Үстіміздегі жылдың қазан айында тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі ведомствоаралық кеңес өтті, онда тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы жаңа заң жобасының негізгі аспектілері таныстырылды. Заң жобалары Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленіп, Үкіметтің 2023 жылға арналған заңдарды жобалау жұмыстарының жоспарына сәйкес Парламент Мәжілісіне енгізілді.
Заң жобаларына ұсынылған түзетулер бизнестің жауапкершілігін арттыруға және қазақстандықтардың тұтынушылық құқықтарын қорғауға бағытталған. Қазір тұтынушы бірден сотқа жүгіне алмайды, тұтынушылардың шағымдарын қараудың үш сатылы алгоритмі жұмыс істейді: 1 кезең – сатушы және дауларды сотқа дейін реттеу субъектілері, 2 кезең – уәкілетті мемлекеттік органдар, тек 3 кезең – сот (“Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы” қолданыстағы Заңның 6-1-тарауының баптарына сәйкес).
Заң жобасының жаңа редакциясында заңнамалық актінің құрылымдық элементтері логикалық тәртіппен құрылған. Заң жобасында Үкімет, мемлекеттік органдар, сот, қоғамдық және соттан тыс институттарды қамтитын тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесінің субъектілерін анықтау ұсынылады. Бұл ретте осы жүйеде тұтынушылардың құқықтарын қорғауды жүзеге асыратын негізгі субъектілердің бірі кәсіпкер болып табылады.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі Омбудсмен институтына оның қызметінің принциптері, кепілдіктері, функциялары және соған байланысты шектеулер, оны тағайындау және өтініштерді қарау тәртібі қамтылған жеке тарау арналатын болады.
Заң жобасында көрсетілген тұтынушылардың құқықтары бекітіледі. Сондай-ақ, заң нормаларының жаңа редакциядағы қолданылуы кәсіпкерлік субъектілері көрсететін қызметтер мен жұмыстар саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін барлық салалық заңнамалық актілерге кеңейтіледі. Қазіргі заңнамалық олқылықтар жойылады, қоғамдық институттар тұтынушылардың құқықтарын сотта қорғаудың ерекшеліктері, сондай-ақ тұтынушылардың белгісіз тобының құқықтарын қорғау айқындалатын болады.
Омбудсмен институтының салалық мемлекеттік органдардың құқықтық актілерінің жобаларын әзірлеуге міндетті түрде қатысуы арқылы перспективада тұтынушылардың құқықтарын қорғау қағидаты бекітілетін болады.
Тұтынушылармен жасалған шарттарға тұтынушылардың құқықтарын бұзатын және оларға нұқсан келтіретін немесе осындай заң бұзушылықтар мен нұқсан келтіруге әкеп соғатын шарттарды енгізуге жол бермеу көзделуде. Электрондық сауда сегментіндегі қоғамдық қатынастарды реттеуді оның күндізгі нысанымен синхрондау жүзеге асырылды.
Мұның бәрі құқық қолдану практикасына ыңғайлы заң мәтінін қабылдау арқылы тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіреді.
Сатушылар (орындаушылар) құқықтарыңызды бұзған жағдайда Петропавл қаласы, Н.Назарбаев көшесі, 83 (телефоны 46-81-33) мекенжайында орналасқан Солтүстік Қазақстан облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне кеңес алу үшін жүгіне аласыздар.
Сауда және интеграция министрлігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті.