Алаш ардақтысы Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына орай өңірімізде ұйымдастырылған Қазақстан драма театрларының республикалық фестиваліне алыс-жақын облыстардан есімдері елімізге белгілі актерлер келді. Солардың бірі – “Мағжан” қойылымында Гүлсімнің, “№37”-де Зейнептің рөлін сомдаған, “Міржақып. Оян қазақ” кинотуындысында Ғайнижамал болып елдің көзайымына айналған “Серпер” сыйлығының лауреаты, Қазақстан Театрлар қауымдастығы “Сахнагер” Ұлттық театр сыйлығының иегері, актриса Зарина Кармен. Өнер иесімен болған әңгімемізді назарларыңызға ұсынып отырмыз.
– Зарина Мұқтарқызы, әңгімемізді “Міржақып. Оян қазақ!” туындысынан бастасақ. Өнерсүйер қауым Ғайнижамалдың бейнесін жоғары деңгейде сомдағаныңызды айтуда. Сіз өз рөліңізді қалай қабылдадыңыз?
– Қазақтың Тәуелсіздігі, елдігі жолында бастарын бәйгеге тіге жүріп қызмет еткен асыл тұлғалар өмірдің небір соқтықпалы соқпақтарынан, бұралаң жолдарынан өтіп, осынау ұлан-ғайыр жерді бізге аманаттады емес пе? Қазақ халқы үшін ең аяулылар санатында тұратын жандардың Құдай қосқан қосақтарының да осал болмағанын аңғарамыз. Мені олардың қайсарлықтары, шыдамдылықтары таңдай қақтырады. Оны маған Ғайнижамал рөлі ұсынылғанда жан-жүрегіммен сезіндім. Туындының режиссері Мұрат Есжан актер Бақыт Қажыбаевты – Міржақып, мені Ғайнижамалдың рөліне бекітті. “Міржақып. Оян қазақ!” телехикаясы өткен жылы көрерменге “Qazaqstan” ұлттық арнасының эфирінен және YouTube желісі арқылы орыс, ағылшын тіліндегі субтитрлермен ұсынылып, үлкен аудиторияның қызығушылығына ие болды. Телехикая 2023 жылы тұңғыш “Nauryz” ұлттық телесериалдар байқауында “Үздік сериал” атанды.
Маған Алаш арысының зайыбы болу міндеті жүктелгенде жүрексінгенім рас. Шығармашылық топ халыққа жарын шын сүйген, халқына адал болған Ғайнижамалдың бейнесін көрсеткісі келді. Бұрын сахнада нәзік жандардың рөлін талай мәрте сомдадым ғой. Бірақ Ғайнижамалдай тебіренген сәтім аз. Ғайнижамал – жүрегімді қақ айырған рөл. Қазақтың ұлтжанды қызына елін шексіз сүйген ер-азаматының жағдайын жасау, отбасының, ұлттың ұйытқысы бола білу керек. Бұл оңай емес. Ол үшін сана-сезімнің даралығы, мінездің көркемдігі қажет.
Менің ойымша, қазақтың әр баласы ел үшін жандарын қиған тұлғалардың өмірін бес саусақтай білуі маңызды. Алаш арыстарының жарлары туралы жеке-жеке фильм түсірілсе артықтық етпейді.
Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнәр Дулатова күнделігінде анасы туралы былай депті: “Кітапсыз бір күн тұра алмай келемін, бұл жақсы қасиетті бойыма сіңірген менің ардақты анам – Ғайнижамал болса, менен ауысқан бұл әдет – кітапқұмарлық өз балаларыма да дарығанына қуанамын”. Ғанибет емес пе? Осы бір ауыз сөзден-ақ Ғайнижамалдың сауатты әйел, балаларының болашағын ойлаған ана екенін аңғарамыз.
Сценарийді оқып болған соң өкіріп жылағаным сонша, көмейіме өксік тығылды. Өйткені Ғайнижамалдың азапқа толы өмірін оқу түгіл, кейпіне ену ауыр тиді.
– Қызылжардың тумасы, жазушы Сәбит Мұқановтың “Мөлдір махаббат” туындысының желісі бойынша сахналанған спектакльде Бәтес болып ойнадыңыз. Бұл рөл көрерменнің көңілінен шықты ма?
– Бұл спектакль сахнаға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әубәкір Рахимовтың режиссерлігімен шықты. Бәтестің рөлін алғашқы кездері Қымбат Тілеуова, кейін Назгүл Қарабалина, Зәуре Көпжасарова ойнады, содан кейін бұл міндет маған тапсырылды. Менен кейін Динара Нығметуллина сахнаға алып шықты.
Мәңгілік бірге боламыз деген Бүркіт пен Бәтестің қилы тағдыры, Мүсәпірдің жасаған қастандығы мені де бейжай қалдырмады. ХХ ғасырдың басында көлемді прозаның алғаш баспалдағын қалаған Сəбит Мұқановтың алғаш рет 1935 жылы “Адасқандар” деген атпен жарық көріп, кейін өңделіп, 1959 жылы қайта басылған “Мөлдір махаббат” романы – оқырманның назарын жиі аударып, көбірек тілге тиек болған шығарма. Əрбір көркем шығармаға сол дəуірдің, сол заманның өмір шындығы негіз болады. “Адасқандар” романы да шынайы оқиға желісімен жазылған.
Екі жастың арасында бүр жарған кіршіксіз сезімді қорғау жолындағы кедергілер бейнеленген шығарманы сахна тілімен жеткізу оңайға соқпады.
– Сіз Мұхтар Әуезов атындағы ұлттық академиялық театрдың белді мүшесісіз. Өнер ордасының жанынан ашылған “ШАМ” театры да сізге бөтен емес. 2022 жылдың 4 қыркүйегінде ашылған мәдениет ошағының жеткен жетістіктері туралы айтып берсеңіз?
– “ШАМ” театры шымылдығын әзірбайжан драмтургі Исмаил Иманның “Астара бақтары” пьесасының желісі бойынша Фархат Молдағалидың режиссерлігімен сахналанған “№37” спектаклімен ашқан. Театрдың негізін қалағандар – театр және кино әртістері Еркебұлан Дайыров пен Асан Мәжит. Бұл театрды құрудағы негізгі мақсат үй ішінен үй тігу емес. Олар өнер ордасындағы әріптестеріміздің бастарын бір арнаға түйістіріп, ортақ өнер алаңын қалыптастыруды көздеді. Жарты жылда “Жыл премьерасы”, “Жыл спектаклі” номинациялары бойынша “Ticketon Award” мәдениет, өнер және спорт саласындағы марапатқа ие болдық. Жетістіктердің зоры – көпшіліктің көңілінен шығып, өз көрермендерімізді тапқанымыз. Гастрольдік сапармен Түркістан, Тараз, Астана, Шымкент, Ақтау, Ақтөбе, Қарағанды қалаларына барып, көрермендермен жүздестік.
Өткен қыркүйек айының аяғында Иван Вырыпаевтың “Иран конференциясы” қойылымының премьерасы өтті. Режиссері – Фархат Молдағали. Мен онда иран ақыны, қоғам қайраткері, әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Шырын Ширази болып ойнадым. Жерлестеріңіз Самал Еслямова Дания премьер-министрінің әйелі, “Қол ұшын бер” халықаралық қайырымдылық қорының президенті, танымал тележүргізуші Эмма Шмидт-Паулсеннің рөлін сомдады.
– Ақын Жарасбай Нұрқанның “Адамның жан серігі, көңіл құштары – көркем өнер”, – деген сөзі бар. Сол көркем өнерді халыққа жеткізу үшін сахнаға шыққан өнерпазға қандай талап қойылады?
– Сахнада әртіс болып өнер көрсету үшін алдымен кәсіптік білім алу қажет. Жоғары оқу орнын бітіре салысымен сахнаға шығып, керемет әртіс болып кетпейсіз. Барлық жетістік тәжірибемен келеді. Сондықтан қажымай, талмай еңбек ету керек. Мысалы, бір жарым сағаттық қойылымның артында кемінде үш ай дайындық тұрады. Рөліңізді аласыз, сөздерін жаттайсыз, образға енесіз, содан кейін ғана сахнаға шығасыз. Оның үстіне, сыншының сынынан өту міндеті тағы бар. “Өнер адамдары көп, бірақ мәдениеті өте аз!”, – деп қазақ дәстүрлі ән өнерінің насихаттаушы әншісі, домбырашы Татьяна Бурмистрова айтқандай, жан дүниемізді рухани байыта білуіміз қажет. Ішкі мәдениетіміз жоғары болғанда ғана біз көрерменге көркем өнердің үлгісін көрсете аламыз.
– Сіз Асанәлі Әшімов атындағы “Үздік театр актрисасы” жүлдесінің иегерісіз. Бұл марапаттың бағасы қандай? Сіз үшін жалпы марапат пен атақтың құны бар ма?
– Асанәлі Әшімов – шеберліктің шыңын бағындырған тұлға. Абыз адамның атындағы марапатты алу – кез келген өнерпаз үшін зор мәртебе.
Мен жалпы атақ, даңқ, марапатқа құмар адам емеспін. Алайда қай сала болмасын, еңбектің бағаланғаны дұрыс. Өзіме марапат берілгенде “Лайықтымын ба?” деп ойланып қаламын. Өз-өзімнен ұяламын. Есімім аталғанда өзімді қоярға жер таба алмай қаламын. Атақтың да, марапаттың да маңызды рөл атқаратын кезеңі болады. Еліне, өнерге еңбегі сіңген адамдарға лайықты атақтар берілсе жарасымды емес пе? Алған атағым мен марапатымның барлығы – сахнада серік болған әріптестерімнің еңбегі.
– Сізді көрермендердің көңілінен шыққан “Келінжан” телехикаясының 5 маусымында мал дәрігері Каринаның рөлінде көрдік. Қалада өскен қызға ауыл ұнады ма?
– Кино – қоғамды көгілдір экран арқылы тәрбиелейтін, заманға сай жасалған әдістемелік құрал. Өзім актриса болғаннан емес, мемлекетімнің азаматы ретінде айтар болсам, театрға жұмыстағы адамдар бара алмайды ғой. Ал кино – театрдағы атмосфераны сыйлай алмаса да, көрермендерге ой тастауға қолайлы туынды.
“Келінжан” – тұрақты көрермендерін тапқан, елдің көзайымына айналған телехикая. Түсірілім алаңында жүргенімнің өзі зор жауапкершілікті талап етті. Мейірімге толы атмосфераны бұзып алудан қорыққанымды жасырмаймын. Менің кейіпкерім – ауылға қызметке орналасуға барған қаланың қызы. Қалада өссем де ауыл десе ішер асымды жерге қоямын, алпыс екі тамырыма қан жүгіреді. Неге екенін қайдам ауылға бір құдірет тартып тұрады. Карина рөлін ойнаған мен, ауылға барғанда, мүлдем қиналған жоқпын. Керісінше, саф ауаны жұтып, ауылдықтардың шынайылығын, қарапайымдылығын көріп, демалдым.
– Осыдан 4 жыл бұрын “Алатау” телеарнасындағы “Жүрек тынысы” бағдарламасының жүргізушісі Махаббат Нұрымбетқызына берген сұхбатында өз-өзін іздеген Зарина қазір өзін тапты ма?
– Жоқ, мен өзімді таппадым. Адам өз-өзін іздеу керек. Өзін іздемеген адамның “Толдым, болдым!” дегені – сөнгені. Ізденіс үстіндемін. Өзіңді табу ең өзекті мәселе ғой. Қоғамға, айналасына зор пайдасын тигізген, ұлтына қызмет еткен адам – өзін-өзі тапқан жан. Мен осылай ойлаймын
– Сіз бір әңгімеңізде “Мені көңіл-күй билейді!” деген едіңіз. Бұл – өнер адамына қаншалықты керек қасиет?
– Көңіл-күй адамзат баласы үшін маңызды. Өмірде бірде көл, бірде шөл адаммын. Бірақ көңіл-күйге байланып қалмаймын. Өмірдің аты өмір. Үй, отбасы, жұмыс, шығармашылық дегендей. Эмоцияға беріліп, қасымдағыларға назар аудармай кететін жағдаяттар кездеседі. Оны жасырмаймын. Содан болар жалғыздықты өте қатты жақсы көремін. Кейде отбасы, жұмыс, күйбең тіршілік қажытқанда, жалғыз кетіп қалып, өзіммен-өзім сөйлесемін, көп армандаймын. Ренжіп қалған адамдарыма іштей ұрсып аламын да, жеңілдеп қаламын. Солай негативтерден арыламын.
Өнерде жүрген соң біраз адамдармен жолығамыз. Біреуге жағамыз, біреуге жақпаймыз. Бәріне бірдей ұнау мүмкін емес. Кейде жылы сөз естіп жанымыз жадыраса, кейде құлаққа жеткен суық сөз ішке барып мұз боп қатады.
– Ғұмырын қазаққа қызмет етуге арнаған Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына арналған өнер додасының Қызылжар өлкесінде өткізілгенін қалай қабылдадыңыз?
– Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер университеті маған бөтен емес. Сондықтан фестивальге қатысу туралы ұсыныс түскенде қатты қуандым. Қызылжар жұртшылығы бізді жылы шыраймен қарсы алды. Шекараның шебінде тұрған облыстың қазақтың әр баласы үшін орны бөлек. Тағы бір айтпағым, Темірбек Жүргенов – бар қазаққа ортақ тұлға. Оның өмірі, мұрасы еліміздің түкпір-түкпірінде насихатталуы керек. Спектакльді тамашалауға келген көрермендердің көп болғаны таусылмас шабыт сыйлады. Теріскейде талантқа талап қоя алатын халықтың барын айтып отыратын болдық.
– Зарина Карменнің актриса болуына не түрткі болды?
– Театр – менің тағдырым. Нағашы атам Тынымбек Пірімжановтың жанында жүріп көптеген өнер майталмандарымен кездестім. Аты аңызға айналған Нұрғиса Тілендиев маңдайымнан иіскеп, бетімнен сүйіпті. Мені актриса болады деп ешкім ойламаса керек. Ән айтпайтын, билемейтін, өлең оқымайтын, өзінің жеке әлемі, сыры бар бала болыппын. 7-сыныпты бітіргеннен кейін мен үшін өте қиын кезең басталды. Атам дүниеден өтті. Ол менің ең жақын, досымдай сырлас адамым еді. Бір ай бойы ешкіммен сөйлеспедім. Сол кезде есейгендей болдым, болашақта кім болатынымды шештім.
Атам сол кезде тірі болса, менің әртіс болуыма қалай қарар еді деп ойлаймын. Кезінде анам да әртіс болам дегенде атам қатты қарсы болған екен. Содан болса керек, анам менің шешімімді қолдамады. Өмірімде бірінші рет маған дауыс көтерді. “Әртіс болмайсың. Сен ұлттық қауіпсіздік комитетіне оқуға түсесің!”, – деп ұрысты.
15 жасымда Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы жанындағы колледжге оқуға түстім. 1-курстан бастап жарқ етіп бірден көзге түстім. Сол кезде мен ең алғаш рет фильмге түстім. Ол – “Кек” деп аталатын туынды. Түсірілім жұмыстарымен Ақтау қаласына аттандық. Мен үшін өнер деген басқаша өмір басталды.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.