«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АРЫСТАРЫМЫЗДЫҢ ЖАРЛАРЫ ЖАЙЛЫ ЖЕКЕ ФИЛЬМДЕР ТҮСІРІЛУІ ТИІС”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Алаш ардақтысы Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына орай өңірімізде ұйымдастырылған Қазақстан драма театрларының республикалық фестиваліне алыс-жақын облыстардан есімдері елімізге белгілі актерлер келді. Солардың бірі – “Мағжан” қойылымында Гүлсімнің, “№37”-де Зейнептің рөлін сомдаған, “Міржақып. Оян қазақ” кинотуындысында Ғайнижамал болып елдің көзайымына айналған “Серпер” сыйлығының лауреаты, Қазақстан Театрлар қауымдастығы “Сахнагер” Ұлттық театр сыйлығының иегері, актриса Зарина Кармен. Өнер иесімен болған әңгімемізді назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Зарина Мұқтарқызы, әңгі­мемізді “Міржақып. Оян қазақ!” туындысынан бастасақ. Өнер­сүйер қауым Ғайнижамал­дың бейнесін жоғары деңгейде сомда­ғаныңызды айтуда. Сіз өз рөлі­ңізді қа­лай қабылдадыңыз?

– Қазақтың Тәуелсіздігі, елдігі жо­лында бастарын бәйгеге тіге жүріп қызмет еткен асыл тұлғалар өмірдің небір соқтықпалы соқпақтарынан, бұралаң жолдарынан өтіп, осынау ұлан-ғайыр жерді бізге аманаттады емес пе? Қазақ халқы үшін ең аяу­лы­лар санатында тұратын жандар­дың Құдай қосқан қосақтарының да осал болмағанын аңғарамыз. Мені олардың қайсарлықтары, шыдам­дылық­тары таңдай қақтырады. Оны маған Ғайнижамал рөлі ұсыныл­ғанда жан-жүрегіммен сезіндім. Туын­дының режиссері Мұрат Ес­жан актер Бақыт Қа­жыбаевты – Мір­жақып, мені Ғайни­жамалдың рөліне бекітті. “Міржақып. Оян қазақ!” теле­хикаясы өткен жылы көрерменге “Qazaqstan” ұлттық ар­на­сының эфирінен және YouTube же­лісі ар­қылы орыс, ағылшын тіліндегі суб­титрлермен ұсынылып, үлкен ауди­торияның қызығушылығына ие бол­ды. Телехикая 2023 жылы тұң­ғыш “Nauryz” ұлттық телесериалдар бай­қауында “Үздік сериал” атанды.

Маған Алаш арысының зайыбы болу міндеті жүктелгенде жүрексін­генім рас. Шығармашылық топ ха­лыққа жарын шын сүйген, халқына адал болған Ғайнижамалдың бей­несін көрсеткісі келді. Бұрын сах­нада нәзік жандардың рөлін талай мәрте сомдадым ғой. Бірақ Ғайни­жа­мал­дай тебіренген сәтім аз. Ғай­нижамал – жүрегімді қақ айырған рөл. Қазақтың ұлтжанды қызына елін шексіз сүйген ер-азаматының жағдайын жа­сау, отбасының, ұлт­тың ұйытқысы бола білу керек. Бұл оңай емес. Ол үшін сана-сезімнің даралығы, мінез­дің көркемдігі қа­жет.

Менің ойымша, қазақтың әр ба­ла­сы ел үшін жандарын қиған тұл­ғалардың өмірін бес саусақтай білуі маңызды. Алаш арыстарының жар­лары туралы жеке-жеке фильм тү­сірілсе артықтық етпейді.

Міржақып Дулатовтың қызы Гүл­нәр Дулатова күнделігінде анасы ту­ралы былай депті: “Кітапсыз бір күн тұ­ра алмай келемін, бұл жақсы қа­сиетті бойыма сіңірген менің ар­дақ­ты анам – Ғайнижамал болса, менен ауысқан бұл әдет – кітапқұ­марлық өз балаларыма да дарыға­нына қуана­мын”. Ғанибет емес пе? Осы бір ауыз сөзден-ақ Ғайнижа­малдың са­уатты әйел, балаларының болаша­ғын ой­ла­ған ана екенін аңғарамыз.

Сценарийді оқып болған соң өкіріп жы­лағаным сонша, көмейіме өксік ты­ғылды. Өйткені Ғайнижа­малдың азапқа толы өмірін оқу түгіл, кейпіне ену ауыр тиді.

– Қызылжардың тумасы, жа­зу­шы Сәбит Мұқа­новтың “Мөлдір махаббат” туын­дысының желісі бойынша сахна­ланған спек­такль­де Бәтес болып ойнадыңыз. Бұл рөл көрерменнің көңілі­нен шық­ты ма?

– Бұл спектакль сахнаға Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қайраткері Әубәкір Рахимовтың режиссерлігі­мен шықты. Бәтестің рөлін алғашқы кез­дері Қымбат Тілеуова, кейін Назгүл Қара­балина, Зәуре Көпжаса­рова ойнады, содан кейін бұл міндет ма­ған тап­сырылды. Менен кейін Дина­ра Нығ­метуллина сахнаға алып шықты.

Мәңгілік бірге боламыз деген Бүр­кіт пен Бәтестің қилы тағдыры, Мү­сәпірдің жасаған қастандығы мені де бейжай қалдырмады. ХХ ғасырдың басында көлемді проза­ның алғаш баспалдағын қалаған Сəбит Мұқа­нов­тың алғаш рет 1935 жылы “Адас­қандар” деген атпен жарық көріп, кейін өңделіп, 1959 жылы қайта ба­сылған “Мөлдір махаббат” романы – оқырманның назарын жиі аударып, көбірек тілге тиек болған шығарма. Əрбір көркем шығармаға сол дəуір­дің, сол заман­ның өмір шындығы не­гіз болады. “Адасқандар” романы да шынайы оқиға желісімен жа­зылған.

Екі жастың арасында бүр жарған кіршіксіз сезімді қор­ғау жолындағы кедергілер бейне­ленген шығар­маны сахна тілімен жет­кізу оңайға соқпады.

– Сіз Мұхтар Әуезов атындағы ұлттық академиялық театрдың белді мүшесісіз. Өнер ордасы­ның жанынан ашылған “ШАМ” театры да сізге бөтен емес. 2022 жылдың 4 қыркүйегінде ашылған мәдениет ошағының жеткен же­тістіктері туралы айтып берсе­ңіз?

– “ШАМ” театры шымылдығын әзірбайжан драмтургі Исмаил Иман­ның “Астара бақтары” пьесасы­ның желісі бойынша Фархат Молда­ға­лидың режиссерлігімен сахна­ланған “№37” спектаклімен ашқан. Театрдың негізін қалағандар – театр және кино әртістері Еркебұлан Да­йы­ров пен Асан Мәжит. Бұл театрды құрудағы негізгі мақсат үй ішінен үй тігу емес. Олар өнер ордасындағы әріптестеріміздің бастарын бір арнаға түйістіріп, ортақ өнер алаңын қалыптастыруды көздеді. Жарты жылда “Жыл премьерасы”, “Жыл спектаклі” номинациялары бойын­ша “Ticketon Award” мәдениет, өнер және спорт саласындағы марапатқа ие болдық. Жетістіктердің зоры – көп­шіліктің көңілінен шығып, өз көрер­мендерімізді тапқанымыз. Гастрольдік сапармен Түркістан, Та­раз, Астана, Шымкент, Ақтау, Ақтө­бе, Қарағанды қалаларына барып, кө­рермендермен жүздестік.

Өткен қыркүйек айының аяғында Иван Вырыпаевтың “Иран конфе­рен­циясы” қойылымының премье­расы өтті. Режис­сері – Фархат Мол­дағали. Мен онда иран ақыны, қоғам қайраткері, әде­биет саласы бо­йынша Нобель сый­лығының лау­реаты Шырын Ширази болып ой­надым. Жерлестеріңіз Са­мал Есля­мова Дания премьер-министрінің әйелі, “Қол ұшын бер” ха­лықаралық қайырымдылық қорының прези­денті, танымал теле­жүргізуші Эмма Шмидт-Паулсеннің рөлін сомдады.

– Ақын Жарасбай Нұрқанның “Адамның жан серігі, көңіл құшта­ры – көркем өнер”, – деген сөзі бар. Сол көркем өнерді халыққа жеткізу үшін сахнаға шыққан өнер­пазға қандай талап қойы­лады?

– Сахнада әртіс болып өнер көр­сету үшін алдымен кәсіптік білім алу қажет. Жоғары оқу орнын бітіре са­лысымен сахнаға шығып, керемет әртіс болып кетпейсіз. Барлық же­тістік тәжірибемен келеді. Сондықтан қажымай, талмай еңбек ету ке­рек. Мысалы, бір жарым сағаттық қойылымның артында кемінде үш ай дайындық тұрады. Рөліңізді ала­сыз, сөздерін жаттай­сыз, образға енесіз, содан кейін ғана сахнаға шығасыз. Оның үстіне, сыншының сынынан өту міндеті тағы бар. “Өнер адамдары көп, бірақ мә­дениеті өте аз!”, – деп қазақ дәстүрлі ән өнерінің насихаттаушы әншісі, домбырашы Татьяна Бурмистрова айтқандай, жан дүниемізді рухани байыта білуіміз қажет. Ішкі мәде­ниетіміз жоғары болғанда ғана біз көрер­менге көркем өнердің үлгісін көрсете аламыз.

– Сіз Асанәлі Әшімов атын­дағы “Үздік театр актрисасы” жүл­де­сінің иегерісіз. Бұл марапаттың бағасы қандай? Сіз үшін жалпы марапат пен атақтың құны бар ма?

– Асанәлі Әшімов – шеберліктің шыңын бағындырған тұлға. Абыз адамның атындағы марапатты алу – кез келген өнерпаз үшін зор мәр­тебе.

Мен жалпы атақ, даңқ, марапат­қа құмар адам емеспін. Алайда қай сала болмасын, еңбектің бағаланға­ны дұрыс. Өзіме марапат беріл­генде “Лайықтымын ба?” деп ойла­нып қаламын. Өз-өзімнен ұяламын. Есі­мім аталғанда өзімді қоярға жер таба алмай қаламын. Атақтың да, мара­паттың да маңызды рөл атқа­ратын кезеңі болады. Еліне, өнерге еңбегі сіңген адамдарға лайықты атақтар берілсе жарасымды емес пе? Алған атағым мен марапатым­ның барлығы – сахнада серік болған әріптестерім­нің еңбегі.

– Сізді көрермендердің көңі­лінен шыққан “Келінжан” телехи­каясының 5 маусымында мал дә­рі­гері Каринаның рөлінде көрдік. Қалада өскен қызға ауыл ұнады ма?

– Кино – қоғамды көгілдір экран ар­қылы тәрбиелейтін, заманға сай жасалған әдістемелік құрал. Өзім актриса болғаннан емес, мемле­кетім­нің азаматы ретінде айтар болсам, театрға жұмыстағы адам­дар бара алмайды ғой. Ал кино – театр­дағы атмосфераны сыйлай ал­маса да, көрермендерге ой тастауға қолайлы туынды.

“Келінжан” – тұрақты көрермен­дерін тапқан, елдің көзайымына ай­налған телехикая. Түсірілім алаңын­да жүргенімнің өзі зор жауапкерші­лікті талап етті. Мейірімге толы ат­мосфераны бұзып алудан қорыққа­ным­ды жасырмаймын. Менің кейіп­керім – ауылға қызметке орналасуға барған қаланың қызы. Қалада өссем де ауыл десе ішер асымды жерге қоямын, алпыс екі тамырыма қан жүгіреді. Неге екенін қайдам ауылға бір құдірет тартып тұрады. Карина рөлін ойнаған мен, ауылға барған­да, мүлдем қиналған жоқпын. Кері­сінше, саф ауаны жұтып, ауыл­дықтардың шынайылығын, қа­ра­пайымдылығын көріп, демалдым.

– Осыдан 4 жыл бұрын “Ала­тау” телеарнасындағы “Жүрек тынысы” бағдарламасының жүр­гізушісі Махаббат Нұрымбет­қы­зына берген сұхбатында өз-өзін іздеген Зарина қазір өзін тапты ма?

– Жоқ, мен өзімді таппадым. Адам өз-өзін іздеу керек. Өзін ізде­ме­ген адамның “Толдым, болдым!” дегені – сөнгені. Ізденіс үстіндемін. Өзіңді табу ең өзекті мәселе ғой. Қоғамға, айналасына зор пайдасын тигізген, ұлтына қызмет еткен адам – өзін-өзі тапқан жан. Мен осылай ойлаймын

– Сіз бір әңгімеңізде “Мені кө­ңіл-күй билейді!” деген едіңіз. Бұл – өнер адамына қаншалықты ке­рек қасиет?

– Көңіл-күй адамзат баласы үшін маңызды. Өмірде бірде көл, бірде шөл адаммын. Бірақ көңіл-күйге бай­ланып қалмаймын. Өмірдің аты өмір. Үй, отбасы, жұмыс, шығарма­шы­лық дегендей. Эмоцияға беріліп, қасым­да­ғыларға назар аудармай кететін жағдаяттар кездеседі. Оны жасыр­май­мын. Содан болар жал­ғыздықты өте қатты жақсы көремін. Кейде от­басы, жұмыс, күйбең тірші­лік қажыт­қанда, жалғыз кетіп қалып, өзіммен-өзім сөйлесемін, көп ар­ман­даймын. Ренжіп қалған адамда­рыма іштей ұр­сып аламын да, же­ңілдеп қала­мын. Солай негатив­тер­ден арыла­мын.

Өнерде жүрген соң біраз адам­дар­мен жолығамыз. Біреуге жаға­мыз, біреуге жақпаймыз. Бәріне бір­дей ұнау мүмкін емес. Кейде жылы сөз естіп жанымыз жадыраса, кейде құлаққа жеткен суық сөз ішке барып мұз боп қатады.

– Ғұмырын қазаққа қызмет ету­ге арнаған Темірбек Жүргенов­тің 125 жылдығына арналған өнер додасының Қызылжар өлкесінде өткізілгенін қалай қабылдады­ңыз?

– Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер университеті маған бө­тен емес. Сондықтан фестивальге қа­тысу туралы ұсыныс түскенде қатты қуандым. Қызылжар жұртшы­лығы бізді жылы шыраймен қарсы алды. Шекараның шебінде тұрған облыс­тың қазақтың әр баласы үшін орны бөлек. Тағы бір айтпағым, Темірбек Жүр­генов – бар қазаққа ортақ тұлға. Оның өмірі, мұрасы еліміздің түкпір-түкпірінде насихатта­луы керек. Спек­­такльді тама­шалауға келген көрермендердің көп болғаны тау­сылмас шабыт сыйла­ды. Теріскейде талантқа талап қоя алатын халық­тың барын айтып отыратын болдық.

– Зарина Карменнің актриса болуына не түрткі болды?

– Театр – менің тағдырым. Наға­шы атам Тынымбек Пірімжановтың жа­­нында жүріп көптеген өнер май­талмандарымен кездестім. Аты аңыз­­­ға айналған Нұрғиса Тілендиев маң­дайымнан иіскеп, бетімнен сү­йіпті. Мені актриса болады деп еш­кім ойламаса керек. Ән айтпайтын, би­лемейтін, өлең оқымайтын, өзінің же­ке әлемі, сыры бар бала болып­пын. 7-сыныпты бітіргеннен кейін мен үшін өте қиын кезең басталды. Атам дү­ние­ден өтті. Ол менің ең жа­қын, досымдай сырлас ада­мым еді. Бір ай бойы ешкіммен сөйлеспедім. Сол кез­де есейгендей болдым, бо­лашақта кім болатыным­ды шештім.

Атам сол кезде тірі болса, менің әртіс болуыма қалай қарар еді деп ойлаймын. Кезінде анам да әртіс болам дегенде атам қатты қарсы болған екен. Содан болса керек, анам менің шешімімді қолдамады. Өмірімде бірінші рет маған дауыс көтерді. “Әртіс болмайсың. Сен ұлт­тық қауіпсіздік комитетіне оқуға тү­сесің!”, – деп ұрысты.

15 жасымда Т.Жүргенов атын­да­ғы өнер академиясы жанындағы колледжге оқуға түстім. 1-курстан бастап жарқ етіп бірден көзге түстім. Сол кезде мен ең алғаш рет фильм­ге түстім. Ол – “Кек” деп аталатын туынды. Тү­сірілім жұмыстарымен Ақтау қала­сына аттандық. Мен үшін өнер деген басқаша өмір басталды.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp