«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Мәскеуліктер ықыласы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ресей астанасы Мәскеуде “ГИТИС – шеберлік сағаты” деген атаумен ТМД елдерінің театр фестивалі ұйымдастырылды. Өнер салтанатына қатысушылардың арасында – облысымыздағы Ермек Серкебаев атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың оқушылары да болды.

Талантты студенттер Мәскеуге жазушы Мұхтар Әуезовтің әңгімесі бойынша сахналанған “Қорғансыздың күні” спектаклін апарған. Қойылымда ойнайтын әртістердің жасы 18-де.

– “Қорғансыздың күні” – психологиялық шығарма. Туынды тағдыр тауқыметін арқалаған жүдеу үйдегі зағип әйел, кәрі әже, жас қыздың бейнесімен байырғы қазақ ауылындағы кедейлер өмірінің бір көрінісін тамыр тереңінен қопарып көрсетеді. Оқиға барысында жас қызды зәбірлеп, зорлық көрсеткен Ақан секілді қатыгез, жауыз болыстың айуандық бетпердесі ашылады. Қорлыққа жаны төзбеген Ғазизаның әкесінің моласына барып, боранға ұрынып, үсіп өлуінің себебін жазушы шебер суреттейді. Сол қорғансыздың күйін кешкен Ғазизаның бейнесі біздің қоғамда да бар. Біз осы жағына баса мән бердік, – дейді өнерпаздардың тәлімгері Асылхан Разиев.

Шығармадағы басты кейіпкер Ғазизаның рөлін сомдаған Ақнұр Исекова өнер додасынан тәжірибе жинағанын жеткізіп, басқа ұлт өкілдерінің алдына шығарда спектакльдің тілін түсіне ала ма деген күдік пен үрей бойларын билегенін жасырмады.

– Он үш жасар қыздың қилы тағдыры адам жанын елжіретпей қоймайды. Сол тағдырды сахналап, тұла бойыңнан өткізгенде сай сүйегің сырқырайды. Ғазизаның болашағына балта шапқан Ақан мен Қалтайдың жауыздығын қайталайтындар қазір де бар. Одан сабақ алуға міндеттіміз, – дейді ол.

Фестиваль аясында Ресейдің ең танымал театр институттарының оқытушылары сахналық шеберлік сабағын өткізіп, студенттердің жұмысына баға берді.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp