халқымызда “Өткеніңді білмесең – болашағыңды болжай алмайсың” – деген даналық сөз бар. Еркебұлан Нұрмағанбетұлы жомарт жердің қадір-қасиетін өскелең ұрпаққа қалай ұғындыра білсе, осынау эстафетаны Арыстан Жүнісов те талапқа сай жалғастырып келеді.
Өткеніміз жайлы ой сабақталса, ұлттық құндылықтарымыздың алтын арқауы іспеттес Бексейіт ауылында туып-өскен Арыстанның кеудесін мақтаныш сезімі кернеп, ерекше толғанысқа түсетіні бар. “Бір әңгіме қозғашы ауыл жайлы, Одан артық әңгіме қозғалмайды”, – деп ақындар жырлағандай, туған өлкеде кіндік қаны тамып, шаңына көміліп ержеткен қаршадай бала құйма құлақ қариялардың аңызға бергісіз әңгімелерін ұйып тыңдады. Содан бері Бексейіт деген бабасының ержүрек қолбасшы болғанын, кейін Құрақ көлдің жағасындағы елді мекенге батырдың аты берілгенін жадына мықтап түйіп, ерекше әсерге берілетін. Ұжымшардың алғашқы ұйымдастырушылары өзінің аталары екенін мақтан тұтатын, соларға қарап үлгі алуды мақсат ететін. 1927-1928 жылдары ұжымдастыру науқаны басталғанда Шуылдақты мекен еткен отбасылар қазіргі Бексейіт жеріне қоныс аударып, “Азат” ұжымшарын құрғанын, алғашқы басқарушысы Баянбаев деген азамат болғанын, кейін Жәкулә Оралдин, Қаби Шорин жетекшілік еткенін, соғыс басталғанда тепсе темір үзетін жігіттер майданға аттанып, 39 боздақтың қанды қасаптан оралмағанын естігенде көзіне еріксіз жас үйірілетін. Мектеп бітірген жас мамандық алу жөнінде көп ойланып-толғанған жоқ. Есіл-дерті Отан алдындағы борышын өтеу еді. Оған дейін шаруашылық жұмыстарына белсене араласты. 1981 жылы әскери-теңіз флотында азаматтық міндетін атқарып келгеннен кейін еңбек жолын жүргізуші болып жалғастырды. Петропавл индустриалды-педагогикалық техникумында оқып, “техник-механик” мамандығын алып шықты. Практикалық тәжірибесі жеткілікті, арнайы орта білімі бар, ұйымдастырушылық қарым-қабілетін таныта білген маманға үлкен сенім артылып, трактор егіс бригадасына жоғарылатылды. Осы кезден бастап оның қиындыққа, қым-қуыт тірлікке толы өмір жолы басталды. Ұжым үшін жауапкершіліктің ерекшелігін сезінді. Бітік астық өсіру, бригада мүшелеріне қалыпты әлеуметтік жағдай жасау, техникаларды жаңарту, озық технологияларды пайдаланудың арқасында гектар берекелігі 30 центнерге дейін жетіп, білікті басшы ретінде танылды.
“Ұлттың ұйытқысы да, берекесі де – ауыл. Ауылды көтермейінше еш реформаның алға жылжымайтыны анық. Ауылдықтардың өмір тұрмысы жақсы болса, ел дәулеті еселене түседі. Бұл жағынан алғанда, командиттік серіктестікке ешкім ешқандай кінә қоя алмайды”, – дейді “Мәмбетов және К” командиттік серіктестігінің атқарушы директоры Арыстан Ноғайұлы.
Басқалармен салыстырғанда, серіктестікке қарасты Меңгесер, Бексейіт елді мекендерінің тұрмыс-тіршілігі де, әлеуметтік-экономикалық ахуалы да көш ілгері. Қазақылық қаймағы, ұлттық тәлім-тәрбиесі заманауи талаптармен үйлесе түскен. Тәуелсіздіктің таңы атып, еліміз егеміндік алған соң өз алдына ірге көтеріп, толайым табыстарға жетіп келе жатқан шаруашылықтың жетістіктерін санамалап шығу мүмкін емес. Дағдарыс жылдарының өзінде көшбасшылық орнын жоғалтпады. Қазір мұнда жалпы егістік көлемі 30 мың гектарға жуық. Бидай-арпамен қоса нарық сұранысына орай майлы дақылдар да өсіріледі. 20 млн. теңгеге машина-трактор паркі жаңаланды. Шетелден әкелінген заманауи техникалар егіс алқаптарында желдей жүйткиді. Соңғы бес жылда өнімділік бес есеге артқан. 2000 жылы серіктестік “тұқым өндіретін шаруашылық” мәртебесін иеленді. Ірі қара малының екі түрі бағылады. Бірі – етті симменталь, екіншісі – сүтті ангус тұқымы. Осында 2013 жылы облыс бойынша тұңғыш аукцион өткізіліп, содан бері асыл тұқымды малға деген сұраныс бір толастаған емес. Арыстан сауданың жалпы сомасы 11 млн. теңгені құрағанын, “Гарик” деген бір жасар бұқаның 475 келі тартып, 1,2 млн. теңгеге сатылғанын ерекше жылылықпен еске алады. Қазір серіктестестікте үш жүзден астам адам еңбек етеді. Ұжым қатары жастармен үнемі толығып отырады. Тіпті облыс, аудан орталығынан келіп жұмыс істейтіндер баршылық. Өйткені баспана алудың түрлі жеңілдіктері қарастырылған. Әр үйге орталықтандырылған су тартылған. Екі балабақша тұрғызылған. Әлеуметтік серіктестік аясында мектептің материалдық-техникалық базасы 4 млн. теңгеге жаңаланған. Жобалық құны 2,3 млрд. теңге болатын тауарлы-сүт кешенінде германиялық құрал-жабдықтар орнатылған. Сапалы өнім жоғары сұранысқа ие.
Арыстан Ноғайұлының айтуынша, шаруашылық төрт танапты ауыспалы егіс жүйесіне көшкен. Жер өңдеудің, тыңайтқыш сіңірудің жаңа технологиясы ұтымды қолданылады. Өсімдік, жиһаз, сүт өңдейтін цехтар, наубайхана, спорт кешені жұмыс істейді. Қарттарға, тұрмысы төмен отбасыларға көмек жүйелі түрде көрсетіледі. Отын, мал азығы жеткізіліп беріледі. Осынау ұланғайыр істерге елжанды азаматтың қосқан үлесі мол.
Арыстан Жүнісовтің елге сіңірген еселі де қажырлы еңбегі орынды бағаланып, “Отан” орденімен, басқа да мемлекеттік наградалармен марапатталған. Зайыбы Айман екеуі төрт баласын құтты орындарына қондырған.
2014 жылдан осы кезге дейін атқарушы директор қызметін мінсіз атқарып, зейнет жасына жетіп отырса да, өзін әлі де тепсе темір үзетін жігіттей сезінеді. Парламент Мәжілісіне депутат болып сайланған Еркебұлан Нұрмағанбетұлының орнын басқан ұлы, болашағынан мол үміт күттіретін Ойрат Мәмбетовпен тізе қоса отырып, алар асулары алда деген сенімдеміз.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltustik Qazaqstan”.