Ресей Федерациясы тарапынан енгізілген жаңа шарттарға байланысты отандық кәсіпкерлер шығынға ұшырап жатыр. Бұл туралы “Атамекен” кәсіпкерлер палатасының Петропавлда өткен алқалы жиынында айтылды.
Петропавлдан Омбы қаласына бірнеше сағатта жетуге болады. Алайда қазір көрші елге өту үшін кемінде екі тәулік уақыт қажет. Себебі Ресей тарапы шекара бекеттерінде электронды өткізу жүйесін енгізіпті. Осының кесірінен өңірлік кәсіпкерлер соңғы 2-3 аптада екі ел арасында тауар тасымалдау жұмысының күрт нашарлап, тіпті шығынға батқанын айтуда.
Ресей Федерациясының шекарасында жаңа электрондық өткізу жүйесінің енгізілуі салдарынан қазақстандық тауар тасымалдаушылар ұзын-сонар кезекте тәуліктеп тұруға мәжбүр. Кәсіпкерлер бұл проблеманы шешіп беруді сұрап прокурор, облыс әкімінің орынбасары және жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері мен басқа да жауапты мекеме қызметкерлерін шақырып, арнайы отырыс та өткізген болатын. Алайда еш нәтиже жоқ. “Өткен аптада ғана Петухово шекара бекетінде кезекке тұрған көліктердің ұзындығы 5 шақырымнан асты. Қазақ-орыс шекара пункті Троицкийде электронды өткізу жүйесі енгізілуіне байланысты, тауар тасымалдау көліктері Петухово бекетіне келген. Бұрын айналасы 2-3 сағатта кіріп-шығатын Ресей аумағына қазір 1-2 тәуліксіз барып-келу мүмкін болмай тұр. Негізінен бұл енгізілген электронды өткізу жүйесі тауар тасымалдау көліктерінің екі ел арасындағы кіріп-шығу жұмыстарын барынша жеңілдетеді деп күтілген. Алайда бәрі керісінше болып шықты”, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы көлік және логистика салалық кеңесінің төрағасы Омари Харбедия.
Шекара бекеттерінде су сатып алатын дүкен де, терминал да, тіпті дәретхана да жоқ. Ал шекарадан тауар тасымалдауға шыққан көлік жүргізушілері бұл бекеттерде тәуліктеп кезегін күтіп жатыр. “Бұл дегеніңіз – қаржылық шығын, уақыт тапшылығы. Алдымызда – қыс айлары. Бұл жағдайдан тасымалдаушылардың өздері ғана емес, сонымен қатар олардың қызметтерін пайдаланатын кәсіпкерлер де зардап шегеді”, – деген кәсіпкерлер Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы елдердің ортақ шарттары бойынша кез келген мәселенің екі жаққа да тиімділігі көзделуге тиіс екенін, алайда Ресей тарапынан енгізілген бұл жаңалықтың қазақстандық кәсіпкерлерді шығынға батырғанын алға тартты.
Мәселен “Барс-NORD” ЖШС-ның директоры Ольга Исакова шекарадағы жағдайға байланысты жеткізу уақыттары өзгеріп, тасымалдау құны қымбаттап, Ресейден Петропавлдың құрылыс дүкендеріне тауар тасымалдау тиімсіз болып бара жатқанын айтады.
“Барлық проблема маусым айында басталды. Ол кезде Қазақстаннан Ресейге шығатын жүздеген жүк көліктері шекарадан кіріп-шығу үшін тәуліктеп кезекте тұрды. Ол кезде бізге мұны Батыс Қазақстандағы шекара бекетінің дұрыс жұмыс істемеуімен байланысты деп түсіндірген болатын. Алайда жағдай қыркүйек айында тіпті шиеленісіп кетті. Екі тәуліктен астам уақыт бойы шекара бекетінде жүк көліктердің сарылып кезек күтуі салдарынан тауар бағасы ғана емес, жалға алған көлік бағасы да қымбаттады”, – дейді кәсіпкер Ольга Исакова.
Жиынға қатысқан кәсіпкерлер Ресейде тауар күткен немесе ол жақтан Қазақстанға келетін тауарлар барын, екі жақтың да тауар алушы-берушілері тасымалдау жұмысы үшін нақты бір уақытты белгілейтінін айтады. Ал шекара бекетіндегі электрондық жүйенің дұрыс жұмыс істемеуінен алушы да, сатушы да зиян көретіні, белгіленген уақытта жүк көлігі тиісті мекенжайда болмаса, экономикалық тұрғыдан екі елдің де шығынға бататыны сөзсіз. Сонымен қатар Ресейде бірнеше зауыт бөлімшелері бар кәсіпкерлер ол жақтан тауарларын Қазақстанға жеткізу бағасының артып, қымбатшылыққа ұрынып отырғанына қынжылады.
“Біздің Ресейде жұмыс істейтін зауыттарымыз бар. Ол жақтағылар тауарды тиеп алуымызға нақты бір уақыт береді. Егер осы уақытқа дейін жүк тиейтін көлікті қоюға уақыт болмаса, кезегіміз бірнеше күннен кейін ғана келуі мүмкін”, – деген Ольга Исакова бұл мәселе шешімін таппаса, алдағы уақытта Ресейден тауарды автокөлікпен тасу тиімсіз болатынын айтады.
Бұған дейін бір жүк көлігінің тасымалдау құны шамамен 140 мың теңге болса, кәсіпкерлер қазір 200 мың теңгеге жүк таситын көлік таба алмай отыр. Көлік жүргізушілері тәуліктеп шекара бекетінде тұрғысы келмейтінін кесіп айтады. Бүкіл кәсіпкерлерді әуре-сарсаңға салған шекара бекетіндегі электронды өткізу жүйесі Троицкийде тіпті толығымен іске де қосылмаған. Сол себепті жүк тасыған көліктер Ельцово мен Петухово бекетіне қарай ағылған. Өкінішке қарай, бұл бекеттер көп жүк көлігін қабылдауға қауқарсыз.
Облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жеңіс Қазиевтің айтуынша, қазіргі кезде шекарадан өту кезегіне тұруға 14 күн бұрын электронды тапсырыс беріледі.
“Кезекке алдын-ала тапсырыс беру әрі кетсе бірер минутта толып қалады. Осыдан келіп үлкен бір шиеленіс, түсініспеушілік басталады. Сондай-ақ Петухово мен Ельцово бекетінде өте көп жүк көліктерін қабылдауға мамандар да жетіспейді. Петухово бекетінен 12 сағатта небәрі – 50, Ельцоводан –10 жүк көлігі ғана өте алады”, – деді ол. Мұнан бөлек, бұл шекара бекеттерінде әрбір жүк көлігіне жалпылама тексеріс жасайтын сканер құрылғысы да жоқ. Сондықтан да кей жағдайда жүк көлігін тексеру үшін ішіндегі бүкіл тауарды сыртқа шығарып, тексеріп, сосын қайта артуға мәжбүр.
“Электронды өткізу, электронды кезек деген бастамалар өте тиімді және қажет-ақ. Әрине егер бұл бастама еш кедергісіз жұмыс істесе. Жемқорлықты жоюда, контрабандалық тауарлардың жолын кесуде электронды жүйемен жұмыс істеу өте дұрыс. Мәселен мен Петропавлдан Челябинскіге көлік жібергім келді дейік. Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің келісімшарттарына сәйкес мен тиісті құжаттарды көрсетуге тиіспін. Екі мемлекеттің шекара бекеті өзара құжаттар алмасып, белгіленген уақытта көлік Ресейге өтуі керек. Бұл тексерісте жүк тиеген көліктің жүргізушісінің кім екені, мемлекетке, банкке қарызы бар ма, қай елдің азаматы, қайдан келді деген бүкіл сұрақтың жауабы алынады, қағазбастылықтан құтқарады. Өкінішке қарай, тиімді жобаның дұрыс жұмыс істемеуі мәселені ушықтырып отыр. Шекара бекетінде қазір бірде салық оганының базасы, енді бірде кедендік істер базасы дұрыс жұмыс істемей, жұртты әбігерге салды”, – деген Омари Харбедия қыс маусымында ешбір инфрақұрылымы жоқ шекара бекеттерінде кезек күту қалай болар екен деген алаңдаушылық білдірді.
Меруерт КЕҢЕСБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.