Облыста жыл басынан бері 116 сырқатқа иммун тапшылығы вирусы диагнозы қойылды.
Облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының директоры Айман Сыздықованың айтуынша, қауіпті вирусты жұқтырғандардың екеуі – шетел азаматы, қалғандары ел тұрғындары. Қазіргі уақытта осы дертке шалдыққан 1468 адам орталықта есепте тұр.
“Ауырғандардың дені – негізінен 40-49 жас аралығындағылар. Қауіпті вирусты ер адамдар жиі жұқтырады. Есепте тұрғандардың 64 пайызы – ерлер. Адамның иммун тапшылығы вирусы, яғни ВИЧ жұқтырған балалар да бар, 14 жасқа дейінгі 12 балаға осы диагноз қойылған. Айта кететін жайт, соңғы екі жылда балалар арасында вирус жұқтырудың жаңа жағдайлары тіркелген жоқ”, – дейді Айман Сыздықова.
Маманның айтуынша, ВИЧ-тен емделмеген жағдайда ол жүре пайда болған иммун тапшылығының синдромына, яғни, аурудың соңғы сатысына ұласуы мүмкін. Биыл өңірде СПИД-тен екі адам қайтыс болды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 адамға аз.
“ВИЧ-ті облыстың медициналық ұйымдарында жұқтыру фактілері тіркелген жоқ. Диспансерлік есепте тұрғандар антиретровирусты терапияны өмірінің соңына дейін қабылдайды. Бұл ем адам бойындағы вирусты азайтады. Қазіргі уақытта антиретровирусты терапияның жаңа түрлері пайда болып жатыр. Олардың жанама әсері минималды, нәтижесі жоғары”, – дейді орталық директоры.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.