«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САМҒАТҚАН САН ТҮЛЕКТІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Егемендігіміздің елең-алаң ша­ғын­да бой көтерген Аққайың ау­данындағы №3 Смирнов қазақ орта мектебінің қабырғасынан бір мыңнан астам түлек қанат қағып, бүгінде еліміздің әр қиырында жемісті еңбек етіп жүр. Олардың қатарында Құртқа Мусинаның, Азамат Байғұнақовтың, Алмат Қонақбаевтың, Рүстем Ілия­совтың, Инесса Анарбаеваның,  Ар­ман Шамшитовтың тағы басқала­рының есімдері мақтанышпен ата­лады. Инесса – Дебрецен универси­те­тінің (Венгрия) студенті, Арман Литваның ауыл және орман шаруа­шылығы ғылыми орталығына қарас­ты микробиология зертханасының белді қызметкері, бүгінде ол “Vytautas Magnus” университетінде PhD (док­торантура) бағдарламасы бойынша білім алуда. Рүстем – жекпе-жектен спорт шебері, облыс­тағы “Өзін-өзі қорғау және балалар психологиясы” орталығының негізін қалаушы. Ал­мат – еркін күрестен халықаралық жарыстың жүлдегері,  қоян-қолтық ұрыстан облыс чем­пионы. Азамат – Ұлттық ұланның “Орталық” өңірлік қол­бас­шылығына қарасты №5510 әс­кери бөлім жасағы штаб бастығының орынбасары, “Ерлігі үшін” медалімен марапаттал­ған. Құртқа – актриса, Гру­зияда өткен Нодар Думбадзе атындағы фести­валь­да үздік интер­претецияны жеңіп алған. Адамның жа­нын жадыра­та­тын мұндай мысал­дар аз емес.

Аудан орталығындағы тұңғыш қазақ білім ор­дасының мерейлі белесінің шымыл­дығы “Отыз жыл, отыз белес, отыз асу” атты конферен­циямен ашылып, меймандар орындарына жайғас­қаннан кейін мектеп директоры Рай­са Нұртази­нова баяндама жасады. Білім орда­сына тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан өрендерді білімнің қайнар бұлағымен сусын­датқан, өмірдің қиясына самғатқан ұстаздар мен оларға қол ұшын беріп, көмегін аямаған ата-аналардың, жер­гілікті билік орындарының қажырлы ең­бегіне лайықты баға берілді. Сөз алған аудан әкімі Рүстем Елубаев білім ошағы оқушылардың үлкен өмірге жол ашуына себепкер бол­ғанын, осы кезең ішінде өзіндік үрдісі, дәстүрі берік қалыптасқанын, 243 бала оқитынын, оларға  32 білікті ұстаз тәлім-тәрбие беретінін айта келіп, келесі жылдан бастап жаңа ғимарат салу жұмыстары баста­латынын жеткізді. Қазақ мектебінің құрылып, өркен жаюына бастан-аяқ белсене атсалысқан Сансызбай Жұмабек пен Еркін Жақыповтың кеудесіне арнайы төсбелгі тағылды. Қазақстанның болашақ азаматтарын тәрбиелеуге үлесін қосып жүрген мұғалімдерге, атап айтқанда, Күлән­дам Баймұқанова, Айгүл Әлібаева, Светлана Мейрамова, Қаламқас Мал­масова, Айгүл Бекмүрзенова, Жай­нагүл Үмбетоваға Құрмет грамо­тасы мен Алғыс хат салтанатты түр­де табыс етілді. Роза Сәлімбайқызы, Қазинаш Бейсембекқызы, Нұрсұлу Төкенқызы, Мархаба Сәлімқызы “Аманат” партиясы аудандық фи­лиалының Алғыс хатына ие болды.

Мектептің алғашқы директоры, бүгінде Солтүстік Қазақстан жоғары кәсіптік-педагогикалық колледжіне жетекшілік ететін  Еркін Жақыпов та өз сый-сияпатын ала келіпті. Бір кез­дері аудандық “Қазақ тілі” қоғамы­ның ашылуына да көмек қолын созған Сансызбай ақсақал­дың айтуына қарағанда, мек­теп алғашында жылу жүйесі жоқ бұрынғы балабақша ғимаратында орналасқан. Мектеп табылдырығын аттаған бүл­діршін­дерге Қамажай Ибраева мен Әсем­гүл Кашенова сабақ берген. 2000-2003 жылдары көші-қон бағдарламасы шеңберінде жан-жақ­тан қандастарымыз көшіп келіп, ғи­марат тарлық ете бастаған. Әсіресе сынып бөлмелері жетіспеген. Сол кездегі облыс әкімі Қажымұрат Нағыманов облыстық бюджеттен 12 млн. теңге бөлдірткен, “Батт-Агро” корпора­циясы да демеушілік көрсетіпті. “Сынып­қа бала жинау үшін екі ай бойы үй­лерді жалғыз аралағаным бар. Төрге шығарып, шәйін бергенімен, көбі балаларын қазақ тілінде оқытудан бас тартқан жайттар жиі кездесті”, – дейді өткенді еске алған еңбек ардагері.

Білім ошағына 2021 жылдан бері Райса Кеңесқызы жетекшілік етеді. 2022 жылы робототехника кабинеті, “Саржайлау” этноауылы құрылған. 2023 жылы жаңа модификациялық химия кабинеті жабдықталыпты. Тәрбие мен тағылымды бірге ұштас­тырып, шәкірттерін жоғары жетістік­терге жетелеп жүрген ұстаздар қа­уымы бүгінгі білім ошағының айнасы іспеттес.

 Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltustik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp