«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛПАН — ЕЛДІҢ АНАСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында заңғар жазушы Ғабит Мүсіреповтің романы негізінде сахналанған “Ұлпан” спектаклінің премьерасы өтті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақовтың режиссерлігімен сахналанған қойылым “Ерді кебенек ішінде таны” дейтін халық даналығынан туған дарқан мінез, нағыз ерді ардақтау арқылы елдіктің іргесін бекіткен, халқының ризық-берекесін қарақан басының бақытынан артық санаған ақылды, дана, дегдар әйел жайында.

– Бүгін тұсауы кесілген спек­такль – аналардың анасы, ел биле­ген көсем, сөз бастаған шешен, аузы дуалы, сөзі куәлі қоғам қайраткері болған Ұлпан анамызға қойған ес­керткішіміз. Қай іс болмасын, қиын­дығы мен қызығы қатар жүретінін ес­тен шығармағанымыз абзал болар. Сәбеңнің атын алған өнер ордасы қа­зіргі кезде жас мамандармен толық­қаны да “Ұлпанның” ел алдына шы­ғуы­на өз септігін тигізді. Талантты, та­лап­ты жастар тұрғанда өнердің ең күрделісі театрдың да келешегі кемелдене түспек, – деді өз сөзінде режиссер Болат Ұзақов.

Ұлпанның рөлін Т.Жүргенов атын­дағы қазақ ұлттық өнер акаде­миясының түлегі Дильназ Қабды­рова сомдады. Бұл жас маманның үлкен сахнадағы алғашқы рөлі бол­ғандықтан, оңайға түспеді.

– Өнер жолын енді бастап жат­қан маған Ұлпан рөлі бұйырғанын зор жетістік деп бағалаймын. Бұл шығармада әйелдердің орны отбасы, ошақ қасы ғана емес, билікте отырса да, елдің қамын ойлайтын тұлға болатынын көрсетеді. Әйел заты бәрін де сезеді, ел үшін қолы­нан келгенін жасайды. Осы бір қай­сар мінез бен дала даналығын бо­йы­на қатар сіңірген жанды сомдау оңайға түспеді. Ұлпанның кішкентай кезіндегі жеңіл, ойнақы мінезінен есейіп, ел анасына айналған ша­ғына дейінгі өмірін көрсетуге барым­ды салдым. Образға енуде қиын­дықтар туындады. Елден безгендей күй кештім. Себебі Ұлпанның жолы – ауыр жол, – дейді Дильназ Қаб­ды­рова.

Ал Есенейдің рөлін сомдаған Қа­сым Дүйсеханнан өз кейіпкері төңі­регінде қойған сұрағымызға: “Ұлпан­ды” бала жасымнан оқысам да, Есе­нейдің қилы тағдырын сахна­лау оңай болмады. Асқаралы ал­пыс­қа толған бір болыстың төбе биі– жиырма бестен енді ғана асқан ак­терді қамшылайтын образ. Мен сом­даған Есенейдің бағасын көрермен бере жатар” – деген жауап алдық.

Еменалыны – Әлібек Малгаж­дар, Тілемісті – Асылхан Разиев, Ті­леубек биді – Өркен Ахметов, Мү­сірепті – Нұрбол Асқаров, Шыңғыс­ты – Тұрақ Дұрысбеков, Күниязды – Нұрхан Салауатов, Шынарды – Мақпал Серкебаева, Саврасовты – Димаш Серікұлы, Пушкарды – Ис­лам Жақсылық, Коцухты – Әлинұр Мәмбетқұл, Ақсақалды – Ернұр Аралтаев сахналаған қойылым ел­дің жүрегінен орын алғаны сөзсіз.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Самат БАЙҒАЗЫ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp