«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕРЕКЕЛІ ЖӘРМЕҢКЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс орталығында дәстүрлі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Оған өңірдің барлық аудандары мен жүзден аса ірі кәсіпорыны қатысты. Жәрмеңкеде барлығы мың тоннадан астам өнім сатылды.

Мағжан Жұмабаев көшесі үлкен сауда алаңына айналды. Қолайсыз ауа райына қарамастан таңсәріден  сауда жасауға келген тұрғындардың қарасы қалың болды. Жәрмеңкеде сұранысқа ие өнімдердің кең ассортименті ұсынылған. Сиыр, жылқы, қой, құс еті, сүт өнімдері, көкөністер, оның ішінде картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат, жемістер, жұмыртқа, балық, жарма және жоғары сұрыпты ұн сынды барлық тауар нарықтағы бағадан 15-20 пайызға арзан сатылды.  Мәселен, жылқы етінің бір килограмы 2700 теңгеден болса, сиыр еті 1950-2300 теңге аралығында саудаланды. Күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдерінің бағасы да қалта көтерерліктей. Макарон өнімдерінің келісі 280, сүттің литрі  200, ірімшік 850 теңгеден сатылды. Ал картоп пен пияздың килограмы 100 теңге болса, сәбіз 110, қырыққабаттың бағасы 120 теңгеден саудаланды

Бұл күні табиғи таза өнім сөрелерде ұзақ тұрмай, тұтынушысын тауып жатты.

Жәрмеңкеге Жамбыл ауданынан 5 кәсіпорын келген.  Олар  сиыр, жылқы еті мен картоп әкелген. Сонымен қатар шөп, сабан мен арпаны да арзан бағамен сатты.

“Аудан шаруалары облыс орталығында  ұйымдастырылатын ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінен қалыс қалмауға тырысады.  Жергілікті тұрғындарды біздің өнімдеріміздің сапасы мен арзан бағасы қызықтырды. Мамандар сиыр етінің бір килограмын 1900 теңгеден саудалады. Шөптің бір орамасының бағасы 7 мың теңге, ал сабан 3 мың теңгеден сатылды”, – дейді Жамбыл аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рүстем Дүйсенбеков.

Жәрмеңкеге өнімін әкелгендердің бірі – Степура отбасы. Олар ара шаруашылығымен айналысады. Омарташы тұтынушыларға балдың екі түрін ұсынды.

“Біздің омартамыз көшпелі деп айтуға болады. Себебі біз Аққайың ауданынан Мағжан Жұмабаев ауданына дейін көшіп жүріп, бал жинаймыз. Жәрмеңкеге 200-300 келідей таза өнім алып келдік. Балдың келісі 2 мың теңгеден, оған халық арасында сұраныс жоғары”,  –  дейді Дмитрий Степура. 

Күзгі жәрмеңкеге өңірге танымал кәсіпорындар да қатысып, өз өнімдерін саудалады.  Оның ішінде “Зенченко және К” командиттік серіктестігі, “Масло-Дел” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, “Астык-STEM”, “Фирма Алекри” кәсіпорындары бар.

Бұл күні облыс орталығындағы Жұмысшы кентінде де жәрмеңке ұйымдастырылды. Тұрғындар нарықтағыдан 15-20 пайыз төмен бағамен мал азығын,  жемшөп, сабан сатып алуға мүмкіндік алды.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp