Петропавлда толықметражды “Бүркіт” фильмінің тұсаукесері өтті. Туындының режиссері – Данияр Ибрагимов. Арнайы жасақтың жұмысы көрсетілген фильмді тамашалауға Ұлттық ұлан академиясының курсанттары мен офицерлері және әскери қызмет ардагерлері шақырылды. Бұл кинокартина Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қаржыландыруымен түсірілген.
– Ұлттық ұлан академиясы – Қазақстан Қарулы күштері және “Бүркіт” сияқты ерекше бөлімшелердің кадрларын даярлайтын оқу орны. Курсанттар мен аға буын өкілдері туындыны ерекше ықыласпен тамашалады. Бұл киноның түсіріліміне арнайы жасақ, әскери техника және авиация, сондай-ақ екі жүзден астам әскери қызметші қатысқан. Жедел-іздестіру шаралары арқау болған картинаның кейбір эпизодтары шынайы оқиғаларға негізделген, – деді академия бастығының орынбасары Нұртай Бектұрсынов .
Фильмнің басты кейіпкерлері – арнайы жасақтың 3 сарбазы. Олар “күрең берет” кию үшін ең ауыр сынақтардан өтеді. Туынды көрерменнің көңілінен шығуы үшін режиссер жедел-іздестіру шаралары сияқты күнделікті оқиғаларға басымдық беріпті. Фильмге Дәурен Серғазин, Санжар Мәди, Асылхан Төлепов, Гүлнәз Жоланова, Әсел Сағатова, Жандос Айбасов және Азамат Сатыбалды сынды еліміздің танымал актерлері түскен. Танымал музыкант Ғалымжан Молданазар антагонист кейіпкердің рөлін сомдаған. Басты рөлдегі актерлер түсірілім жұмыстарына кіріспес бұрын бірнеше апта бойы жауынгерлік оқу-жаттығу жиындарына қатысып, тактикаларды үйреніпті.
Залға жиналған қауым “Бүркітті” ерекше ықыласпен тамашалады. Аға буын өкілдері де туындыдан ерекше әсер алды. Ауған соғысының ардагері Ерік Тәттібаев отандық фильмді әрбір жас көруі қажет деп санайды.
– Мен әскерде барлаушы болдым. Бұл қызметтің қиындығын жақсы түсінемін. “Бүркіт” – арнайы жасақ. Яғни олардың жұмысы әлдеқайда ауыр. Бүгінгі фильмнің жастарға берері өте мол. Мұны көрген әрбір жастың бойында патриоттық сезім оянады. Тамаша бастаманың қолға алынғаны қуантады, – дейді ол.
Түсірілім жұмыстарының Іле-Алатау ұлттық саябағының көрікті жерлерінде және Іле өзенінің жағасында жүргізілгенін айта кеткен жөн.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.