«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАУАПСЫЗДЫҚТЫҢ ЗАРДАБЫ АУЫР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қарағанды облысы Костенко шахтасындағы апаттан 46 кенші көз жұмды. Кен орны алпауыт “АрселорМиттал Теміртау” АҚ иелігінде. Бұл ел тари­хындағы өндірісте болған ең ірі апат ре­тінде аталып отыр. Қазанның 29-ы күні елімізде жалпы­ұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

Костенко шахтасындағы жа­ры­лыс тол­қы­ны 2 шақырымға дейін жеткен. Апат кезінде жер астында 252 кенші бо­лып, 206 адам жер бетіне шығары­лып, 46 шахтер қалып қойған. Әлі де құтқару жұмыстары күшейтілген режімде жүріп жатыр.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мұрат Қат­панов құтқару жұмыстарына электр қуатының зақымдануы мен тау-кен учаскелерінің өте ұзындығы, көпте­ген механизм мен құралдың қирауы, кейбір учаскелерді су басқандығы ке­дергі келтіріп жатқанын айтады. Із­дестіру-құтқару жұмыс­та­рына бар­лы­ғы “Кәсіби әс­кери­лендірілген ава­риялық-құт­қ­ару қызметтерінің рес­пуб­ли­калық орталық штабы” ЖШС Қарағанды филиалының 55 тау-кен құт­қару­шысы және 15 техникасы жұ­мылдырылды.

Соңғы 20 жылда жұмысшылар­дың қа­засы бойынша Қарағанды көш басында тұр. 2000-2012 жылда­ры өңір­де жыл са­йы­н ондаған адам жұ­мыс орнында қаза болған. Ал был­тыр өндіріс ор­нын­да зардап шеккен­дер саны 460-қа жеткен. Мұның ішін­де ең ірі апаттар “Арселорға” қа­рас­ты шахталарда орын алған. Мәсе­лен, 1995 жылдың қараша айында Ле­нин атындағы кеніш­те метан жа­рылып, 13 кенші жан тапсырды. Ал 2004 жылы “Шахтинскіде” 23 жұмыс­шы опат болса, 2006 жылы Ле­нин атын­дағы кеніште ең үлкен апат тір­келіп, салдарынан 43 адам көз жұмды.

Естеріңізде болса, тамыз айын­да ғана “Қазақстан” шах­тасындағы өрттен бес кенші қа­за болған еді. Сол кезде жедел құрылған үкіметтік ко­миссия тобының тергеп-тексеру қорытындысы бойынша “Арсе­лорМиттал Теміртау” кінәлі деп таныл­ған. Өрттің бас­ты себептерінің бірі – кон­вейер таспасының тұтануы. Көмір конвейерінің шығыршығы де­фор­ма­цияға байланысты қа­рысып қалған­дықтан, таспа үйкеліп, көмір тұта­нып, өрт шыққан. Бұл таспаны мем­ле­кеттік стандарт бойынша елі­мізде қолдануға болмайтын көріне­ді. Әлгі таспа Үн­дістанның бір зауытында жа­салған, сертификаты жоқ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болған кенші­лердің жақындарымен жүз­десіп: “Мен Мем­лекет басшысы ретінде барша­ңызға көңіл айтамын. Бұл – қасірет. Бәрін тү­­сінемін. Апат болды. Апат­тың ке­сірінен көптеген адам қаза тапты. Сондықтан бұл жерге арнайы кел­дім. Тиісті шаралар қабылдаймыз, со­ның ішінде зардап шеккен­дердің от­басыларына көмек көрсетеміз. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасылары еш­қан­дай мұқтаждық көр­меуі үшін Үкімет, әкімдік және қайырымдылық ұйым­дарының ал­дында жан-жақты көмек көр­сету міндеті тұр”, – деді.

Қазіргі уақытта Қарағанды облысы­ның әкімдігі уәкілетті мемлекеттік органдармен бір­лесіп, Костенко атындағы шах­тада болған өрт сал­дарынан қаза тапқан “Арселор­Мит­тал Теміртау” АҚ жұ­мыс­шы­ларының отбасы мүше­лерінің тізімін жасауда. Ком­пания қаражаты есебінен отба­сыларға баспана беріледі, моральдық зиян үшін 10 жылдық жалақы мөлше­рінде біржолғы төлем аударылады. Балаларының жоғары оқу орнын­да­ғы ақысы төленеді. Сонымен қатар балалары мен жұбайла­рын жұмысқа орналастырады. Несиелерін өтеп бе­реді. Отбасына ку­рортқа жолдама беріледі. Жыл сайын көмір үлестіріледі. Мемлекет басшы­сы барлық қажетті көмек көр­сету мәсе­лелерін Үкіметтің ерекше назарында ұстауды тап­сырды. Де­генмен 46 отбасы асы­раушысынан айырылды. Көр­сетіле­тін көмек әкенің, бала­ның орнын толтыра ал­майды.

Шұғыл медициналық кө­мекті қам­тама­сыз ету үшін 21 адам және 7 же­дел медициналық жәрдем тех­ни­ка­сы жұмылдырылды. Кейінгі мәлімет­ке сүйен­сек, Қара­ғанды, Абай және Шах­тинск қалалары стацио­нарла­рының қабылдау-диагнос­тикалық бө­­лім­шелеріне бар­лығы 28 адам жеткізілді. Кеншілер Х.Мақажанов атын­дағы көп­бейінді аурухананың токси­кология бөлімшесінде ем алып жа­тыр. Бір пациент дене жарақаты­мен Х.Мақажанов атындағы көп­бейінді ауруха­наның жансақтау және қар­қынды терапия бөлімше­сінде емделіп жатыр, жағдайы тұ­­­рақты.

Мемлекет басшысы: “Мен “Арсе­лорМиттал Теміртау” компа­ниясы­мен инвестициялық ынты­мақ­тас­тық­­ты тоқтату жөнінде тап­сыр­ма бер­дім. Бұл мекеме Үкі­метпен және кәсіп­орынмен ынтымақтастық тұр­ғы­сы­­нан біздің тарихымыздағы ең нашар компания болды. Енді кәсіп­орынның өзіне қатысты шаралар қа­былдау ту­ралы ойлануымыз керек. Вадим Бо­рисович Басин деген аза­мат бар. Ол бір кездері “Арсе­лорМитталда” жұ­мыс істеген. Облыс әкімінің орынба­сары болды”, – деп, Вадим Басинге кәсіпорынды басқа­руды тапсырды.

“Жұмыс шарт­тарында, төлем­дерде, әлеу­меттік кепілдіктерде еш­қандай өзгерістер болмайды. Оларды жақсарту тұрғысынан ғана қайта қаралатын жағдайлар қала­ды. Бұл – компанияның әрі қарай жұмыс істеуі және әлеуметтік жауапты болуы үшін қажетті шарт. Ұжымның бірде-бір мүшесі жұмыстан шыға­рылмай­ды, ұжымның бір­де-бір мүшесінің құқығы тө­мен­детілмейді”, – деді өз кезегінде В.Басин.

Меруерт КЕҢЕСБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp