«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРНАЙЫ ҚЫЗМЕТТІҢ АРЛАНДАРЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлда толықметражды “Бүркіт” фильмінің тұсаукесері өтті. Туындының режиссері – Данияр Ибрагимов. Арнайы жасақтың жұмысы көрсетілген  фильмді тамашалауға Ұлттық ұлан академиясының курсанттары мен офицерлері және әскери қызмет ардагерлері шақырылды. Бұл кинокартина Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша  Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қаржыландыруымен түсірілген.

– Ұлттық ұлан академиясы – Қазақстан Қарулы күштері және “Бүркіт” сияқты ерекше бөлімшелер­дің кадрларын даярлайтын оқу ор­ны. Курсанттар мен аға буын өкіл­дері туындыны ерекше ықыласпен тамашалады. Бұл киноның түсірілі­міне арнайы жасақ, әскери техника және авиация, сондай-ақ екі жүзден астам әскери қызметші қатысқан. Жедел-іздестіру шара­лары арқау болған картинаның кей­бір эпизод­тары шынайы оқиғаларға негіздел­ген, – деді академия басты­ғының орынбасары Нұртай Бектұр­сынов .

Фильмнің басты кейіпкерлері – арнайы жасақтың 3 сарбазы. Олар “күрең берет” кию үшін ең ауыр сы­нақтардан өтеді. Туынды көрермен­нің көңілінен шығуы үшін режиссер же­дел-іздестіру шаралары сияқты күн­делікті оқиғаларға басымдық бе­ріпті. Фильмге Дәурен Серғазин, Санжар Мәди, Асылхан Төлепов, Гүлнәз Жоланова, Әсел Сағатова, Жандос Айбасов және Азамат Са­тыбалды сынды еліміздің таны­мал актерлері түскен. Танымал музы­кант Ғалымжан Молданазар анта­гонист кейіпкердің рөлін сомдаған. Басты рөлдегі актерлер түсірілім жұмыстарына кіріспес бұрын бірне­ше апта бойы жауынгерлік оқу-жат­тығу жиындарына қатысып, такти­каларды үйреніпті.

Залға жиналған қауым “Бүркітті” ерекше ықыласпен тамашалады. Аға буын өкілдері де туындыдан ерек­ше әсер алды. Ауған соғысы­ның ардагері Ерік Тәттібаев отандық фильмді әрбір жас көруі қажет деп санайды.

– Мен әскерде барлаушы бол­дым. Бұл қызметтің  қиындығын жақ­сы түсінемін. “Бүркіт” – арнайы жасақ. Яғни олардың жұмысы әлдеқайда ауыр. Бүгінгі фильмнің жастарға берері өте мол. Мұны көр­ген әрбір жастың бойында патриот­тық сезім оянады. Тамаша баста­маның қолға алынға­ны қуантады, – дейді ол.

Түсірілім жұ­мыстарының Іле-Алатау ұлттық сая­бағының көрікті жерлерінде және Іле өзенінің жа­ғасында жүргізілгенін айта кеткен жөн.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp