«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Таньгадан теңгеге дейін

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кез келген егемен елдің рәмізі болатыны секілді өз валюта­­сының болуы да заңды. Ұлттық валютаны жариялап, оны айна­лымға енгізу – тәуелсіздіктің басты қадамда­рының бірі.

Қазақтың теңгесі 1993 жылы 15 қарашада айналымға енді. Елдің егемендігін жаңадан жар салған аумалы-төкпелі уақытта төл теңге­мізді дүниеге әкелу тәуекелді қадам болатын. Мем­лекеттегі экономика­лық қиындық­қа қарамастан, қазақ ұлтының тұңғыш валютасы жарық көрді. Қазақ даласының ұлы тұлға­ла­ры Әл-Фараби, Абылай хан, Абай, Жамбыл, Сүйінбай, Шоқан­дар бейнеленген теңге тәуелсіз­діктің жаршысына айналды.

Тарихи мәліметтерге сүйен­сек, бү­гінгі қазақ елінің аумағында ал­ғаш­қы күміс монета XV ға­сырда пай­да болған. Отырар қа­ласында “тань­га” деген атпен құйылған мо­нета заманауи теңге атауының шы­ғуына себепкер болды. Ал Қазақ­стан­ның ұлттық валютасы, төл тең­геміздің тари­хы 1993 жылдан бастау алады. Алғашқы қағаз ақша Ұлы­бри­танияда басылды. Ұлттық ва­лю­таның бекуі ел экономикасының аяғынан нық тұруына да септігін тигізді.

Ұлттық валютаны енгізу Ұлт­тық банкке экономикалық, ақша-не­сие­лік және валюталық саясат­ты дербес жүргізуге мүмкіндік жа­сады. Осы оқиғалардан соң ар­тынша Қа­зақстандық банкара­лық валюта бир­жасы құрылды. Жаңа қаржы институты валюта бағамын түзеу мен реттеу үшін керек болды. Бир­жалық сауда-саттық алдымен ап­тасына екі рет, содан соң үш рет және ары қа­рай 1995 жылдан бастап күн­де­лікті жүргізілді. 1994 жылы Қазақ­станның жаңа тарихында алғаш рет егемен мемлекеттің экономи­касы ұлттық валютаға негізделді. Бұл жыл күрделі болды. ТМД-ға мүше елдердің қаржылық жүйелерінің бөлінуі өзара үйлесімсіз, валютаны енгізу мерзімдерін, бұрын қол қойылған келісімдерді бұза жүр­гі­зілді. Бұған эконо­ми­калық қиын­дықтар, банк жүйе­сінің өркендеуі мен тұрақтылық мәселелері қо­сылды. Импорттық тауарға сұраныс көлемі азайды. Сөйтіп, бұл шетел ва­лютасына сұраныстың артуына, яғни, дол­лар бағамының өсуіне ық­пал етті.

Қазақ халқының өз ұлттық валютасының пайда болуы тәуелсіз мемлекет екендігі­міздің шынайы айнасы болып табылады. Қазақ­станның ұлттық валютаға көшуі бұ­рынғыдан да нақты әрі тәуелсіз жоспар бойын­ша әлеуметтік-экономикалық ре­формалар бағытын жал­ғастыруға мүмкіндік берді. Ақша ре­формасын дәйекті жүргізу Қазақ­стан халқының тұрмыс жағдайын бір­те-бірте жақсартуға көмектесті.

Кез келген ақша сол елдің өткені мен бүгінін және болаша­ғын айқын­дауға септігін тигізеді. Ақша – тауарлар мен қызмет көр­сетудің өлшемі.

1993 жылы өз валютасын енгі­зуді Украина мен Белоруссия, Қыр­ғызстан мен Балтық жаға­лауы ел­дері қолға алды. Қазақ­стандық ва­лютаны енгізу жоспа­ры негізінен 1991 жылы жасал­ған. Алдымен қа­зақстандық дизайнерлер тобы құ­рылды. Топтың құрамына Меңдібай Әлин, Тимур Сүлейменов, Ағымса­лы Дүзел­ханов, Хайролла Ғабжә­лелов сынды шеберлер кірді. Қазақ­стан тарихы мен мәдениетін зерт­теген шеберлер алдымен валютамыз­ға атау іздеді. Әуелде “ақша”, “алтын” сияқты атаулар да ұсы­ныл­ды. Бірақ көпшілігі түркі сөзі “теңге” атауын дұрыс көрді. Со­нымен қатар қағаз ақшаға хал­қымызға белгілі ақын-жазушы, ғалым, ойшылдар­дың бейнеле­рін салу ұйғарылды.

Суретшілердің айтуынша, бәрі­нен де Әл-Фараби бейнесі бар банк­ноттар қатарын ашатын бір теңгелік купюраны жасау қиынға түскен. Оның портреті бұ­рынырақта кеңес одағының Ғы­лым академиясымен канониза­цияланған (әулиелер са­натына қосылған) еді. Оны ғалым­дардың мұрағаттарда сақталған ең­бектерінен табу да оңайға соқ­папты. Бір теңгелік номинал басқа купю­раларға идея берген негізгі но­ми­нал болды. Онда Әл-Фарабидің ислам әлеміндегі барлық мешіт­тердің күмбездері есептелген схе­малары, формулалары бейнелен­ген еді. Басқа купюраларды жа­­сау­да да қиындықтар болды. Олардың ішіндегі ең негізгісі – дизайнерлер банк­ноттарда бейнелегісі келген та­рихи тұлғалардың тура бейнелерінің болмауы еді.

Теңгенің айналымға шығары­луы – біздің жас, тәуелсіз респуб­ли­камыздың жылнамасындағы ең ма­ңызды оқиғалардың бірі болып та­былады. Ол еліміздің тәуелсіздігін нығайту жолындағы түбегейлі әлеуметтік-экономикалық реформа­ларды жүргізу үшін қажетті тари­хи қадам болды. Ал осы жылы қарашаның 22-сінде зейнетақы мен ең­бекақы теңге­мен беріле бастады. Елімізде валюта айырбастау пункттері ашы­лып жатты. Кейін Алматы қаласында Ұлттық банктің Банкнот фабрикасы, Өскеменде “Тең­ге” са­райы ашылды. Уақыт тала­бына сай теңгенің дизайны өз­герді. Бүгінде купюраларымыздың қорғаныштық қасиеті дамыған елдер валютасымен бә­секелесе алатын деңгейге жетті.

Меруерт КЕҢЕСБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp