Президент “Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары” Жолдауында нағыз дамыған ел боламыз десек, саяси реформалармен шектеліп қалмауымызды, осы жұмысты түбегейлі және жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформаға ұштастыру қажеттігін атап көрсетті. Осы ретте алдымызға аса ауқымды міндет қойды. Cоның бірі – агроөнеркәсіп кешеніне нақты серпіліс жасау. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті зор болғанымен, қолда бар мүмкіндіктердің әлі де толық пайдаланылмай отырғанын ашық айтты. Қазақстанның таяу арадағы стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталық десек, оған қол жеткізудің басты жолы – өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшу. Облыста ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеуге және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамытуға батыл бетбұрыс жасалып отыр. Бұл орайда, жүзден астам ірі тауарлы-сүт фермасы салынып жатқан өңір жетістіктерінің көпке үлгі етілуі шаруашылықтарды байыпты қолдау шаралары нақты нәтиже беріп отырғанын айғақтайды. Бүгінде ауыл-аймақтарда орналасқан кәсіпорындар мен фермерлерге жеңілдікті несие беруде, оны рәсімдеудің заңды құқықтарын түсіндіруде ең бірінші кезекте ауыл шаруашылығы тауар өндірушілердің мүддесін ескеру аса маңызды. Егін шаруашылығындағы маңызды реформалар, атап айтсақ, егіс түрлерін көбейту, пайда әкелетін дақылдар өсіру, өнімділігі жоғары жергілікті тұқыммен қамтамасыз ету, жаңа сұрыптарды шығарып, аудандастыру мәселелері мемлекет тарапынан көрсетілетін жеңілдікті бағдарламалар арқылы жүзеге асырылатыны сөзсіз. Бұл орайда кредиттік серіктестіктерге (КС) жүктелер жұмыс өте ауқымды дер едік.
Кредиттік серіктестіктер туралы заң кредиттік серіктестіктердің құқықтық жағдайын, қайта ұйымдастырылу және таратылу тәртібін, сондай-ақ қызметінің реттелуін айқындайды. Елімізде 2001 жылдан бастап ауыл шаруашылығы құрылымдары, оның ішінде орта және шағын бизнесті қолдау аясында мемлекеттік бюджеттен қолжетімді пайызбен жеңілдетілген несиелермен қамтамасыз ету мақсатында кредиттік серіктестіктер құрыла бастады. Олар жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер нысанында құрылтай шарты негізінде және өз жарғысына сәйкес әрекет етеді. Бір ерекшелігі, оның атауында “кредиттік серіктестік” деген сөз болуы тиіс, онсыз бірде-бір заңды тұлғаның оның қызметін атқаруға еш құқығы жоқ. Яғни осы әдіс арқылы қатысушылардың кредиттерге және басқа қаржылық, оның ішінде банктік қызмет көрсетуге деген қажеттерін олардың ақшаларын жинақтау жолымен және Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған басқа да көздер есебінен қанағаттандыруға басым бағыт беріледі. Кредиттік серіктестіктер заңды және жеке тұлға ретінде тіркелген ауыл шаруашылығы құрылымдарының жарғылық капиталға ақша түрінде жарна енгізген құрылтайшыларынан құралады. “Есіл” кредиттік серіктестігі 2001 жылғы 10 қыркүйектен бастап жұмыс істеп келеді. Өз қызметін “Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы”, “Кредиттік серіктестіктер туралы”, “Азаматтық кодекс”, “Микроқаржылық қызмет туралы”, “Ұлттық банк туралы”, “Банктар мен банктік қызмет туралы” Заңдары және кредиттік серіктестіктің жарғысы шеңберінде жүзеге асырады. Негізгі мақсаты – серіктестік қатысушыларының қаржыға сұраныстарын неғұрлым толық қанағаттандыру, серіктестікті аудан орталықтарында дербес қаржы институты ретінде дамыту және нығайту. Бүгінгі күні кредиттік серіктестіктер жүйесі ауылдағы шағын және орта бизнесті несиелеудің неғұрлым қолжетімді, ыңғайлы моделі саналады. Ең бастысы, КС қатысушыларының саны үштен кем болмау керек деген талап сақталуы тиіс. Бұдан бөлек, егер КС-тің құрылтай құжаттарында өзгешелік көзделмесе, КС-тің қатысушылары оның міндеттемелері бойынша жауап бермейді және өздері енгізген міндетті салымдар мен қосымша жарналардың құны шегіндегі кредиттік серіктестіктің қызметіне байланысты шығындар тәуекелін өз мойнына алады. Міндеттемелер аясында өзіне тиесілі барлық мүлікпен жауап береді және өз қатысушыларының міндеттемелері бойынша жауапты болмайды. КС микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын коммерциялық ұйым болып табылады. Екінші деңгейлі банктерден айырмашылығы, несиенің төмен пайызы, шаруа кепілге банктер алмайтын қолында бар техникасын, өндіріс, мал ұстайтын қораларын, астық сақтайтын қоймаларын, мал басын, жер учаскесін қоя алады. Несие рәсімдеу үшін облыс орталығына барудың қажеті жоқ, ауданда серіктестік қызметкерлерінің көмегімен қысқа мерзімде рәсімдеуге болады. КС қатысушылары кредиттік серіктестік көрсететін қызметтерді пайдалануға, оның істерін басқаруға қатысуға, органдарын сайлауға және сайлануға, кіріс алуға, қатысуды тоқтатуға, бухгалтерлік, өзге де құжаттармен танысуға құқылы. Құрылтай шартында кредиттік серіктестікке кіру кезінде төленуге тиісті міндетті салымның ең төменгі мөлшері, салымды салу тәртібі, таза кірісін, қатысушылар салған міндетті салымдар мен қосымша жарналарды ескере отырып, бөлу тәртібі, жарғылық капиталының мөлшері туралы мәліметтер, қосымша жарнаны салуы мен алып қоюының шарттары қарастырылған. Осылайша қатысушылардың құқықтары мен міндеттері жете ескерілген. Мұның өзі заң талаптары шеңберінде жұмыс істеуді міндеттеп, ашықтықты, қолжетімділікті қамтамасыз етері сөзсіз.
Несиелік қаражатты “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ арқылы алып, қажетті мөлшерде шаруаларға береміз. Кредиттік серіктестікке кіру үшін қатысушы міндетті салымның ең аз мөлшерін салады. Ұлттық валюта ақшасымен құралатын және төленетін КС-тің бастапқы жарғылық капиталы қатысушылардың міндетті салымдарының сомасына тең. Әрбір қатысушының міндетті салымының кредиттік серіктестіктің жарғылық капиталындағы жалпы сомаға қатынасы қатысушының жарғылық капиталындағы үлесі болып табылады. Жарнаның ең төменгі мөлшері – 300 мың теңге, ал несие жарнадан 25 есе көп беріледі. Бұл үрдіс, әсіресе, көктемгі егіс және күзгі егін жинау науқандарында тиімділігін көрсетіп отыр. Мемлекеттік “Кең дала” бағдарламасына қатысу арқылы қаражатқа тұқым, жанар-жағармай, минералды тыңайтқыштар, техникаға қажетті құрал-жабдықтар алуға болады. Несиенің жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 3 пайыз. Қаражаттың мақсатты жұмсалуы, игерілуі қадағаланып отырады. Ауыл шаруашылығы техникасын (комбайн, трактор, жүк көлігі және т.б.), мал алуға (жылқы, ірі қара, қой ) және айналым қаражатын толтыруға “Агробизнес” бағдарламасы аясында жылдық сыйақысы 19 пайыздық мөлшерде несие беріледі. Мұны мемлекеттік қолдаудың тәжірибеде қалыптасқан нақты үлгісі деуге болады. Өйткені оның 6 пайызын ғана шаруа өтейді, қалған 13 пайыз субсидиялау есебінен жабылады.
“Іскер” мемлекеттік бағдарламасы арқылы жас кәсіпкерге ауыл шаруашылығы бағытында өз кәсібін, жаңа жұмыс орнын ашуға жылдық 3,5 пайыздық мөлшерлемемен несие беріледі. Айналым құралдарын толықтыру мерзімі – 12 ай, негізгі құралдар сатып алу уақыты – 120 ай.
“Есіл” кредиттік серіктестігі құрылған кезде 14 шаруашылық қатысуға ниет білдірсе, қазір құрамымызда 6 ауданнан қаржылық жағынан тұрақты 79 құрылтайшы бар. Кредиттік серіктестік құрылғаннан бергі кезең аралығында жарғылық және жеке капитал 130 есеге, яғни, 4,6 млн. теңгеден 602,1 млн. теңгеге дейін артып, “Аграрлық кредиттік корпорация” АҚ-ның рейтинг жүйесінде алдыңғы орындамыз. Тұрақты қаржылық жағдай мен даму динамикасы, берешектің жоқтығы, құрылтайшылар мен қызметкерлеріміздің жоғары кәсібилігінің арқасында стандартты кредиттік портфель әлдеқайда молайды. Олардың қатарында “Зенченко және К”, “Петерфельд-Агро”, “Қызылжар сүт”, “Асхат-Агро”, “Кулик Н.П.”, “Орловкий және К”, “Брушкевич” сияқты серіктестіктер бар. Бұлар “Кең дала”, “Сыбаға”, “Іскер”, “Агробизнес” бағдарламаларына да белсенділікпен ат салысады. Барлығына 28,4 млрд. теңгенің кредиттік ресурстары бөлінді. Өсімдік, мал, құс, көкөніс шаруашылықтарын дамыту үшін 1340 жоба қаржыландырылды. “Кең дала” жобасына 6,2 млрд. теңгенің 21 өтінімі түсіп, үштен бірі қанағаттандырылды.
“Есіл” КС құрылтайшыларына 280 мың гектар ауыл шаруашылығы алқабы тиесілі. Оның ішінде егістік – 177 мың, жайылым – 92 мың, шабындық – 11 мың гектар. Мал басына келсек, ірі қара – 20 мың, жылқы – 2,8 мың, қой – 1,2 мың, құс – 200 мың бас. Қазіргі таңда өсімдік, мал, құс, көкөніс шаруашылықтарын қамтитын 1500 жобаға 32 млрд теңге қарастырылса, биыл бөлінгені – 5,6 млрд тенге. КС құрылтайшылары мал басын айтарлықтай көбейтіп, машина-трактор паркін жаңарта алды. Жаңа өндіріс орындары, тауарлы-сүт фермалары құрылды. Сондай-ақ фермерлерге инвестициялық салымдарды инвестициялау және қарыздар бойынша сыйақы мөлшерлемелері түрінде мемлекеттік қолдау көрсетіледі.
Құрылтайшылардың бастамасы бойынша КС “Агроөнеркәсіптік кешен” кредиттік серіктестер одағына кіре отырып, жүйені дамыту және нығайту, заңнамалық, өзге де нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеуге қатысу, ұйымдастырушылық, ақпараттық-талдамалық, әдістемелік, құқықтық көмектер беру, тәжірибе алмасу, уәкілетті, атқарушы билік органдары арқылы мемлекеттік реттеуді қамтамасыз ету, елдің аграрлық қаржы секторының алдына қойылған міндеттерді бірлесіп шешу мәселелері аясында іс-шараларды күшейту талабын қойып отырмыз.
Жолдауда атап өтілгендей, еліміздің болашағы баянды болсын десек, стратегиялық міндеттер сөзсіз орындалуы тиіс.
Шынар БІЛӘЛОВА,
“Есіл” кредиттік несие серіктестігінің басқарма төрайымы, облыстық мәслихаттың депутаты.