Қазақстан халқы Ассамблеясының еліміздің халықаралық беделін арттырудағы, тұрақтылық пен ішкі бірлігін нығайтудағы ықпалы өте зор. Әлеуметтік, этникалық және діни тұрақтылықты сақтау біздің еліміздің айтулы жетістігі болып табылады. Этносаралық келісім мәселелері мемлекет пен қоғамның басты назарында.
Ассамблея этносаралық келісім мен ел бірлігін одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасауға ықпал етуде. Бұл бірегей институт мемлекеттік органдарға қоғамдағы кейбір өзекті мәселелерге қарсы тұруға, демократиялық нормаларға сүйенетін азаматтардың саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыруға жәрдемдесуде. Елімізде өмір сүріп жатқан этностардың мәдениеттерін, тілдері мен дәстүрлерін жаңғырту, сақтау және дамыту бойынша атқарған жұмыстары ауыз толтырып айтарлықтай.
Бүгінгі таңда елімізде этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей үлгісі, сенім, ынтымақтастық пен өзара түсіністіктің ерекше ахуалы қалыптасқан. Еліміздің әр азаматы ұлтына, дініне қарамастан, ел Конституциясында кепілдік берілген азаматтық құқықтар мен бостандықтардың барлық нормаларын пайдалануда.
“Әрбір азамат бірлікті нығайту үшін қызмет етуі керек. Бұл қызмет ешқашан тоқтамайды, үздіксіз жалғаса береді. Өйткені бірлік болса ғана, тірлік болады. Біз осы мызғымас қағидаға әрдайым адал болуымыз керек. Татулық пен келісімнің ерекше маңызды екенін жұрттың бәрі бірдей сезінбеуі мүмкін. Сол себепті кейде “Ассамблеяның қажеті жоқ” деген ұшқары, яғни, күмәнді пікірлер айтылып жатады. Шын мәнінде, Ассамблея – мемлекеттілігіміздің іргесін бекітіп тұрған басты институт. Қазақстан халқы Ассамблеясы – бірлігімізді нығайтуға қызмет ететін бірегей құрылым. Ассамблея қасиетті қазақ жерін мекен еткен барша этносты ұйыстырып отыр. Онда еңбек етіп жүрген азаматтарды бірліктің елшісі деуге болады. Баршаңыз осы маңызды миссияны абыроймен атқара бересіздер деп сенемін”, – деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының “Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму” атты ХХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде.
Мен бүгінгі мақаламда Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы атқарып жатқан жұмыстарға тоқтала кетуді жөн көрдім. Біздің өңірде ассамблея құрамында ресми түрде тіркелген 28 этномәдени бірлестік бар. Олардың 22-і былтыр қоғамдық аккредитациядан табысты өтті. Облыс аумағында этномәдени бірлестіктердің жүйелі жұмыс істеуіне жан-жақты қолдау көрсетіліп отыр. Мәселен, 2022 жылы “Республикалық тәжік орталығының” облыстық филиалы құрылды, оның өкілдері ассамблеяның жұмысына белсене қатысуда. Еліміздің саяси-маңызды оқиғаларына арналған мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу үшін оларға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Жыл сайын Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының мүшелері республикалық сессияға қатысады. Оның қорытындысы бойынша облыс басшылығымен кездесу өткізіледі, проблемалық мәселелер талқыланады. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының жиырма жетінші сессиясында “Солтүстік Қазақстан орыс қауымдастығы” қоғамдық бірлестігінің төрайымы Елена Семидоцких ассамблея төрағасының орынбасары болып сайланды.
Облыс аумағында 183 этномәдени орталық жұмыс істейді. Бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіш. Олардың жұмысына облыстық ішкі саясат басқармасының “Қоғамдық келісім” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері ғылыми-сараптамалық және әдістемелік көмек көрсетеді. Үстіміздегі жылы Петропавл қаласы мен аудан өкілдерінің қатысуымен Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы құрылымдық бөлімшелерінің жұмысын жандандыру бойынша семинар ұйымдастырылды. Оның қатысушыларына этносаралық қарым-қатынас саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру бойынша практикалық ұсынымдар берілді. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының мүшелері жұртшылықпен белсенді жұмыстар жүргізіп, әртүрлі мәдени-бұқаралық іс-шаралар, конкурстар, фестивальдар, көрмелер өткізеді. Үстіміздегі жылы этномәдени бірлестіктер жеті мыңнан астам адамды қамтыған 182 іс-шара ұйымдастырды. Оларға Н.Абраев, Р.Евдаев, Э.Ковзель, В.Корнева, Ч.Құрбанов, С.Малхасян, Г.Мұсабаева сияқты Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының мүшелері белсене қатысты. В.Витченко, Е.Семидоцких, М.Татаренко, Д.Питьев пен А.Хан сынды жас басшылар ортақ іске өз үлестерін қосып жүр.
“Қоғамдық келісім” КММ қызметкерлері мектеп оқушыларымен және ата-аналармен бірге ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді дағдыға айналдырған. 2023 жылы олар этномәдени бірлестіктердің мүшелерімен бірлесіп Петропавл қаласының жиырма мектебінде болып, екі мыңға жуық адам қатысқан отыз кездесу өткізді. Жұмыстың бұл форматы педагогикалық қауымдастық тарапынан оң бағаға ие болды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Петропавл жоғары құрылыс-экономикалық колледжінде этнофьюн, құқықтық білім турнирі, әлеуметтік сауалнама іспетті танымдық іс-шаралар ұйымдастырылды.
Мемлекеттік тілді дамыту мақсатында Достық үйінде тұрақты түрде оны үйрену курсы жұмыс істейді. “Instagram”-да онлайн-сабақтар мен “@assembly_sko” оқулығы жарияланады, “Қазақтану” жобасы жүзеге асырылуда, этнос өкілдері арасында “Тіл шебері” конкурсы, “Өнеріміз саған, Қазақстан!” фестивалі, жастардың қатысуымен қазақ тілінде “Ғажайыптар алаңы” ойыны өткізілді.
Биыл №17 ұлттық жаңғыру мектеп-кешенінің 25 жылдық мерей-тойы атап өтілді. Бұл білім ордасында неміс, поляк, украин, армян, әзірбайжан, корей, татар және шешен тілдерін оқытатын сегіз топ жұмыс істейді. Бұл білім ордасы еліміздегі бірегей оқу орны болып саналады. Тәжірибелі педагог Л.Жалмұқанова жетекшілік ететін мектеп ұжымына Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы атынан ақшалай сетификат тапсырылды.
Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының мүшелері мұқтаж азаматтарға, көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап қайырымдылық шараларын жиі ұйымдастырып тұрады. А.Кувшинова жетекшілік ететін ассамблеяның қайырымдылық клубы осы бағытта тындырымды жұмыстар атқарып жүр. “Мектепке жол”, “Жақсылық жаса”, “Қайырымды ел”, “Жылумен бөліс”, “Ақ Бим” және басқа да 206 қайырымдылық шаралары барысында 273 азаматқа 13 537 268 теңге сомасында көмек көрсетілді.
Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы ғылыми-сараптамалық тобының мүшелері жыл бойы әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз ету бойынша маңызды жұмыстар атқаруда. Өңіріміздің қоғамдық өміріне белсенді қатысып жүрген Г.Мұсабаеваға, З.Қартоваға, С.Мәліковаға алғысымыз шексіз. Үстіміздегі жылдың қазан айында “Полиэтникалық Қазақстан: Ұлттық бірліктің қалыптасу жағдайында этномәденилік генезис” тақырыбында өңіраралық конференция өтті. 10 қазан күні “Қазақтану” жобасы шеңберінде “Қоғамдык келісім” РММ-мен бірлесіп қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің қазақстандық моделін жүзеге асыру бойынша республикалық лектроий ұйымдастырылды. Оған КСРО халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов бастаған құрметті қонақтар қатысты. Үстіміздегі жылы “Ассамблея жастары” республикалық қоғамдық бірлестігінің өңірлік өкілдігі “Қамқор”, “Асар” қайырымдылық, “Жасыл қала”, “Ақ Бим” экологиялық акциялары, “Этнофестиваль – 2023”, “Этносаяхат” сияқты 46 іс-шара өткізді, “Киелі табиғат” жалпы республикалық экологиялық акциясына қатысты.
Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы мүшелерінің белсенді қызметтері өзінің лайықты бағасын алды. 2023 жылы ассамблеядағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов “Парасат” орденімен, “Коперник” Солтүстік Қазақстан облыстық поляк мәдени орталығы” ҚБ төрағасы А.Крашевский Қазақстан халқы Ассамблеясының “Бірлік” алтын медалімен, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының мүшесі А.Сүйіндіков “Ерен еңбегі үшін” медалімен, кәсіпкер, меценат Д.Қойшыбеков “Жомарт жан” төсбелгісімен марапатталды.
Асқар ХАБИБУЛИН,
облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы.