«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Елдігіміздің белгісі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл біз мемлекетіміздің тарихындағы ерекше күн – ұлттық валютамыздың енгізілгеніне 30 жыл толуын атап өтеміз. Қазақстан Жоғарғы Кеңесі ұлттық валютаны – теңге, ал 1 теңгенің жүзден бір бөлігін – тиын деп атауды дұрыс деп тапты. Кәсіби дизайнерлердің арнайы тобы алғашқы банкноттарды әзірлеумен айналысты. Олардың алдында банкноттарға арналған кескіндер тұжырымдамасын таңдау міндеті тұрды. Топ үш дизайн нұсқасына тоқталды. Біріншісі классикалық, портрет және белгілі бір кескінге тән иллюстрациялық материалдар. Екіншісі – авангардты, сәндік элементтер мен сәулеттік құрылымдар. Үшіншісі – симметриялы, онда кейбір кейіпкерлердің бейнесі ортаға орналастырылған.

Нәтижесінде банкноттардың бет жағына әл-Фарабидің, Сүйін­байдың, Құрманғазының, Шоқан Уәлихановтың, Абай Құнанбаев­тың, Әбілқайыр мен Абылай хан­дардың бейнелерін қою туралы ше­шім қабылданды. Банкноттардың сырт жағы Бурабай, Іле Алатауы, Балқаш көлі, сондай-ақ атақты ме­шіттер мен кесенелер сияқты қа­зақтың киелі жерлерін қамтыды. Осылайша теңгенің алғашқы банк­ноттарында қазақ халқының мәде­ниетінде, ғылы­мында және мем­лекеттік өмірінде әртүрлі кезең­деріндегі елеулі із қалдырған та­рихтың ұлы ойшыл­дары бейне­ленген. Біздің елімізде банкнот фабрикасының болмауы­на байла­нысты өте шұғыл тәртіпте банкноттарды жасау Ұлыбрита­ниядағы “Харрисон және оның ұл­дары” фирмасының көмегімен жү­зеге асырылды. Айта кетейік, Қа­зақстанда баспа фабрикасы 1995 жылы ашылған.

Қазақстанның ұлттық валюта­сы 1993 жылғы 15 қарашада бүкіл ел аумағында айналымға енгізілді. Айырбастауға қатысқан банктер мен қаржы органдары қызметкер­лерінің, сондай-ақ банк жүйесінің қазіргі ардагерлерінің жадында ұлт­тық валютаның енгізілгені туралы естеліктер бүгінге дейін сақталған.

Солтүстік Қазақстан облысын­да ескі ақшаны қазақстандық тең­ге­ге айырбастау 1993 жылғы 15 қа­рашада таңғы сағат 8:00-де баста­лып, 20 қарашада кешкі сағат 20:00-де сәтті аяқталды. Айырбас­тауға Ұлттық банк жүйесінің қыз­мет­кер­лері, сон­дай-ақ екінші дең­гейдегі банктердің барлық 12 фи­лиалы мен “Қазпош­та” филиалы­ның қыз­меткерлері қатысты. Айырбастау кезінде же­дел мәселелерді шешу­де облыстық, қалалық және аудан­дық әкім­шіліктер үлкен көмек көр­сетті.

Облыста айналымнан 1961-1992 жылдар үлгісіндегі 19,6 млрд. рубль алынып, 362 мың адам ақша айырбастады. Ал жалпы Қа­зақ­стан бойынша 950 млрд. тең­геден астам ақша айырбасталды.

Соңғы жылдары Ұлттық банк теңгенің қорғалуын және қолма-қол банкноттардың сапалық жай-күйін жетілдіру бойынша көптеген жұ­мыс­тар атқаруда. Бастапқыда 1-ден 100 теңгеге дейінгі купюра­лар болған. Содан кейін дизайны өзгер­тілген және қорғалу деңгейі ұлғай­тыл­ған жаңа үлгідегі 200, 500, 1000 және 2000, 5000, 10000 және 20000 теңгелік банкноттары айналымға енгізілді. Айта кетейін, қазақстан­дық теңге әлемдегі ең қорғалған ва­люталардың бірі бо­лып табылады.

Бүгінде еліміздің өз ақша өн­ді­рісі – банкнот фабрикасы және Қа­зақстан теңге сарайы бар. Қазақ­стандық банкноттар мен монета­лар бірнеше рет жоғары халық­аралық наградалармен марапат­талды.

2017 жылы “Ғарыш” сериясын­дағы “Венера-10” және “Дала қа­зынасы” (“Сокровища степи”) се­рия­сындағы “Күлтегін” күміс моне­талары “BEST COIN INNOVATION” және “BEST NEW COMMEMO­RATIVE COIN OR TEST COIN” аталымдары бойынша Варшавадағы IACA Excellence in Currency 2017 Coin Awards байқауының фина­листері болды.

Сондай-ақ Ұлттық банк ұсын­ған “Сиқырлы нышандар” серия­сын­дағы қазақстандық “Таға” мо­нетасы “Монета жұлдыздары – 2017” ха­лықаралық байқауында “Кәдесый монета” номинациясын­да II орынға ие болды. 2016 жылы “Монета жұл­дыздары – 2017” ес­керткіш монета­лардың оныншы ха­лықаралық бай­қауында 2015 жылы шығарылған монеталар се­риясы үшін ұйым­дастыру комитетінің арнайы сый­лығын Ұлттық банк пен Ұлттық банктің теңге са­райы алды. Қазақ­станның ескерт­кіш монеталарының өзіндік және қайталанбас стилі бар, сондықтан олар монета нарығында сұраныс­қа ие. Қазақ монеталары қызықты дизайнымен, жоғары са­палы дайындығымен және иннова­ция­лық технологияларды қолда­нуы­мен ерекшеленеді.

Өткен 30 жыл ішінде Қазақ­станның банк секторында үлкен өз­герістер орын алды, халықаралық стандарттарға сәйкес банк жүйесін реформалау бағдарламасы іске асырылды, қазақстандық банк­тердің қысқаруы мен іріленуі бір жолға қойылды, жаңа банк техно­логиялары қолданыла бастады, банк қызметтерінің көлемі мен кә­сіби банк маркетингі бірнеше есе өсті.

Қазіргі уақытта қаражат жинау­дың қаржылық құралдарының бірі ретінде халық арасында алтын құй­маларын сатып алуға сұраныс ар­тып келеді. Алтын құймалар се­нім­ді инвестициялау құралы ретінде әрекет ете алады және жинақ ақ­шаны сақтаудың ең тиімді және қауіпсіз әдістерінің бірі болып са­налады. Алтын құймалар нарығының өтімділігін қамтамасыз етудің басты факторы – банктердің және банктік емес айырбастау пунктте­рінің клиентке сол мезетте ақшаны төлей отырып, құймаларды кері са­тып алу мүмкіндігі.

Қазақстан Ұлттық банкі 2017 жылы халыққа тазартылған алтын­ның өлшенген құймаларын сату және сатып алу жөніндегі бағдар­ламаны іске қосты. Еліміз бойын­ша (оны пайдалану басталғаннан бері) жалпы салмағы 4,9 тонна болатын 140864 алтын құйма са­тылды, Сол­түстік Қазақстан облы­сында жалпы салмағы 40,4 кг. болатын 1198 ал­тын құйма өз ие­сін тапты.

Біздің өңірде қазіргі уақытта алтын құймаларды сатумен және сатып алумен екінші деңгейдегі банктердің 3 филиалы (“Еура­зиялық Банк”, “Jusan Bank” және “ЦентрКредит Банкі”), сондай-ақ бір банктік емес “Тамерлан и Ко” серіктестігі айырбастау пункті айна­лы­сады. Қаржы ұйымдарында са­тып алу-сатудың мұндай операция­ла­­рының қауіпсіздігі мен сенімділігі қамтамасыз етіледі.

Алтын инвестициялық монета­лар мен өлшенген құймалар ұқсас өнімдер болып табылады, бірақ орындау формалары әртүрлі. Сер­тификатталған алтын өлшенген құймаларды Теңге сарайы дайын­дайды және жоғары сынамаға ие (999,9), бес сортта ұсынылған: 5, 10, 20, 50 және 100 грамм, өндіріс стандарттарына сәйкес, бұл құй­малардың түпнұсқалығына кепіл­дік береді. Әрбір құйма қорғаныс элементтерімен жабдықталған, құй­маның айна беті, микротекст және жиегі бар. Құймалар меха­никалық зақымданудан қорғау үшін арнайы қаптамада болады. Арнайы қапта­ма алтын құйманың сапа сертификаты екендігін білу маңызды.

Ұлттық банк еліміздің қалың жұртшылығы арасында монета өнімін дәріптеу үшін 2022 жылы “Қазақстан монеталары” мобиль­дік қосымшасын іске қосты. Мобильді қосымша циркуляциялық, коллек­ция­лық және инвестиция­лық мо­неталардың электрондық каталогы түрінде әзірленді. Онда Ұлттық банк шығарған барлық монетаға қатысты ақпарат топтас­ты­рылған. Қосымшада әр серия бойынша шы­ғарылған монеталар­дың қысқаша сипаттамасы мен та­қырыптық бө­лімдер қамтылып отыр. Кейбір же­келеген монеталар туралы видео­роликтерге, монета­лардың 3D-кескініне, сондай-ақ толықтырыл­ған шынайылық эле­мент­теріне сілтеме берілген.

Сондай-ақ мобильді қосымшада жеке электрондық базаны (коллекция жиынтығын) құру мүм­кіндігі бар пайдаланушы опцияла­ры қарастырылған. Бұл – қолда бар монеталардың қағаздағы есе­бінің тиімді баламасы. Коллекция­лық монеталарды сату Ұлттық банктің интернет-дүкені арқылы жүзеге асырылатынын атап өткім келеді.

Мобильді қосымша Қазақ­стан­ның нумизматика тарихынан сыр шертіп, түрлі дәуірлер мен кезеңдердегі сәулет және мәдени ескерткіштермен, маңызды тарихи оқиғалармен, қазақ халқының көр­некті қайраткерлерімен, бай мәдениетімен және дәстүрімен таны­суға мүмкіндік береді.

Қазақстан ұлттық валютасы­ның өткен 30 жылы сол қиын кезеңде теңгені енгізудің объективті тарихи маңыздылығын көрсетті. Бұл қадам экономика­дағы құры­лымдық өзге­рістерді жеделдетуге ықпал етті. Теңгенің ен­гізілуімен елі­міздің банк жүйесін дамытудың жаңа кезеңі басталды. Өз валю­тасын енгізу тәуелсіз Қа­зақстан үшін міндетті атрибут бо­лып қана қоймай, оның экономика­сын одан әрі реформалау жолындағы шешуші кезең болды, ең бас­тысы – Қазақстанның Ұлттық банкі­нің дербес ақша-кредит саясатын жүргізуінің бастамасына айналды.

Кәсіби мереке қарсаңында сала ар­дагерлерін, қаржыгерлерді, қар­жы саласының қызмет­кер­лерін ұлттық валюта – теңгенің енгізілуінің 30 жылдығымен және кәсіби мереке – Қаржыгер күнімен шын жүректен құттықтағым келеді. Сіздерге шын жүректен жаңа жеңіс­тер мен жетістіктер тілеймін.

Диас МЭЛС,

“Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі” РММ Солтүстік Қазақстан филиалының директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp