«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАСТЫ ҮМІТІМІЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Алдағы жылдың басты жарысы – Парижде өтетін Олимпиада. Спортшылардың мақсаты – жаһандық додаға қатысуға мүмкіндік беретін жолдама иелену. Бұл тұрғыдан велоспортшыларымыздың аяқалысы жақсы, қоржында – үш жолдама. Әсіресе жерлесіміз Алексей Луценконың қарқыны тау қопарардай. Жақында аяқталған XIX Азия ойындарында екі бірдей медаль еншілеп, мерейімізді өсірді.

Қызылжар ауданына қарасты Большая Малышка ауылының тумасы Алексей Луценко Азия ойындарында жекелей сында алтын медаль еншілесе, топтық сайыста командаласына жол беріп, күміс жүлдегер атанды. Ол Азия ойындарының төрт дүркін чемпионы екенін айта кеткен жөн.

Жақында чемпионмен жүздесіп, сұхбаттасудың сәті түсті. Александр Винокуровтың шәкірті әрі ізбасары бұған дейін талай жарыстарда топ жарды. Жастар арасында әлем чемпионы, Азия құрлығының үздігі атанды. “Астана” клубының сапында да биік шыңдарды бағындырды. Енді алынбаған бір меже бар. Ол – Олимпиаданың жүлдесі.

– Олимпиадада жолым болар емес. 2016 жылғы маусымда барлық сайыстарда жеңімпаз атанған едім, бірақ Рио-де-Жанейродағы Олимпиадаға жарақатыма байланысты барған жоқпын. Кейін Токиоға жолым түсті. Өкінішке қарай, жекелей сында 15-ші, ал топтық жарыста 21-ші келдім. Бұл – мен үшін төмен көрсеткіш. Енді 2024 жылы Парижге барамын ба деп үміттеніп отырмын, – деген Алексей Луценко ұлттық құрама үшін үш бірдей жолдама ұтып алғанын атап өткен жөн. Жерлесіміз топтық және жекелей сында өнер көрсетпек.

Алексейді ауылда жүрген жерінен байқап, үлкен спортқа алып келген бапкері – Виктор Потапов шәкіртінің чемпион болатынына сенімді. “Алексейді алғаш рет Большая Малышка ауылына барғанда көрдім. Сол кез әлі есімде. 2006 жылы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған спорт мектеп-интернаты басшылығының тапсырмасымен өңіріміздің ауылдарын араладым. Дарынды балаларды іздедім. Мектеп оқушыларын ұзындыққа секіртіп, 60 және 1000 метр қашықтыққа жүгіртіп көрдім.  Сонда екі жасөспірім ерекше көзге түсті. Соның бірі – Алексей Луценко еді”, – деп еске алды велоспорттан Қазақстанның құрметті жаттықтырушысы Виктор Потапов.

Бапкер іріктеп алған балаларды спорт мектебіне әкеліп, өңірдің велоспорттағы жетістіктерімен таныстырады. Бөлменің қабырғасында Александр Винокуровтың жеңіске жеткен сәті бейнеленген сурет ілініп тұрған екен. Алексей соған қызыға қарап, атақты жерлесіміздің жетістігін қайталағысы келетінін айтыпты. 

Алексей Луценко 2006-2012 жылдар аралығында Петропавлдағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған спорт мектеп-интернатында оқыды. 2010 жылы жасөспірімдер арасында өткен Азия біріншілігінде чемпион болды. Алда әлем чемпионаты күтіп тұрған еді. 

– Алексей 20112012 жылдар аралығында “Астана” жастар клубының мүшесі атанды. Өңіріміздің және еліміздің намысын халықаралық додаларда қорғады. 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында әлем біріншілігіне қатысып, жеңімпаз болды. Осылайша Винокуровтың ізбасары екенін дәлелдеді, – дейді бапкері.

Бұл күн Алексейдің де есінде мәңгілікке сақталып қалған екен. Мұны чемпионның өзі бізге айтып берді.

– Виктор Иванович әрқашан “асықпа, әлі чемпион боласың”,–  деп айтатын. “Ең бастысы сенімділігіңді жоғалтпа, алға үмітпен қара” дейтін. Мен жастар арасында өткен әлем чемпионатында топ жарғанымды мақтан тұтамын. Сол жарыстан кейін, менің кәсіби мансабым басталды деуге болады, – дейді Азиаданың төрт дүркін чемпионы. Соңғы Азия ойындарында Алексей еш қиналмастан жеңіске жетті. Топтық сында мәрттік танытып, командаласы Евгений Федоровқа жеңісті сыйлады.

Париж Олимпиадасының ауылы алыс емес. Бірақ төртжылдықтың басты бәсекесіне дейін бірнеше әлемдік дода бар. Алексей Луценко сол сайыстарда да бағын сынап, шеберлігін ұштамақшы.

– Желтоқсан айында “Астана” клубымен келер маусымға жоспар жасаймыз. Қандай велошабандоз қай жарысқа қатысатыны белгілі болады. Барлығына қатысқым келеді. Ендігі міндет – тағы бірнеше жолдамаға ие болу. Ол үшін іріктеу сындарында жеңіске жету керек. Бастысы – жарақат алмай, Олимпиадаға аман есен жету, – дейді Алексей.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.    

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp