Өңірімізге Қазақстан стандарттау және метрология институтының өкілдері келді. Елордалық мамандардың мақсаты – өңірде өндірілетін ет пен сүтті Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің техникалық талаптарына сәйкестендіру. Тиісті ережені бәрі білуі тиіс. Сондықтан арнайы ұйымдастырылған семинарға жергілікті өндірушілер шақырылды. Мәселен Қызылжар ауданындағы “Больше-Малышенское” ЖШС-ның басшысы Ерғали Ғабдулин бірнеше жылдан бері сүтті бағыттағы ірі қара өсіріп отыр. Қазір өрісіндегі сиырдың саны 350-ге жеткен. Соның 120 басы сауылып, күніне 1 тоннадай сүт өндіреді.
Көлем де, сапа да маңызды. Егер көл-көсір өнім өндіріп, зертханалық тексеріс кезінде қандай да бір кемшілік анықталса, тауар шекара аспайды. Бұл – есіл еңбек зая кетті деген сөз. Осындай келеңсіз жайттың алдын алу үшін институт мамандары Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің техникалық талаптарын түсіндірді.
– Отандық өндірушілер өнімді таңбалау, атау және өндіру бойынша сұрақтармен жиі жүгінеді. Себебі Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің техникалық талаптарында дәл осы бап бар. Біз Солтүстік Қазақстан облысына сұранып келдік десек болады. Өңір сүт өндірісі бойынша көш басында тұрғаны белгілі, – деді “ҚазСтандарт” РМК техникалық реттеу жөніндегі үйлестіру орталығы басшысының орынбасары Александр Разарёнов.
Астаналық мамандар жиын барысында қатысушылардан өзекті мәселелерді сұрады. Себебі олар жергілікті жерде туындаған мәселелерді халықаралық деңгейде қарай алады. Пікір алмасу барысында ұсыныстар да айтылды. Әсіресе Ресеймен шекарада тұрған біздің өңірде заманауи зертханалардың көп болғаны маңызды.
Байболат ҚҰЛТАНОВ.