Солтүстікқазақстандық бишілер Түркияның Ыстамбұл қаласында өткен “Istanbul autumn festival” байқауына қатысып, екі бірдей бас жүлде мен 1-ші орынды қанжығаларына байлап қайтты.
Фестивальде ел намысын “Тұмар” ансамблі қорғады. Өнер ұжымының жетекшісі Ақерке Мұсалимованың шәкірттері байқауда “Қазақ елі”, “Қызыл оқ” және “Шаттық” билерін орындап, көрермендердің қошеметіне бөленді. Модерн стиліндегі композициялар қазылар алқасы тарапынан жоғары бағаланды.
– Халықаралық байқауда “Қазақ елі” мен “Қызыл оқ” билерін орындадық. Бұл шығармаларымыз бас жүлдеге лайық деп танылды. Ал “Шаттық” биі үшін бізге 1-ші орын берілді. Модерн стиліндегі екі би арқылы қазақ халқының бастан кешкен зұлмат кезеңдерін көрсетуге тырыстық, – дейді Ақерке Мұсалимова.
Халықаралық байқауда жерлестерімізден бөлек, еліміздің Астана, Алматы және Шымкент қалаларының бишілері өз өнерлерін ортаға салды.
“Qyzyljarnews.kz”