Петропавл қалалық соты Мәдениет үйінің директорына, ішкі аудит департаментінің заңгеріне, жауапкершілігі шектеулі серіктестік басшысына, сондай-ақ пара берген жеке кәсіпкерге қатысты қылмыстық істі қарады.
Ведомствоның мәліметінше, қалалық Мәдениет үйінің директоры Д. және ішкі аудит департаментінің заңгері У. – кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіргені үшін, Д. – пара алғаны үшін және серіктестік басшысы К. бюджет қаражатын ұрлағаны, жеке кәсіпкер П. – пара бергені үшін жауапқа тартылды.
Естеріңізге салайық, биыл қаңтар айында облыс бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Петропавл қалалық Мәдениет үйінің директорын пара алды деген күдікпен ұстап, тергеу жұмыстарын бастаған еді. Белгілі болғаны, өткен жылдың қазан айында Мәдениет үйінің директоры ішкі мемлекеттік аудит департаментінің заңгерімен бірге қалалық Мәдениет үйінің көрермен залын жөндеуі тиіс адамды шеттетіп, басқа жауапкершілігі шектеулі серіктестік басшысы К.-мен заңсыз шартқа отырған.
Кәсіпкер К. өзіне жүктелген міндетті тиісті деңгейде орындамағанымен, Д. мен У. жұмысты еш кедергісіз қабылдаған. Осылайша үшеуі мемлекетке 7 млн. теңгеден астам шығын келтіреді. Сонымен қатар, Д. жеке кәсіпкер П.-дан орындалған жұмыс актісіне қол қойғаны және сахналық қойылымдарды безендіру бойынша қызметтер көрсетуге шарт жасағаны үшін 454 мың теңге көлемінде пара алған.
Сотталушылар өздеріне тағылған айыпты мойындамады. Десек те олардың жасаған қылмысы куәгерлер мен сарапшылардың айғақтарымен, жазбаша дәлелдемелермен толық дәлелденді. Сот үкім шығарарда олардың жас балалары бар екенін ескерді. Осылайша Мәдениет үйінің директоры Д.-ға 4 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Асырауында кәмелетке толмаған төрт баласының болуына байланысты сот жазаны орындауды 5 жыл мерзімге кейінге қалдырды.
Ішкі аудит департаментінің заңгері У. алдағы төрт жылын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өткермек.
Серіктестік басшысы К. 3 жылға бас бостандығынан айырылды, ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.
Ал пара берген жеке кәсіпкер П.-ға параның 25 еселенген сомасына тең айыппұл түрінде жаза тағайындалды, бұл 11 млн. 350 мың теңгеге сәйкес келеді.
Сотталғандар өмір бойы мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылды.Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.