Абай Құнанбайұлы қарасөздерінің бірінде қазақ қоғамының рухани-адамгершілік өмірінде кездесетін жағымсыз қылықтарды “дала ұрлық пен арандатушылыққа толды” деп сипаттаған. Сол кезеңнің адамгершілік әдебімен еш сыйыспайтын теріс әрекеттер өткір сыналса, теріс әлеуметтік құбылысқа қарсы күрес әлі күнге дейін толастамай отыр. Әлемнің барлық дерлік елдері оны еңсерудің жолдарын талмай іздестіріп келеді. Жазушы Шыңғыс Айтматовтың “Егер сыбайлас жемқорлық құқық қорғау органдары мен қылмыс әлемі арасындағы қатынастардың негізіне айналса, онда демократия тұңғиық шетінде”, – деуі тектен тек емес.
Қызылжар ауданында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұрғындардың сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне нөлдік төзімділігін қалыптастыру бойынша нақты шараларды жүзеге асырудың жолдары мұқият ойластырылған. Мәселен, менің өкімім бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау 19 ауылдық округте және 7 жергілікті атқарушы органда жасалып, ұйымдастыру-басқару қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша 46 ұсыным әзірленді. 37 сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталып, оны тудыруға ықпал ететін себептер мен жағдайларға қатысты іс-шаралар жоспары түзілді. Талдамалық анықтамалар мемлекеттік органдардың ресми сайттарына орналастырылып, жариялылық қағидаты негізге алынды.
Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша халықты ақпараттандырудың маңызы ескеріліп, қоғамдық орындарда 160 үгіт-насихат постері, үш баннер орнатылды. Мемлекеттік қызметшілер арасында “Сыбайлас жемқорлыққа қарсымыз!” атты пікірталас ұйымдастырылып, аудандық газеттерде “Қоғамдағы сыбайлас жемқорлық”, “Сыбайлас жемқорлық – әлеуметтік зұлымдық”, “Парасат жолы” айдарлары арқылы танымдық материалдар жарияланды. Бұдан бөлек, жұртшылықты құлақтандырудың ақпараттық-тәрбиелік іс-шаралары шеңберінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы сипаттағы мәтіндік SМС-хабарлама үш мыңнан астам адамға жіберілді.
Қазақтың тұңғыш педагогі Ыбырай Алтынсарин балаға адамгершілік тәрбиені кішкентай кезінен беру керек деп есептеп, еңбекке, адалдыққа, Отанға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлген. Алдына “мен олардың адамгершілігіне әсер ету үшін, кейіннен пара алмауы үшін бар күшімді саламын” деген өмірлік мақсат қойған. Білім беру мекемелерінде “Парасатты азамат” ерікті мектеп клубтары жұмыс істейді. Ондағы мақсат – өскелең ұрпақ арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы төзбеушілік иммунитетін қалыптастыру. Өткізілген шараларға үш мыңға жуық жас қатысты. Кітапханаларда түрлі көрмелер өткізілді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдің қауіпсіздігі мен халықтың әл-ауқаты сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте жүйелі және тиімді шараларды іске асыруға байланысты екенін атап өтті. “Сыбайлас жемқорлық біздің қоғамға терең еніп, күнделікті құбылысқа айналуы мүмкін. Бұл басты мәселе“, – деген талап қойды. Оған қарсы күресте әрекетсіздік азаматтардың наразылық әрекеттері мен құқықтық нигилизмге соқтыруы мүмкін. Ауданда мемлекеттік қызмет көрсету сапасына ішкі бақылау белгіленген заң нормалары аясында жүзеге асырылады. Көрсетілетін қызметті алушылар үшін жағдайларды жақсарту және халықты электрондық қызметтерді өз бетінше алу мүмкіндігіне қолжетімділікпен қамтамасыз ету мақсатында атқарушы органдар кеңселерінде 47 өзіне-өзі қызмет көрсету секторы (ConnectionPoint), 4 “Ашық әкімдік” фронт-офисі құрылған. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру үшін халыққа ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары (тікелей эфирлер, интернет-конференциялар, брошюралар, бейнероликтер, жәрмеңкелер) өткізіледі. Мемлекеттік қызметтер көрсететін барлық мемлекеттік органдардың ресми сайттарында және аудан әкімінің сайтында “Мемлекеттік қызметтер“ бөлімі орналастырылған. Онда мемлекеттік қызметтер тізілімі және мемлекеттік қызметтер көрсету қағидалары көрсетілген. Жыл басынан бері 11499 қызмет, оның ішінде 11072-і электрондық түрде көрсетілді. Мемлекеттік қызметтерді электрондық түрде алудың нәтижесінде қызмет алушымен тікелей байланыс үдерісі оңтайлана түсіп, керісінше, қағаз нұсқасындағы баламалы қызметтердің үлесі азайғаны байқалады. “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы арқылы 427 қызмет көрсетілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия өз қызметін жандандыра түсті.
Сыбайлас жемқорлықтан тұтас адамзат айтарлықтай зардап шегіп отыр. Сондықтан қарапайым адамдар, ауыл еңбеккерлері, мұғалімдер, дәрігерлер, ғалымдар, қызмет көрсету саласы мамандары өздерін алаңсыз сезінуі үшін жемқорлықпен саналы түрде күресе отырып, озық, ақпараттық технологияларды кеңінен қолдануға тиіспіз. Сонда ғана қоғамдағы жағымсыз құбылыстар сөзсіз еңсеріледі.
Жанат СӘДУАҚАСОВ,
Қызылжар ауданының әкімі.