Қазанның соңғы жексенбісі – Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні. Қашан да халықпен етене жұмыс істеп, қоғам игілігі үшін еңбек ететін ізгі жандарға арналған кәсіби мерекеге орай қалалық Мәдениет үйінде салтанатты шара өтті. Сала өкілдерін төл мейрамдарымен облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев құттықтады.
– Бұл сала күш-жігерді, психологиялық шыдамдылықты, жоғары кәсіби білікті талап етеді. Қоғам өмірінде халықты әлеуметтік қорғаудың рөлі жыл сайын артып келеді. Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің еңбегі ерекше атап өтуге лайық. Себебі олар ең маңызды әрі қиын саланы таңдап, жұмыс істеп жатыр. Бүгінде өңірде 2,5 мыңнан астам маман бар. Олардың күнделікті жұмысы мұқтаж жандарға көмектесуге бағытталған, – деген Қанат Дүзелбаев аталған салада орын алып жатқан оң өзгерістерге де тоқталып өтті.
Елімізде жаңа Әлеуметтік кодекс қабылданып, соның негізінде әр отбасының цифрлық картасы әзірленді. Нәтижесінде өңірдің 3 мыңнан астам тұрғынына әлеуметтік көмек тағайындалды. Жалпы өңірде 25 мыңнан астам ерекше қажеттілігі бар адам тұрады. Оларды оңалту үшін биыл бюджеттен 2 млрд. теңге қаражат бөлінген.
Ресми бөлім салтанатты сәтпен ұласып, көп жылын аталған салаға арнап, елдің алғысына бөленіп жүрген мамандарға марапаттар табысталды. Еңбегі еленіп, “Әлеуметтік-еңбек саласының үздігі” төсбелгісіне ие болғандардың бірі – Күләйым Ақпамбаева. Тимирязев аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы осы салада 30 жылға жуық еңбек етіп жүр.
– Менің жұмысым – қиын жағдайдағы және аз қамтылған жандарға жәрдемақы тағайындау. Бұған дейін бухгалтер болдым. Осы 30 жылға жуық уақыттың ішінде талай жанның тағдырымен таныстым. Бұл салада жұмыс істеу үшін қайсар әрі адал болуың керек. Халықтың әл-ауқатын арттыру жолындағы еңбегіміздің бағаланып жатқаны қуантады, – дейді Күләйім Ақпамбаева.
Ақжүніс МҰҚАТАЙ.