Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында заңғар жазушы Ғабит Мүсіреповтің романы негізінде сахналанған “Ұлпан” спектаклінің премьерасы өтті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақовтың режиссерлігімен сахналанған қойылым “Ерді кебенек ішінде таны” дейтін халық даналығынан туған дарқан мінез, нағыз ерді ардақтау арқылы елдіктің іргесін бекіткен, халқының ризық-берекесін қарақан басының бақытынан артық санаған ақылды, дана, дегдар әйел жайында.
– Бүгін тұсауы кесілген спектакль – аналардың анасы, ел билеген көсем, сөз бастаған шешен, аузы дуалы, сөзі куәлі қоғам қайраткері болған Ұлпан анамызға қойған ескерткішіміз. Қай іс болмасын, қиындығы мен қызығы қатар жүретінін естен шығармағанымыз абзал болар. Сәбеңнің атын алған өнер ордасы қазіргі кезде жас мамандармен толыққаны да “Ұлпанның” ел алдына шығуына өз септігін тигізді. Талантты, талапты жастар тұрғанда өнердің ең күрделісі театрдың да келешегі кемелдене түспек, – деді өз сөзінде режиссер Болат Ұзақов.
Ұлпанның рөлін Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі Дильназ Қабдырова сомдады. Бұл жас маманның үлкен сахнадағы алғашқы рөлі болғандықтан, оңайға түспеді.
– Өнер жолын енді бастап жатқан маған Ұлпан рөлі бұйырғанын зор жетістік деп бағалаймын. Бұл шығармада әйелдердің орны отбасы, ошақ қасы ғана емес, билікте отырса да, елдің қамын ойлайтын тұлға болатынын көрсетеді. Әйел заты бәрін де сезеді, ел үшін қолынан келгенін жасайды. Осы бір қайсар мінез бен дала даналығын бойына қатар сіңірген жанды сомдау оңайға түспеді. Ұлпанның кішкентай кезіндегі жеңіл, ойнақы мінезінен есейіп, ел анасына айналған шағына дейінгі өмірін көрсетуге барымды салдым. Образға енуде қиындықтар туындады. Елден безгендей күй кештім. Себебі Ұлпанның жолы – ауыр жол, – дейді Дильназ Қабдырова.
Ал Есенейдің рөлін сомдаған Қасым Дүйсеханнан өз кейіпкері төңірегінде қойған сұрағымызға: “Ұлпанды” бала жасымнан оқысам да, Есенейдің қилы тағдырын сахналау оңай болмады. Асқаралы алпысқа толған бір болыстың төбе биі– жиырма бестен енді ғана асқан актерді қамшылайтын образ. Мен сомдаған Есенейдің бағасын көрермен бере жатар” – деген жауап алдық.
Еменалыны – Әлібек Малгаждар, Тілемісті – Асылхан Разиев, Тілеубек биді – Өркен Ахметов, Мүсірепті – Нұрбол Асқаров, Шыңғысты – Тұрақ Дұрысбеков, Күниязды – Нұрхан Салауатов, Шынарды – Мақпал Серкебаева, Саврасовты – Димаш Серікұлы, Пушкарды – Ислам Жақсылық, Коцухты – Әлинұр Мәмбетқұл, Ақсақалды – Ернұр Аралтаев сахналаған қойылым елдің жүрегінен орын алғаны сөзсіз.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Самат БАЙҒАЗЫ.