Қарағанды облысы Костенко шахтасындағы апаттан 46 кенші көз жұмды. Кен орны алпауыт “АрселорМиттал Теміртау” АҚ иелігінде. Бұл ел тарихындағы өндірісте болған ең ірі апат ретінде аталып отыр. Қазанның 29-ы күні елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Костенко шахтасындағы жарылыс толқыны 2 шақырымға дейін жеткен. Апат кезінде жер астында 252 кенші болып, 206 адам жер бетіне шығарылып, 46 шахтер қалып қойған. Әлі де құтқару жұмыстары күшейтілген режімде жүріп жатыр.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мұрат Қатпанов құтқару жұмыстарына электр қуатының зақымдануы мен тау-кен учаскелерінің өте ұзындығы, көптеген механизм мен құралдың қирауы, кейбір учаскелерді су басқандығы кедергі келтіріп жатқанын айтады. Іздестіру-құтқару жұмыстарына барлығы “Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы” ЖШС Қарағанды филиалының 55 тау-кен құтқарушысы және 15 техникасы жұмылдырылды.
Соңғы 20 жылда жұмысшылардың қазасы бойынша Қарағанды көш басында тұр. 2000-2012 жылдары өңірде жыл сайын ондаған адам жұмыс орнында қаза болған. Ал былтыр өндіріс орнында зардап шеккендер саны 460-қа жеткен. Мұның ішінде ең ірі апаттар “Арселорға” қарасты шахталарда орын алған. Мәселен, 1995 жылдың қараша айында Ленин атындағы кеніште метан жарылып, 13 кенші жан тапсырды. Ал 2004 жылы “Шахтинскіде” 23 жұмысшы опат болса, 2006 жылы Ленин атындағы кеніште ең үлкен апат тіркеліп, салдарынан 43 адам көз жұмды.
Естеріңізде болса, тамыз айында ғана “Қазақстан” шахтасындағы өрттен бес кенші қаза болған еді. Сол кезде жедел құрылған үкіметтік комиссия тобының тергеп-тексеру қорытындысы бойынша “АрселорМиттал Теміртау” кінәлі деп танылған. Өрттің басты себептерінің бірі – конвейер таспасының тұтануы. Көмір конвейерінің шығыршығы деформацияға байланысты қарысып қалғандықтан, таспа үйкеліп, көмір тұтанып, өрт шыққан. Бұл таспаны мемлекеттік стандарт бойынша елімізде қолдануға болмайтын көрінеді. Әлгі таспа Үндістанның бір зауытында жасалған, сертификаты жоқ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болған кеншілердің жақындарымен жүздесіп: “Мен Мемлекет басшысы ретінде баршаңызға көңіл айтамын. Бұл – қасірет. Бәрін түсінемін. Апат болды. Апаттың кесірінен көптеген адам қаза тапты. Сондықтан бұл жерге арнайы келдім. Тиісті шаралар қабылдаймыз, соның ішінде зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсетеміз. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасылары ешқандай мұқтаждық көрмеуі үшін Үкімет, әкімдік және қайырымдылық ұйымдарының алдында жан-жақты көмек көрсету міндеті тұр”, – деді.
Қазіргі уақытта Қарағанды облысының әкімдігі уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, Костенко атындағы шахтада болған өрт салдарынан қаза тапқан “АрселорМиттал Теміртау” АҚ жұмысшыларының отбасы мүшелерінің тізімін жасауда. Компания қаражаты есебінен отбасыларға баспана беріледі, моральдық зиян үшін 10 жылдық жалақы мөлшерінде біржолғы төлем аударылады. Балаларының жоғары оқу орнындағы ақысы төленеді. Сонымен қатар балалары мен жұбайларын жұмысқа орналастырады. Несиелерін өтеп береді. Отбасына курортқа жолдама беріледі. Жыл сайын көмір үлестіріледі. Мемлекет басшысы барлық қажетті көмек көрсету мәселелерін Үкіметтің ерекше назарында ұстауды тапсырды. Дегенмен 46 отбасы асыраушысынан айырылды. Көрсетілетін көмек әкенің, баланың орнын толтыра алмайды.
Шұғыл медициналық көмекті қамтамасыз ету үшін 21 адам және 7 жедел медициналық жәрдем техникасы жұмылдырылды. Кейінгі мәліметке сүйенсек, Қарағанды, Абай және Шахтинск қалалары стационарларының қабылдау-диагностикалық бөлімшелеріне барлығы 28 адам жеткізілді. Кеншілер Х.Мақажанов атындағы көпбейінді аурухананың токсикология бөлімшесінде ем алып жатыр. Бір пациент дене жарақатымен Х.Мақажанов атындағы көпбейінді аурухананың жансақтау және қарқынды терапия бөлімшесінде емделіп жатыр, жағдайы тұрақты.
Мемлекет басшысы: “Мен “АрселорМиттал Теміртау” компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату жөнінде тапсырма бердім. Бұл мекеме Үкіметпен және кәсіпорынмен ынтымақтастық тұрғысынан біздің тарихымыздағы ең нашар компания болды. Енді кәсіпорынның өзіне қатысты шаралар қабылдау туралы ойлануымыз керек. Вадим Борисович Басин деген азамат бар. Ол бір кездері “АрселорМитталда” жұмыс істеген. Облыс әкімінің орынбасары болды”, – деп, Вадим Басинге кәсіпорынды басқаруды тапсырды.
“Жұмыс шарттарында, төлемдерде, әлеуметтік кепілдіктерде ешқандай өзгерістер болмайды. Оларды жақсарту тұрғысынан ғана қайта қаралатын жағдайлар қалады. Бұл – компанияның әрі қарай жұмыс істеуі және әлеуметтік жауапты болуы үшін қажетті шарт. Ұжымның бірде-бір мүшесі жұмыстан шығарылмайды, ұжымның бірде-бір мүшесінің құқығы төмендетілмейді”, – деді өз кезегінде В.Басин.
Меруерт КЕҢЕСБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.