Қарашаның 7-сі күні облыс орталығындағы Жуков және Н.Назарбаев көшелерінің аралығындағы диаметрі 800 миллиметрлік кәріз коллекторының зақымдануына байланысты төтенше жағдай режімі енгізілген болатын. Апат орнына облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов барды.
Осы оқиғаға орай түсініктеме берген қала әкімі Серік Мұхамедиев құбырдың 1956 жылы іске қосылғанын, бүгінде мұнда 19-шы, 20-шы шағынаудан, Жұмысшы кенті мен “Берекеден”, сондай-ақ вокзал маңы аумағынан, Нефтепроводная көшесіндегі өндірістік аймақтан сарқынды сулар жиналатынын жеткізген.
“Қазір коллектор жұмыс істеп тұр. Бірақ әбден тозғандықтан, зақымдану фактілері жиілеп кетті. Оның толық тоқтап қалуына жол бермеу үшін қалпына келтіру мақсатымен техногендік сипаттағы нақты шаралар қабылданатын болады. Жағдайға түсіністікпен қарауға шақырамыз, алаңдауға еш негіз жоқ”, – деді Серік Мақсұтұлы.
Сөз арасында қазан айында диаметрі 800 миллиметрлік тағы бір коллектор опырылып түсіп, кәріз суы көпқабатты үйлердің жертөлелерін шайып кеткен. Су бұру кешенінің басшысы Вячеслав Визеров коллектордың 1966 жылы салынғанын, қызмет ету мерзімі әлдеқашан өтіп кеткенін айтқан.
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов ақау анықталған кәріз коллекторының жөндеу жұмыстарымен танысып, уақытылы әрі сапалы орындалуын тиісті ведомстволарға тапсырды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.