Облыс орталығында іскер әйелдер қауымдастығы мен Әйелдер күштері альянсы мүшелерінің қатысуымен семинар өтті. Бас қосудың негізгі мақсаты – қос ұйымның бірлескен жұмысын жандандыру.
Елімізде кәсіпкерлікті дамытуға арналған мемлекеттік қолдау тетіктері баршылық. Іскер әйелдердің жиі бас қосып, тәжірибе алмасуларына да жағдай жасалған. Жуырда Алматы қаласында әйелдер арасында V Евразиялық саммит өтті. Оған өңірімізден 15-ке жуық қыз-келіншек қатысты. Ал жиынның өзі жалпы 500-ге жуық іскер әйелдің басын біріктірді. Арасында шетелдік қонақтар да бар. Облыстық әйелдер күштері альянсы төрағасының орынбасары Гүлбақша Мұсабаеваның айтуынша, қазір нәзік жандардың саяси көшбасшылығын арттыру мәселесі өзекті. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербететін қыз-келіншектер қоғамның да, мемлекеттің де дамуына ат салысады.
– Әйелдердің саяси көшбасшылығын дамыту маңызды. Біздің ең басты мақсатымыз – мемлекеттік деңгейдегі саяси шешімдерге қатысып, әкімшілік міндеттерді атқаратын әйелдерді дайындау. Қазіргі уақытта әйел – саясаткер әрі кәсіпкер. Біз олардың құқықтарын, заңды мүдделерін қорғауға, қоғамдық жұмыстарға белсене араласуына көмектесіп жатырмыз, – деді Гүлбақша Мұсабаева.
Алдағы уақытта қос ұйым өкілдері қатарларын арттыруды көздеп отыр. Сондай-ақ саясаттағы, қоғамдық жұмыспен және кәсіпкерлікпен айналысатын әйелдерге арнап тренинг өткізу жоспарланған.
Гүлден СИМБАЕВА.