Биыл өңір диқандары жазда қуаңшылықтан, егін орағы қызған шақта толассыз жауған жаңбырдан зардап шекті. Нәтижесінде көпшіліктің мол өнім аламын деген үміті ақталмады. Мұндайда алдын ала сақтандыру арқылы шығынның орнын толтыруға болады, әрі ол мемлекеттен субсидияланады. Алайда өңірде диқандар арасында сақтандыру өнімін қолданатындар саусақпен санарлық.
2020 жылдан бастап агроөнеркәсіптік кешен саласында сақтандыру бойынша өзгеріс бар. Бұрын ол міндетті болса, қазір шаруашылықтың еркі бойынша сақтандырады. Сақтандырушының компанияға төлейтін ақысының 80 пайызы мемлекеттен субсидияланады, шаруа тек қалған 20 пайызын ғана төлейді. Былтыр ол 50/50 болған. Биыл облыста мемлекеттік қолдаудың бұл түріне қатысты 20 шарт жасалды. Соның ішінде 14 фермер 59205 га егіс алқабын сақтандырды. Оның 49200 га алқапты топырақтағы ылғал тапшылығынан сақтандыру бойынша 8 шарт жасалды. Алты шарт майлы дақылдар бойынша жасалды, мұндағы сақтандыру алаңы 6 647 га құрады. Күздік бидайдың 139 га алқабы топырақтағы ылғал тапшылығы индексі бойынша сақтандырылды. Тағы бес шарт топырақтағы артық ылғал индексін сақтандыру бойынша жасалды. Онда 3219 га егіс алқабы сақтандырылды.
Топырақтағы ылғал тапшылығына қатысты сақтандыру кезеңі 15 мамырдан 15 тамызға дейінгі кезеңді қамтиды. Нәтижесінде қуаңшылықтан зардап шеккен Айыртау, Ақжар, Қызылжар, Уәлиханов аудандарының 7 кәсіпкеріне 23 483 га алқап үшін 217 869,2 мың теңге мөлшерінде сақтандыру төлемдері жасалды. Айта кетейін, фермерлердің егіс алқаптарын сақтандыру бойынша шығындары 34 222,1 мың теңгені құрады, бұл – сақтандыру сыйақысының 20 пайызы. Қалған бөлігі субсидия ретінде мемлекет есебінен төленді. Ал тоқтаусыз жауын-шашыннан зардап шеккендермен 15 қазаннан кейін есеп айырысамыз, осы уақытта топырақтағы артық ылғал индексін сақтандыру бойынша қорғау мерзімі аяқталады.
Былтыр сақтандыру сыйақыларын субсидиялау бағдарламасы аясында сақтандыруға болатын дақылдардың тізбесі ұлғайды. Енді топырақта ылғалдың тапшылығы мен артық болуынан дәнді дақылдар ішінде: бидай, арпа, сұлы, жүгері, қарақұмық, тары, дәнді құмай, жаздық тритикале, жаздық қара бидайды; бұршақ тұқымдастарының ішінде – бұршақ, жасымық, ноқатты; майлы дақылдардың ішінде – күнбағыс, рапс, зығыр, соя, мақсары, қышаны сақтандыруға болады.
Былтыр республика бойынша сақтандыру сыйақыларын субсидиялау бағдарламасы аясында барлығы 269 сақтандыру шарты жасалды, оның 117-сі бойынша сақтандыру жағдайы тіркелді. Сақтандыру төлемдерінің жалпы сомасы – 1209364,7 мың теңге. Ал фермерлердің сақтандыру сыйақыларын төлеу бойынша шығыны субсидиялауды есептемегенде барлығы 335 574,2 мың теңгені құрады.
Облыс бойынша 16 фермер қуаңшылық бойынша 70818,4 га егіс алқабын сақтандырды. Нәтижесінде өңірдің алты фермері 85 389,1 мың теңге көлемінде 30688,3 га алқап үшін сақтандыру төлемдерін алды.
Шарт жасасудан бастап төлемдерге дейінгі сақтандырудың барлық процесі Kezekte.kz платформасындағы Аgroinsurance ақпараттық сервисінде онлайн жүргізіледі. Ол үшін сақтандырушының электрондық цифрлық қолтаңбасы болуы қажет. Сақтандыру жағдайының басталуы туралы ақпарат фермердің жеке кабинетіне түседі, онда шаруаның сақтандыру төлеміне өтінім беру функционалы да қарастырылған. Сақтандыру компаниялары өтінімді алған сәттен бастап 20 жұмыс күні ішінде сақтандырушының шотына сақтандыру төлемін аударады.
Фермер кез келген сақтандыру компаниясының қызметін пайдалана алады. Ал сақтандыру сыйақыларын субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдау аясында қазіргі уақытта агроөнеркәсіптік кешен саласында 16 сақтандыру өнімі жұмыс істейді.
Гнел АРЗУМАНЯН,
“Аграрлық несие корпорациясы” облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы.