Халқымыз бойына сан түрлі өнер тоғысқан адамды “сегіз қырлы, бір сырлы” деп айтады. Дәл осы сөз айшығын бүгінгі кейіпкерімізге қаратып айтуға болады. Ол – талай жанды ажалдан арашалап қалған “қолы жеңіл” хирург, отандық медицина ғылымында өз орны бар айтулы ғалым, асқақ дауысымен атағы жер жарған кәсіби өнерпаздардың өзімен иықтасып тұратын талантты әнші. Ең бастысы, елге адал қызмет еткен ардақты азамат. Біз осы жолы жоғары санатты дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор Серік Тоқпанов ағамыздың жансарайына үңіліп, әңгіме өрбіттік.
– Аға, әкеңіз елге сыйлы, беделді, қаламы қарымды қаламгер болыпты. Бірталай мерзімді басылымдарда қызмет істепті. Ол туралы Сәбит Мұқанов “Өмір мектебі” атты кітабында жылы ілтипат білдірген. Жалпы ер баланың азамат болып қалыптасуына әкенің ықпалы өте зор. Әңгімені әкеңіздің өмір жолынан, содан алған тәрбиеңізден бастасақ.
– Әкемнің есімі – Имақ. Ол 1897 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Жаңажол ауылында туған. Әдебиет алыптары Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов үшеуі бала күнінен құлын-тайдай тебісіп бірге өскен. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін туған елінде ауылнай болған. Сол кезде бұл елді мекен Преснов уезінің 2-ауылы аталған. 20-жылдары әкем осы ауылды “Жаңажол” деп өзгертіпті. Сәбең, Ғабеңмен бірге өскендіктен бе, әкем де шығармашылыққа жақын болды. 1937 жылы Алматыдағы партия мектебіне оқуға түсіп, соны аяқтағаннан кейін журналистикаға бет бұрып, алдымен Қызылжардағы бүгінгі облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газетінде, одан кейін бұрынғы Көкшетау облысының бірқатар аудандық басылымында еңбек етті. Сондай-ақ Көкшетау облысының “Көкшетау правдасы” мен “Тың өлкесі” газетінің меншікті тілшісі болып істеді. Одан кейін бұрынғы Қызылту аудандық газетінің редакторлығына тағайындалды. Ел өмірінің нағыз жаршысы болды. Дүниеден озғанша қолынан қаламы түспеді.
Әкем мен анам қосылғаннан кейін сәбилері жиі шетінеп кетіпті. Ол кісі Алматыға партия мектебіне оқуға барғанда анам екеуі Сәбеңнің үйінде тұрған. Сонда Сәбең анамның аяғы ауыр екенін байқап, ырымдап: “Әй, Имақ, Мұхит (анамның аты) ұл туса “Сәбит” деп, қыз бала туса “Мәриям” деп қойыңдар”, – депті. Сөйтіп 1937 жылы Мәриям есімді үлкен апам өмірге келді. 1939 жылы туған ағамның есімін Ғабит Мүсірепов Болат деп қойған. Әкем Қызылту аудандық газетінен 1957 жылы зейнеткерлікке шықты. Онда мен 12 жаста болсам да, бәрі есімде сақталған. Облыстық газеттегі әріптестері келіп, әкемді сән-салтанатымен зейнеткерлікке шығарып салды. Ол кісі өте білімді еді. Екі тілде еркін жазатын. Газет-журналды, кітапты көп оқитын. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін қызметке қайтадан шақырылып, аудандық партияға мүше қабылдау жөніндегі комиссияның төрағасы болды. Әкем 1972 жылы өмірден өтсе де көзкөрген замандастары, әріптестері оның өнегелі ісін, жақсылығын айтып жүреді. Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданы орталығындағы бір көшеге әкемнің аты берілген.
– Әкеңіздің Сәбең мен Ғабеңмен сыйластығы туралы айта кетсеңіз.
– Жоғарыда әкемнің ол кісілермен балалық шағынан құлын-тайдай тебісіп өскенін айттым. Сәбең мен Ғабең елге сапарлап келгенде біздің үйге ат басын тірейтін. Үшеуі бір-бірін үнемі іздеп, хабарласып, өте жақын араласты. Олардың сыйластығы туралы бір мысал келтірейін. 1958 жылы өткен Мәскеудегі Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі қарсаңында әкеме поштадан хабарлама келді. Хабарламада Сәбең: “Ғабит екеуіміз қосылып, саған 2000 сом жіберіп отырмыз. Мәскеудегі қазақ өнерінің онкүндігінде бас қосайық”, – деп жазыпты. Содан әкем анам екеуі пойызбен Мәскеуге барып, әдебиет пен өнердің айтулы өкілдерімен кездесіп, жақсы әсер алып, демалып қайтты. Біздің ауылға Сәбит Мұқанов жиі келуші еді. Бірде ол кісі Алматыдан тұрқы есік пен төрдей су жаңа “ЗИМ” машинасымен келді. Үйге келгеннен кейін “менің қызым қайда?” – деп Мәриямды шақырып алып, құшақтап, бетінен сүйді. Сәбеңнің кең балақ шалбарының бір балағына апам, екінші балағына мен кіріп кеттім. Сәбит ағаға қатысты өзім көрген бір оқиғаны айтайын. Ұмытпасам, 1954 жылы Сәбең ауылға қыс айында келді. Сол жылы Қытайға барып, “Алыптың адымдары” атты кітап жазған еді. Қысқы каникул болса да оқушыларды жинап, мектепте кездесу өткізді. Қытайға барғандағы сапары туралы әңгімелеп, сол елдің тарихымен, салт-дәстүрімен таныстырып, алған әсерімен бөлісті. Ертеңіне әкем Сәбең екеуі тұлыпқа оранып, мені ортаға алып, ат шанамен 18 шақырым жердегі көрші ауылға барды. Аудан атқа мінерлерінің бәрі жазда – арбамен, қыста – шанамен жүреді. “Толубухино” совхозына жақындай бергенде ауыл шетінде иірілген жылқыдай аудан, совхоз басшылары жиналып тұр екен. Бір уақытта инелік секілді “АН-2” ұшағы келіп қонды. Самолеттен сол уақыттағы Қазақстан Орталық Комитетінің екінші хатшысы Леонид Брежнев пен Көкшетау облыстық партия комитетінің хатшысы түсті де, жиналып тұрған адамдарға қарай бет алды. Осы совхоздың директоры Брежневтің бажасы еді. Мен ат шанадан қарап отырмын. Брежнев Сәбеңмен, әкеммен, аудан активтерімен емен-жарқын амандасып, құшақтап сүйе бастады. Тоғыз жастағы бала болсам да, “мына кісі қалай жиіркенбейді” деп ойлаймын. Сыйлы қонақ бір шетте тұрған аяқтарына саптама етік, үстеріне тон, бастарына тымақ киіп, қақаған қаңтарда мұрты мен сақалына мұз қатқан ауыл ақсақалдарымен, малшыларымен амандасып, оларды да шетінен сүйіп шықты. Әлгі топтың шетінде шағын денелі шал тұр еді, соған жақындай бергенде, ол жалма-жан аузындағы насыбайын түкіре салды. Брежнев оны да барып сүйді. Сосын барлығы жиналысқа кіріп кетті. Жиыннан кейін жергілікті басшылар бір малшының үйінде жабағының етін асып, қонақ етті. Дастарқан басында Леонид Ильич жергілікті басшылармен, ауыл адамдарымен шаруашылық туралы ашық-жарқын әңгімелесті. Л.Брежневпен бірге дастарқан басында Сәбең мен әкем отырды. Мен екеуінің ортасына қонжидым. Брежневтің жанында суреті әдемі бір қорап “Казбек” папиросы тұрды. Шылымды жиі шегеді. Арасында ащы судан да тартынбай алып қояды. Әкем темекі тартпайды, сондықтан қораптың сыртындағы суретке қызығып қараймын. Соны байқап қалды ма, маған қарап: “Әй, бала атың кім?” – деп сұрады. Сол кезде біз атымызды неге екенін білмеймін, орысша айтамыз. “Сергей” дедім. “Сабақты қалай оқисың, 3 аласың ба?” – деді. “Аламын” деп едім, “Онда сен жарайсың” деп мені шақырып, тізесіне отырғызып алды да, “Біз осындай шыншыл азаматтарды тәрбиелеуіміз керек”, – деп басымнан сипады.
– Мектепті, жоғары оқу орнын орысша оқысаңыз да, қазақшаңыз жатық. Бұған да әкеңіздің әсері болды ма?
– Әрине, оған дау жоқ. Ата-анамның арқасында ұлттық тәрбиенің уызына жарып өстік. 1952 жылы мектеп табалдырығын аттадым. Сол жылдары тың игеру науқаны басталып, солтүстік өңірде қазақ мектептері жабыла бастады. Біз аралас мектепте оқыдық. Кеңестік идеологияның әсері ме, сол кезде ауыл арасында “орысша оқымасаң, адам болмайсың” деген түсінік қалыптасты. Мектепке барғанға дейін бір ауыз орысша білген емеспін. Бірақ орысша оқысақ та кластағы балалармен қазақша сөйлейміз. Бір жағынан, әкем ағам екеуімізге кейде ауызша “диктовка” жасап, мақаласын жаздыртады. Сосын жазуымызды тексеріп, қатемізді түзеп, қайтадан көшіртеді. Сөйтсем, әкемнің мұнысы біздің ана тілімізді ұмытпасын дегені болса керек. Оны кейін түсіндім. Мектепте де, институтта да орысша оқысам да қазақша еркін жазып, сөйлей беремін.
– Сізді жұртшылық білікті хирург ретінде жақсы біледі. Медицина саласына келуге не түрткі болды, әлде балалық шағыңыздан дәрігер болуды армандадыңыз ба?
– Бұған балалық шағымда басымнан өткен бір оқиға себеп болды. Мен 10 жасқа толғанда Марал есімді туған қарындасым дифтерия инфекциясымен ауырып, қайтыс болды. Осы қайғы кішкентай болсам да жүрегіме қатты батты. Сабақтан соң қарындасым жатқан ауруханаға барамын. Соның қасындағы орындықта соны ойлап отырамын. Сондай бір көңілсіз кезім. Аудандық ауруханада Флейшгауэр деген ұлты неміс болса да қазақша таза сөйлейтін, сауатты фельдшер істеді. Бірде сол кісі ақ халат киген әріптесімен екеуі жанымнан өтіп бара жатып, әлгі серігіне: “Мына баланы осы жерден жиі көремін. Көзі сондай ойлы, үнемі мұңайып жүреді. Бір қайғысы бар секілді. Не болды екен?” – деп сұрады, оған әріптесі: “ Жақында бұл баланың қарындасы қайтыс болған еді”, – деп айтып бара жатты. Бұл ауданға жуырда келген педиатр дәрігер еді. Сол кісі маған қайта бұрылып келіп, алдымен атымды сұрады. “Серік, дифтерия – өте қауіпті инфекция. Біз қолымыздан келгенше қарындасыңды емдедік. Кейде медицинаның да күші жетпейді. Ондай кезде дәрігер де дәрменсіздік танытады. Сондықтан бізді кешір, айналайын!” – деп болған жағдайды түсіндіріп, басымнан сипады. Оның сол сәттегі мейірімді жүзі әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Аудандық аурухана бір қабатты шағын ғимарат. Соған жиі барамын. Жаз күндері операция жасайтын бөлме терезесінің алдына келіп, ашық тұрған әйнектен дәрігерлердің даусын тыңдап, сығалап қараймын. Бірде сығалап тұрғанымды байқап қалды ма, бір хирург санитаркаға “кім қарап тұрған?” – деп сұрады. Ол “Тоқпанов” деп жауап беріп еді, “Жарайды, қарап тұра берсін. Ертең өзі де хирург болар”, – деп айтты. Сол аузы дуалы дәрігердің айтқаны қабыл болды.
– Ауыл баласы қиялшыл, еліктегіш келеді ғой, кімге ұқсасам деп ойладыңыз?
– Соғыстан кейін елдің тұрмысы, адамдардың әлеуметтік жағдайы өте ауыр еді. Жоғары білімді дәрігерлер де қат. Медициналық құрал-жабдықтар, дәрі-дәрмектер жетіспейді. Өткен ғасырдың 50-60-жылдары Қызылту ауданында жоғары білімді дәрігерлер саусақпен санарлық болса да, солар жанқиярлықпен еңбек етті. Құджат Қажымұратов деген мықты хирург ағамыз талай науқасты ажалдан аман алып қалды. Аплаш Ахметулин есімді педиатр дәрігерді де құрметпен есіме аламын. Терапевт Көшербай Нұрмағамбетовті ауыл адамдары аузынан тастамайтын. Ел бұл дәрігердің өз ісінің шеберлігін, парасатты мінезін, қайырымдылығын, қамқорлығын жыр қылып айтатын. Бұл кісі әкеммен де жақсы сыйласты. Сондықтан бала күнімде Көшербай ағаға ұқсап, ел мақтаған дәрігер болсам деп ойладым.
– Бір сұхбатыңызда мектеп бітіргеннен кейін Ленинград консерваториясына оқуға шақырғаны туралы айтыпсыз. Соған кеңірек тоқталасыз ба?
– Бұл былай болды. 10-сыныптың мемлекеттік емтиханын тапсырып жүргенмін. Аудандық білім бөлімінің басшысы шақырып алып, маған “Көкшетауға жылдам жет, облыстық мәдениет басқармасы іздеп жатыр”, – деп бұйыра сөйледі. “Қазір емтихан жүріп жатыр, онда барып не істеймін?” десем, “Ештеңе етпейді, ән айтасың” деп жолға салып, қоя берді. Алып-ұшып Көкшетауға жеттім. Ленинград консерваториясынан келген екі профессор қазақтың 50-ге жуық ұл мен қызын жинап, солардың дауысын тыңдап, сарапқа салып жатыр екен. Кезегім келгенде мені де тыңдады. Бәрі аяқталғаннан әлгі екі кісі басқа балаларды үйіне қайтарып, мені алып қалды. “Біз Ленинград консерваториясынан келіп отырмыз. Аталған оқу орнының талабы бойынша талапкерлерді музыкалық училищеден кейін қабылдайды. Қазір үкімет пен партия ұлттық музыка кадрларын дайындауға ерекше мән беріп отыр. Біз сенің даусыңды ұнатып, саған тоқталып отырмыз. Алдымен екі жыл дайындық курсындағы вокал класында оқисың, одан кейін бес жыл консерваторияда білім аласың”. Мен екі профессорды мұқият тыңдадым да:
– Кешіріңіздер, мен болашақ мамандығымды таңдап қойдым, – дедім. Олар маған таңырқап:
– Сонда кім боласың?
– Дәрігер болуға дайындалып жүрмін.
– Қалайша, сенің даусың зор, әнші болуға лайықтысың. Сен Ленинградты білесің бе?
– Әрине, білемін.
– Бұл – әлемдегі сұлу шаһардың бірі. Көне ескерткіштерге бай. Оқуға түскеннен кейін дүние жүзінің сахнасында ән саласың. КСРО халық әртісі атанасың. Сондықтан біздің айтқанымызды тыңдап, консерваторияға түс, – деп мені одан әрі үгіттеді. Бірақ оларға кез келген салада қызмет істеп, ән салуға болатынын айтып едім, үнсіз қалды. 1962 жыл Қарағанды медицина институтының көшпелі комиссиясы Көкшетауға келіп, соған құжатымды өткізіп, барлық емтиханды ойдағыдай тапсырып, емдеу ісі факультетіне оқуға түстім.
– Еліміздегі бірегей оқу орны – Қарағанды медицина университетінің түлегісіз. Осы оқу ордасының алғашқы ректорының жақсылығы, азаматтығы туралы өзіңіз үнемі айтып жүресіз…
– Қарағанды медицина университетінің іргетасын оның алғашқы ректоры Петр Моисеевич Поспелов қалап, ол осы оқу ордасын 24 жыл басқарды. Осы аралықта сол кездегі Қарағанды медицина институты одақ көлеміндегі бес озық медицина оқу орнының қатарына енді. Көрнекті ғалымдар қызмет етті. Білімді мамандар ортасы қалыптасты. Шынында П.Поспелов ауыл мектебін бітірген қазақ балаларына көп қамқорлық көрсетті. Біздің халқымызды, салт-дәстүрімізді айрықша жақсы көрді. Әсіресе жергілікті өңірлердегі медицина мамандарын даярлауға үлкен маңыз берді. Ауылдан келген талап-керлердің оқуға түсуіне бар жағдайды жасады. Соған өзі тікелей араласты. Оқу бітірген біраз жігітті қабылдау комиссиясына жұмысқа тартты. Бір жылы мені өзіне кеңесші етіп алды. Ауылдан келген балалар емтиханнан құлап қалса, “менімен ақылдасыңдар” деп тапсырып қойды. Сондай бір оқиғаны айтып берейін. Қарағанды облысының сол уақыттағы Жезді ауданынан келген бір бала қабылдау емтиханында физикадан төмен баға алыпты. Соны біліп, менен құжатын сұратып алды. Физика кафедрасының меңгерушісі Меңдібаев деген қырсық кісі еді. Соны шақырып алды да, әлгі баланың бағасын өзгертіп “үш” қойыңыз деп еді, “Ол физика заңын толық білмейді, қайтып “үш” қоямын”, – деп, қара аспанды төндірді. Петр Моисеевич: “Ол физик болмайды, дәрігер болады. Ауыл мектебінде кеше ғана жоғары оқу орнын тамамдаған мұғалімдер сабақ береді. Бұл бала оқуды бітіргесін, ауылына барып, дәрігер болады. Қазір Жезді ауданында бар-жоғы жоғары білімді 3 дәрігер ғана бар”, – деп сөзін нығырлай түсті. Бұған да келіспеді. Бір кезде ректордың қабағы қатуланып, “Әнуар Хамитович, келесі жылы сенің қызың оқу бітіреді. Ол ауылға барып жұмыс істей ме? Әрине, жоқ. Ендеше, не деп тұрсың. Бұл бала ауылда туды, сонда өсті, қайтадан сол ауылға барып, еңбек етеді” деп табандап отырып, бағаны қойғызды. Бұл кісі жергілікті жердегі кадрлық мәселені осылай шешті.
– Ол кісі сізге де қолдау көрсеткен секілді…
– Медицина институтында оқып жүргенде күреспен айналыстым да, бесінші курсқа дейін ән салатынымды ешкімге айтқан емеспін. Қарағандыдағы кеншілер сарайында қыркүйек айында дәстүрге айналған бірінші курстарды студенттер қатарына қабылдау кеші өтті. Сонда оркестрмен композитор Садық Кәрімбаевтың лирикалық бір әнін шырқадым. Залда отырған қауым біразға дейін мені жібермей, тағы да бес-алты қазақша-орысша әндерді орындатты. Келесі күні кафедра меңгерушісі: “Тоқпанов сені ректоратқа шақырып жатыр”, – дейді. Ректордың ат шаптырым кабинетіне кірсем, үстелді жағалай проректор, декандар сымға қонған құстардай тізіліп отыр. Петр Моисеевич қасыма келіп: “Серік, кеше сенің әніңді тыңдап, тәнті болдық”, – деп, менің қай жақтан екенімді сұрады. Өзім, ата-анам туралы айтып бердім. “Сахнада ән шырқайтын талантыңды бұрын көрген жоқпыз. Қайдан пайда болды?” – деді жымиып күліп. Мен бала күнімнен ән салатынымды, нота ғана білмейтінімді айттым. Ол кісі әріптестеріне: “Талант адамға табиғатынан дариды. Дарындыны ешкім тәрбиелемейді”, – деп бір қарады. Сосын таза ақ парақ пен қаламын алып, студенттер кәсіподағының төрағасының атына материалдық көмек алуға өтініш жазғызды. Оған өзі “200 сом” бөлінсін деп қол қойды. “Серік, сен бұл ақшаға сахнада киетін жақсы костюм тіктіріп ал. Егер жетпесе үстіне тағы қосамын”, – деді. Қарапайым студент үшін 200 сом деген қомақты қаржы. Қарағандыдағы бір атақты тігіншіге барып, өте сапалы материалдан осы ақшаға костюм тіктірдім. Соны біразға дейін сахнада киіп жүрдім.
П.Поспелов 6-курста оқып жүргенімде тағы да мені шақырып алып: “Серік, сен оқу бітіргеннен кейін қайда барасың?” – деп сұрады. Мен ауылға барып, дәрігер болатынымды айттым. “Біз сені институтқа қалдырсақ, оған қалай қарайсың? Егер бізде қалсаң алдымен екі жыл кафедрада ізденуші боласың, одан кейін аспирантураға түсіп, кандидаттық диссертация қорғайсың. Оқытушы болып істейсің. Танымал хирург атанасың. Осындай сенің болашағың бар. Дегенмен, ойлан. Әкеңмен сөйлес” – деп, ақыл-кеңесін берді. Әкем бұған бірден келісті. Сөйтіп, Қарағанды медицина институтының аспирантурасында үш жыл оқып, ғылыми еңбегімді қорғадым. Қорғаудың алдында ректордың өзі келіп, мазмұнды кіріспе сөз сөйледі.
– Сіздің тағы бір қырыңыз – әншілігіңіз. Еліміз бен біраз шет мемлекеттердің сахнасында классикалық, эстрадалық туындыларды орындап, тыңдармандардың ықыласына бөлендіңіз. Осы өнер сізге кімнен дарыды?
– Әкем де, анам да өнерден қара жаяу адамдар емес, жиын-тойда ән салатын өнері бар еді. Әншілік маған нағашым Есембай Шыныбайұлынан дарыған деп ойлаймын. Ол даусы зор, талантты әнші болыпты. Сәбең оның әншілігіне дән риза болып, қолтаңбасымен домбырасын сыйлаған. Әкем даусымды сол кісіге ұқсатушы еді. Өнерге бала күнімнен жақын болдым. Үйдегі радиодан композиторлардың жаңа жазылған туындылары жиі беріледі. Соларды әп-сәтте жаттап алып, айтып жүремін. Біз балалық шағымызда Рашид Бейбутов, Иван Козловский, Ермек Серкебаев секілді атақты әншілерді тыңдап, солармен рухтанып өстік. Бүгінде олар шырқаған шығармалар ретро әндерге айналды. Өз басым әнді оркестрмен жанды дауыста айтқанды ұнатамын.
– Отандық медицина саласын бүге-шүгесіне дейін жетік білетін мамансыз. Қазіргі осы салада жүргізіліп жатқан реформалар туралы, мамандарды даярлау ісі жайында не айтасыз?
– Шынымды айтсам, еліміздегі медицина оқу орындарындағы болашақ дәрігерлерді даярлау, оқыту бағдарламасына көңілім толмайды. Бізге батыстың білім жүйесін көзсіз көшіріп алуға болмайды. Маған 7-курстың қазақша, орысша тобында оқитын студенттері келеді. Олардың арасында ақылы бөлімде білім алатын жастар бар. Жалпы медицинада ақылы бөлім болмау керек. Өткен жолы 7-курста оқитын үш жігіт келді. Солармен сөйлесіп отырып, көңілім қалды. Соқырішектің қайда екенін білмейді. Миокарда инфаркт туралы да ешнәрсе айта алған жоқ. Меніңше, 7-курстың студенттері “бес минутсыз” дайын маман ғой, олар бәрін білуі керек. Сонда бұлар қалай дәрігер болады, науқастарды қалай емдейді?
Бұрын емдеу ісі факультетін бітіргендер дерматолог, педиатр, эндокринолог, хирург, окулист секілді саланы толығымен меңгеріп шығатын. Бұған дейін өзім медициналық оқу орнында сабақ бергенде 6-курста оқитын 6-7 студентті алып, бір жыл ішінде жаңа құрылғылармен операция жасаудың әдіс-тәсілін толық үйретуші едім. Қазір бұл оқу үрдісі үзіліп қалған. Содан кейін дәрігерлердің пациентпен көп сөйлесуге уақыты жоқ, өйткені жазудан бас көтермейді. Бұлай болмау керек.
Мысал келтірейін. Бір жолы жұмысыма таңертең бір ата-ана түнімен іші ауырған баласын ертіп келді. “Жедел жәрдем” шақырып, баланы қалалық ауруханаға алып барған. Олар УЗИ-ге түсіріп, қан сараптамасын алса да ешқандай өзгеріс байқамаған. Сосын баланың ішін ұстап көрсем, соқырішек, жедел операция жасау керек екенін түсіндім. Баладан ауруханадағы дәрігер ішіңді ұстап көрді ме десем, “ жоқ” дейді. Сенімен әңгімелесті ме десем, “иә, компьютерге жазып отырды”, – деп жауап берді. Осы жағдайға қарап көп нәрсені білесіз. Қазір дәрігерлер ауру тарихын жазады, амбулаторлық карта толтырады, хаттамалардың сұрағына жауап береді.
– Өмірде “бармақ тістеген” өкінішіңіз бар ма?
– Өмір болғаннан кейін бәрі болады. Жеке басымда, отбасымда өкінішім жоқ. Зайыбым да – дәрігер. Екеуіміз студенттік жылдары отбасы болып, төрт бала сүйдік. Қазір немерелеріміздің қызық-қуанышына кенеліп отырған ата-әжеміз. Ал кәсібіме келгенде өзекті өртеген өкініштер болды. Дәрігерлер науқас өліміне біразға дейін үйрене алмайды. Кейде пациент операция үстелінде қайтыс болады. Сол кезде неше түрлі ойға батасың. Бұл – жүрекке салмақ түсіретін ауыр жағдай. Туыстары “ауруханаға өз аяғымен келіп еді”, – деп көзі жасаурап тұрғанда, не деріңді білмейсің. Менің өзегімді өртейтін өкінішім осы. Ертеректе бір дәрігер “әрбір хирург өз пациентімен бірге өледі”, – деп айтыпты. Осы сөздің астарында шындық бар.
– Әңгімеңізге рақмет.
Әңгімелескен
Азамат ЕСЕНЖОЛ.