Халықаралық қоғамдастық жыл сайын қараша айының екінші бейсенбісінде Дүниежүзілік сапа күнін атап өтеді. Сапа – кез келген мемлекеттің немесе кәсіпорынның табыс кілті.
Техникалық реттеу және метрология комитеті облыс бойынша департаментінің негізгі міндеті өнімдердің сапасына бақылау жасау және ішкі нарықтағы тауарлар мен қызмет түрлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Мемлекет басшысы Үкімет пен тиісті органдардың алдына еліміздің ішкі нарығындағы тауарлар мен қызмет түрлерінің халықаралық стандарттарға сәйкес қауіпсіздігін қамтамасыз ету, отандық тауарлардың сыртқы рыноктардағы бәсекелестікке қабілеттілігін арттыру мәселелеріне байланысты ауқымды да нақты міндеттер жүктеді. Бұл көкейкесті міндеттерді жүзеге асыру үшін мемлекет тарапынан қажетті жағдайлардың барлығы жасалуда. Тиісті заңдар қабылданып, техникалық реттеу және сапаны жетілдірудің нақты құқықтық негізі қалыптастырылды. Мемлекет тарапынан жасалған жағдайлар мен көрсетіліп жатқан қолдаулар дамыған елдердің тәжірибелеріне сүйеніп жүзеге асырылуда.
Сапа – қашанда күрделі мәселе. Елімізде техникалық реттеу туралы заң қолданысқа енгізілгеннен бері тауарлардың сапасына, тұтыну мен қызмет көрсету саласына өзгерістер енгізіліп, оларға ерікті қолдану қағидасы таратылды.
Бұл реформада Қазақстандағы техникалық реттеуді қарқынды және икемді ету мақсаты көзделіп, бір жағынан тауар өндірушілерге әкімшілік қысым көрсету азайтылса, екіншіден, нарыққа тек қауіпсіз тауарларды шығару мүмкіндігі пайда болды.
Тауар мен қызмет көрсету сапасын қадағалау – тұтынушылардың құқығын қорғайтын мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдары мен азаматтардың құзырында. Сапалы тауар сатып алу немесе қызметті пайдалану – әр тұтынушының құқығы. Сапа – қоғамның көңілін толтыруға тиісті және оның ахуалын көтеретін қуатты құрал. Бүгінде өңіріміздегі көптеген тауар өндірушілер сапа жөнінен мықты стратегиялық жоспар құруға дағдылануда.
Бүгінгі таңда әлемдегі барлық елеулі өндіріс орындарын сапаны арттыру мәселесі толғандырады. Біздің облыстағы іргелі өндіріс орындарының даму көрсеткіштеріне сүйенер болсақ, көптеген кәсіпорындар 2023 жылы сапа менеджменті стандарттарының жаңа сериялар жүйесін игерді. Біздің облыста өндірілген тауарлардың біразы сырт аймақтарға шығарылады. Осының өзі тауарлардың сапасы тұтынушылар көңілінен шығатындығын айқындайды. Сапаны басты назарға алып, абыроймен тауар өндіретін, қызмет көрсететін солтүстікқазақстандық кәсіпорындар жетерлік. Олардың бірқатары үстіміздегі жылы ұйымдастырылған “Қазақстанның үздік тауары” көрме-конкурсының өңірлік кезеңінің жеңімпазы атанды. Олардың қатарында “Казмясопродукт”, “Молсервис”, “Экомол Сергеевка”, “Радуга”, “Аймақ 715”, “АБД – Орманы” сынды серіктестіктер бар.
Екатерина ПАРШИНА,
Техникалық реттеу және метрология комитеті СҚО бойынша департаментінің бас маманы.