ХІХ ғасырдың алғашқы ширегінен бастап жер мәселесі қазақ қоғамында ең күрделі жайтқа айналады. 1819 жылы Уәли хан қайтыс болады. Яғни Ресей патшалығы хандық билікті жояды. Кейін бұл тарихи оқиға қазақ сахарасында толқулар туғызады. Патша әкімшілігі қазақ даласына біртіндеп тереңдей түсуді жеделдете отырып, оны жаулап алу бойынша белсенді саясат жүргізуге кірісті. Бұл Қазақстан аумағында әскери бекіністер, форпосттар мен дуандар салып, әскери құрылымдар мен казак әскерлерінің санын арттыра түсті. Отарлық саясаттың бірі жергілікті өзін-өзі басқаруды біртіндеп жою мақсатында әкімшілік-аумақтық реформалар жүргізу болды, оның аясында алғашқы сыртқы округтер ашылды.
1822 жылғы “Сібір қырғыздары туралы жарғыға” сүйене отырып, М.Сперанский әзірлеген Қазақстанның кең дала аймағында басқарудың жаңа жүйесін енгізе бастады. 1824 жылдың басында далаға округтерді ашу және дуандар ұйымдастыру мақсатында екі экспедиция жіберілді. Біріншісі полковник А.Григоровскийдің басшылығымен Уәли ханның басқаруындағы рулардың аумағына, ал екіншісі Омбы облысының басқарушысы полковник С.Б.Броневскийдің басшылығымен бұрын Бөкей ханға бағынышты рулардың аумағына жіберілді. А.Григоровскийдің отряды 1824 жылы 29 сәуірде ұйып отырған қазақ руларының ортасынан Көкшетау округін ашты. Жаңадан ашылған округтерге казактарды Сібір комитетінің 1826 жылғы 20 желтоқсанда бекітілген арнайы ережесі бойынша көшіре бастады. 1835 жылға қарай Орта жүзде 7 сыртқы округ ашылды: Қарқаралы (1824 ж.), Көкшетау (1824 ж.), Аягөз (1831 ж.), Ақмола (1832 ж.), Баянауыл (1833 ж.), Үшбұлақ (1833 ж.) және Аманқарағай (1834 ж.). XIX ғасырдың 30-шы жылдарының соңына қарай 1822 жылы қабылданған “Сібір қырғыздары туралы жарғы” өзінің көптеген ережелерімен қазақ жерлерін экономикалық игеру және саяси бағындыру міндеттеріне жауап бермегені анықталды. Сондықтан 1838 жылы бірқатар жаңа заңдар, ал 1850 жылы патша үкіметі Орта жүздегі басқаруды патшалықтың жер және сауда саясатына бейімдеуге тырысқан бірнеше актілер енгізеді. Әрине, ғасырлар бойы мекендеп отырған жерінен айырылу ешкімге де оңай болмағаны белгілі.
1867 жылы патша Александр II “Жетісу және Сырдария облыстарын басқару туралы уақытша ережені”, ал 1868 жылы “Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлығының Дала облыстарын басқару туралы уақытша ережені” бекітті. Бүкіл қазақ аумағы 3 генерал-губернаторлыққа бөлінді: Түркістан, Орынбор және Батыс Сібір. Әскери және азаматтық билікті генерал-губернатордың қолына шоғырландыру реформалардың негізгі міндеттерінің бірі болды. Облыстың басында тұрған әскери губернатор бір мезгілде казак әскерлерінің жазалаушы атаманы болды. 1891 жылғы Ресей императоры III Александр “Ақмола, Семей, Жетісу, Орал және Торғай облыстарын басқару туралы ереже” немесе “Дала ережесін” бекітті. Бұл ережелер қазақ сахарасын толыққанды отарлағанның заңдық сипаты болатын.
Бұл жүріп жатқан процестерге қарсы қазақ зиялылары бас көтерді. Әрине империяны қарумен жеңу мүмкін емес екенін жақсы білді. Мәскеу, Петербор, Қазаннан білім алған жастар жер-жерде бой көрсете бастады. Солардың қатарында Мәмбетәлі Сердалин де бар еді. Ол 1865 жылы Көкшетау уезi, Мезгіл болысындағы Кiшi Қоскөл деген жерде дүниеге келдi. Көкшетау уезi – қазiргi Ақмола мен Солтүстiк Қазақстан облыстарының аймағы. Ал Мезгіл болысы – қазіргі Солтүстiк Қазақстан облысындағы Айыртау ауданы. Кiшi Қоскөл – осы аудандағы Антоновка ауылының маңында орналасқан көлдiң атауы.
Мәмбетәлі – Омбы, Санк-Петербургте білім алған, қазақ зиялыларының бірі еді. Бірақ демократиялық көзқарастарына байланысты және жер аударылған саяси сенімсіз адамдармен қарым-қатынас жасағаны үшін оқудан шығарылады. Осылайша елге келген Мәмбетәлі Сердалин Ресей бассыздығына қарсы күрес бастайды. Халық арасында демократиялық көзқараста үгіт-насихат жүргізеді. Ол ауылда идеалогиялық үгіт-насихат жүргізумен қатар, жер мәселесіне байланысты орыс тілінде бірнеше кітап жазып, Омбы қаласында бастырып шығарады. Еңбектері “Аренда казахской земли” (1900 ж.), “Эксплуатация карсакпайских копей” (1901 ж.) және “По вопросу об эксплуатации степей Западной Сибири путем скотоводческой культуры” деген тақырыптарда еді. Жазғандары 1904 жылы Петербургте “Труды общества для содействия русской промышленности и торговли” атты жинақтың 25 томында жарық көрді. Өкініштісі М.Сердалиннің кейбір еңбектері осы күнге дейін табылмай отыр. Бірақ соңғы баяндамасы сақталған, Ресей архивтерінен жер мәселесіне байланысты министрліктерге жазған арыздары да табылып отыр.
Көптеген саяси, экономикалық, мәдени мәселелер Санкт-Петербургте шешілгені белгілі. XIX ғасырдың 60-70 жылдарында Ресей буржуазиясы ұйымдық келісімге ұмтылуды жандандырады, таптық мүдделерін қорғаудың жаңа жолдарын іздейді. Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін өкілді, қоғамдық, ғылыми ұйымдар құра бастайды. 1867 жылы Санкт-Петербургте қаржы министрі М.Рейтерннің тікелей қолдауымен Ресей өнеркәсібі мен саудасына жәрдемдесу қоғамы құрылады. Бұл ұйым қатарында өндірушілер мен ірі саудагерлер, жоғары дәрежелі ақсүйектер, кәсіпкер-дворяндар, шенеуніктер, белгілі орыс ғалымдары болды. Аталмыш қоғам “Сауда жинағын” шығарып тұрды. Кейінірек ол “Орыс өнеркәсібі мен саудасын ілгерілету қоғамының еңбектері” деп аталды. 1872 жылдан 1913 жылға дейін 30 шығарылымы жарық көрді. Мәмбетәлінің еңбегі осы жинақта басылған.
Жер үшін күрес 1900 жылы көктем шығысымен Мәмбетәліні Санк-Петербургке алып келеді. Ол министрлердің табалдырығын тоздырып, ақыр соңында “Ресей өнеркәсібі мен саудасына жәрдемдесу қоғамы” қазақ жерінен келген білімді жас зиялыны тыңдауға келіседі. Қоғам отырысы 8 наурызға бекітіледі. М.Сердалин баяндамашы ретінде тіркеліп, келісілген күні “Батыс Сібір далаларын мал шаруашылығы мәдениеті арқылы пайдалану туралы” атты баяндама жасайды. Негізгі мәселе орыс жерінен келіп жатқан шаруалар легін тоқтату, отарлау саясатын әшкерелеу еді.
Ол баяндамасын былай бастайды: “Өзімнің баяндамамды бастамастан бұрын, батылдық танытып, сіздерден кейбір мүмкін түсініксіз сөздеріме алдын ала кешірім сұраймын. Мен далалық қырғызбын және осындай жоғары дәрежелі қауым алдында тұңғыш рет сөйлеп тұрмын. Сахара далада туған адам ретінде мен өз кең жазирамды өте жақсы көремін де, елімнің мүддесін жоғары қоямын және ғазиз далама қандай да болсын қауіп төнгенін көргенімде жүрегім қанға боялады. Өз мекенімді және Батыс Сібірдің кең байтақ далаларын аралағанымда, маған жаппай куә болуыма тура келгені, қала адамдары яғни үкіметтің игі мақсаттарын орындаушылар, дәрежесі жоғары немесе зерттеушілер яғни жеке тұлғалар, бір жағынан тіл білмегендіктен, тым болмаса дала табиғатынан хабары жоқтар бүгін болмаса ертең даланы шөлге айналдырулары мүмкін. Мен үшін бұл – ұлы қасірет”, – дейді.
М.Сердалин өз баяндамасын тек көзбен көріп, қолымен ұстаған қарапайым қазақ даласының жағдайын қарабайыр түрде емес, барынша дәлелді, әлемдік құбылыстармен байланыстырып жеткізеді. Мысалға, еуропалық қоныс аударушылар Солтүстік Америкаға сапар шегіп, жер мен бостандықты армандады, бірақ мұхиттың арғы жағындағы шындық тарихи әдебиеттерде бейнеленгендей соншалықты романтикалық аңыздарға сәйкес келмеді. XVII–XVIII ғасырларда ағылшын тәжі Солтүстік Американың тың жерлерін тарата бастады. Бірақ оны жерсіз шаруалар емес, ағылшын ақсүйектері алды. Тағы бір назар аударар құрлық ол – Африка. Африка жерлерін басып алу жергілікті тұрғындардың құлға айналуымен қатар жүрді. Осы дүние жүзінде болып жатқан отарлық саяси процестер қатарына М.Сердалин Қазақстанды да қосады. Иә, бұл кезде Қазақстанда жүріп жатқан отарлық саясатқа әлемдік тұрғыдан баға бере алуы, сол кездегі автордың жеке тұлғасын прогресивті зиялылардың қатарына көтеруге болатындығының дәлелі. Автор: “Баяндамамды “Батыс Сібір далаларын мал шаруашылығы мәдениеті арқылы пайдалану туралы” деп атадым. Ежелгі уақыттан қазіргі күнге дейін, тіпті, алыс болашағымызда да далалы жерде тек мал шаруашылығы мәдениетімен ғана айналысуымыз мүмкін. Өнеркәсіп немесе егін шаруашылығы мәдениетін күштеп әкелу жазиралы жерді шөлге айналдыруы әбден ықтимал”, – деп ойын бір түйіндейді.
П.Румянцев өз еңбегінде: “Колонизация степи русскими поселенцами и быстрое развитие торговых с ней сношений, пошедшия гигантскими шагами с проложением в ней железнодорожных путей, произвели перевород в хозяйственной жизни киргиз”, – дейді. Яғни отарлау темір жолдың салынуымен қарқынды жүріп, қазақтардың шаруашылығында төңкеріс жасап, дамытып жіберді дегенге саяды. Мәмбетәлі Сердалин болса бұл жайында: “Соңғы уақытта, әсіресе Сібір темір жолын өткізумен, біздің қиын өмірімізге орыс шаруалары қызыға қарады. Міне, “қоныс аударушылар үшін жер бөлу туралы” мәселе кезекке тұрды. Бірақ бұл жерді яғни егістікке жарамды жерді қайдан алуға болады? Егер біздің даламызда осындай жерлер болғанның өзінде, ол баяғыда XIX ғасырдың бірінші жартысындағы казактар мен қоныс аударушылардың пайдалануына берілген немесе жергілікті қырғыздар жыртып тастаған. Дала ережесінің 120-бабына берілген ескертпе негізінде көшпенділер үшін артық болуы мүмкін жерлер ғана мемлекеттік мүлік министрлігінің қарамағына түседі; бірақ ондай жерлер бар ма?! Бір қарағанда, үш облыстың: Ақмола, Торғай және Семейдің кең жазирасында мұндай жерлердің болмауы мүмкін емес сияқты және неге жерге мұқтаж орыс шаруаны сонда көшірмеске. Оған қоса жерін баптап өңдейтін шаруаны үлгі етіп, қырғыздың малшысын да жер өңдеу мәдениетіне көшіртсе деген ой келеді. Іс жүзінде олай емес! Шаруаға егінін сәтті өсіру үшін не қажет? Жақсы топырақ және жеткілікті мөлшердегі тұщы су, ал бұл біздің даламызда жоқ”, – деп кесіп айтады. Орыс зерттеушілері мен қоныс аударушылардың, қоныс аударуды ұйымдастырушылардың пайымдарының барлығы қате екенін дәлелдей түседі.
М.Сердалин: “Даланың көптеген жерлерінде көне гидротехникалық құрылыстардың іздерін таба аласыз, мен бұрынғы арықтардың іздерін көргенімде таң қалатынмын, неге қазір сол жерлерде бір тамшы су жоқ деп. Тек географ Венюковтың жаратылыстанушылар мен дәрігерлердің 8-съезінің еңбектеріндегі баяндамасымен танысқаннан кейін ғана мен Орта Азия көлдерінің жалпы кебуіне себеп болатын шешілмеген себептер бар екенін түсіндім. Судың жетіспеушілігі – кез келген далалыққа өте ауыр тиетін мәселе. Біз әр су қоймасын қаншалықты кішкентай болса да, өте мұқият қорғаймыз, жыл мезгіліне қарай осындай су қоймаларын пайдаланамыз. Біз әр уақытта кең-байтақ даламызда өсіп тұрған ормандардың маңызын естен шығарған емеспіз. Орман мен шөп бар жерлер біздер үшін жақсы, су да жақын жерде болады. Аңғалдықтан емес, ғасырлық тәжірибе бізді тек қана мал шаруашылығымен айналысуға мәжбүр етеді, мүмкін кей өңірлерде егіншілікпен айналысады, мысалы, Атбасар, Көкшетау уездерінің кейбір оазистерінде. Қырғыздар алып жатқан жер байтақ – бұл факт, бірақ өкінішке орай, оның 1/2 бөлігі тек диқаншыға ғана емес, мал шаруашылығына да жарамайды, мысалы атақты Бетпақ дала”, – деп жер мәселесінің күрделі проблемаларын анық көрсетіп береді.
М.Сердалин су мәселесін қанша шешуге талпынғанымен далалы жерде оны шешу мүмкін емес екенін көрсетеді. Яғни жер шаруашылығымен айналысу құр әурешілік болатынын көрсетіп отыр. Ал енді мұндай жағдайда қазақ жеріне, Батыс Сібір өңіріне қоныс аударып келген орыс шаруаларының жағдайы қандай болмақ? Кезіндегі бурлар, скаветтерлер сияқты келіп, бос жатқан жерлерді игереміз деген қарашекпенділердің жағдайына автор ерекше назар аударады. Ол: “1889 жылдан бастап біздің даламызға орыс шаруалары келе бастады. Дала табиғатының жағдайын білмей тұрып, олар мұнда жұмақ болады деп ойласа керек, бірақ оңбай қателесті. Олардың шаруашылығы әрең тіршілік етіп келеді, оның өзі тек біресе тұқым, болмаса азық-түлік беріп келген үкіметтің тұрақты қолдауының арқасында. Шыдамағандары үй-жайын, шаруашылығын, басып алған жерлерін тастап қашып кетті. Енді бұрынғы елді мекендердің орнын қираған жұрттар және арамшөп басып кетті. Мұндай ауылдардан біз: Туполевка, Ивановка, Заборовка, Балакөл, Құмдыкөл, Ескі Чаглинка, Кіші Бабық, Ұлытау, Ақтау және т.б. жерлерді айта аламыз. Сонымен қатар, қалған ауылдардағы шаруалар шаруашылықтарын тастап кетейін десе кетуге рұқсат болмағандықтан отыр. Кедей, жартылай аш адамдар өздерінің қиялдап келген мекендерінен көңілі қалып, құлазыған күйде ешкімге үлгі бола алмасы анық”, – дейді.
Көшіп келушілердің жағдайын осылайша сипаттай келе атақты Ф.А.Щербинаның экспедициясын сынайды. Бұл экспедиция 1896-1901 жылдар аралығында Дала генерал-губернаторлығының он екі уезін зерттеген еді: Омбы, Петропавл, Ақмола, Көкшетау, Атбасар, Семей, Павлодар, Қарқаралы, Өскемен, Зайсан, Қостанай, Ақтөбе. Зерттеу барысында аталған өңірлерде шаруашылық санағын жүргізеді. Сонымен қатар, ауылдарда қандай жайылымдық алқаптар бар екендігін анықтайды. Экспедицияның аса маңызды міндеттерінің бірі – әрбір орта қазақ отбасының азық-түлік тұтынуының бюджеттік есебін жүргізу болды. Сондықтан экономикалық қажеттіліктер ғана емес, сонымен қатар жергілікті ресурстар да зерттелді: жер бедері, топырақ, өсімдіктер, су көздері. Баяндама авторы бұл жайында былай дейді: “Экспедицияға қатысқан адамдар одан да асқан жауапкершілікпен қажетті ақпаратты жинап, оларды топтастырып, осы мәліметтер негізінде белгілі бір немесе басқа тұжырымдар жасауы керек еді. Бірақ Щербина мырза мұны қалай жасайды? Қырғыздарға деген ойы қызыл жіппен бүкіл еңбегін тартып қойғандай біржақтылық көзқарас қалыптастырған. Қырғыз лас және жалқау, оның қыстаулары (үйлері) Щербина мырзаның айтуынша, балшық пен қидың үстіне тұрғызылғандай. Экспедиция гидротехнигі Батюшковтың айтуынша, қырғыздың суға деген қарым-қатынасы түсініксіз дейді. Біресе ол өте үнемді, су қоймаларын көздің қарашығындай күтеді, ал енді Щербина мырзаның айтуы бойынша, керісінше қырғыз даланы сусыздандыруда дейді. … Бірақ бұл дала, онда ішуге жарамды суы бар құдық арасындағы қашықтық ондаған, тіпті жүздеген шақырым деп саналады. Үлкен өкінішке орай, бізде әрдайым жуынуға арналған су табуға мүмкіндік болмай қалады, бұл жерде қалайша мінсіз тазалық туралы айтуға болады? Щербина мырза суы мол Ресейдің орталығында тұрсадағы орыс шаруасы өз күркесінің тазалығымен мақтана алмайтындығын ұмытып кететін сияқты. Көшіп келіп жатқан орыс шаруалары біздердің үйлеріміздің тазалығына таңқалыстарын жасыра алмай айтып кеткендерін талай естідім”, – дейді.
Щербинаның экспедициясы жауапкершіліксіз жасалған, қатеге толы зерттеу екенін айтады. Үкімет басында отырған шенеуніктерге берілген теріс ақпараттардың кесірінен ғасырлар бойы қалыптасып келген мал шаруашылығы, халықтың өмір сүру салты, жүйесі бұзылып жатқанын жеткізуге тырысқан. Барынша ғылымға, беделді ғалымдардың зерттеулеріне сүйене отырып, дәлелді етіп сөйлеген М.Сердалин баяндамасының маңыздылығы әлі де жойылған жоқ. Табиғи қауіптер жайында айтқан М.Сердалин Соколовтың “Русская мысль” журналына шыққан “Еуропалық Ресейдің оңтүстік белдеуін құрғақшылық пен су басуы”, профессор Докучаевтың “Біздің даламыз: бұрын және қазір” атты еңбегін, Сұлтан Ғазы Уәли ханның хаттарын, Успенскийдің 1891 жылғы “Русская мысль” журналында жарияланған “Көшпенділер мен орыс қоныс аударушылары” атты мақаласына нақты сілтеме жасап, қоныс аударуды тоқтату, егіншілікпен айналысуға жерлеріміз жарамайтындығы жайында барынша дәлелдеп шығады.
Баяндама қорытындысында Мәмбетәлі Сердалин сөзін былай деп түйіндейді: “Баяндамамды аяқтай отырып, орыс өнеркәсібі мен сауданы қолдау қоғамына ұлы өтініш айтсам деп едім, үкімет алдында араша түсіп, жасанды түрде әкелініп жатқан жер шаруашылығы мәдениетінің дала аймақтардың қазіргі мал өсіру мәдениетіне тигізіп жатқан зиянынан құтқарса екен. Мен дала өмірінің ғасырлар бойы қалыптасқан жүйесіне аяушылық танытуларыңызды сұраймын”, – деп тоқтайды.
Әрине, бұл баяндаманы жоғары мәртебелі графтар мен саудагерлер, беделді шенеуніктер қалай қабылдағанын білмеймін. Бірақ Мәмбетәлі Сердалин патшаға, министрліктерге бұл жайында талай хат жолдағанын және де хаттардың бүгіндері кейбірінің қолға тиіп отырғаны – оның өз заманының ұлы күрескері, халқына пана бола білген қайраткер екенінің тағы бір дәлелі.
Саят БАЙМҰРАТҰЛЫ,
тарихшы.