Мағжан Жұмабаев ауданындағы Сулышоқ ауылы бес жылдың ішінде болашағы зор елді мекендердің қатарына қосылды. Осы аралықта ауылда жаңа тұрғын үйлер бой көтеріп, әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Жол жөнделіп, ауылға таза су тартылды. Тұрмысқа жайлы жағдай жасалғандықтан мұндағы халық саны үш есе өсті. Ауылдың көркеюіне жергілікті кәсіпкер Қайрат Жәнібековтің қосқан үлесі зор.
“Мектепті бітірісімен Петропавлдағы ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түсіп, техник-механик мамандығын алып шықтым. Ауыл шаруашылығы саласында жүргеніме 27 жыл болды. Тоқсаныншы жылдар болатын, кеңшарлар құрып, ертеңіміз бұлыңғыр кез. Отбасымызға 76 гектар жер бұйырды, көп ұзамай біз егін егуді бастадық. Қиындықтарға мойымадық, ерінбедік. Көп өтпей қатарымызға шағын шаруашылықтар қосылды. Нәтижесінде “Агро-Комплекс-Сулышоқ” жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрдық”, – дейді ол өткен күндерді еске алып.
Қазір серіктестіктің иелігінде 1184 гектар жер бар. Негізінен бидай, арпа, сұлы егеді. Мамандар егіншілікті ғана емес, мал шаруашылығын дамытуға да басымдық беруде. Жуырда фермаға симментал тұқымды ірі қара жеткізілген.
Сулышоқ – бүгінде 300-ге жуық тұрғыны бар, өмірі қыз-қыз қайнаған елді мекен. Бұл – орасан еңбектің нәтижесі. Жақында ол да көптеген қазақ ауылының кебін киіп, құрып кетудің аз-ақ алдында болған екен.
“2017 жылы бала санының аздығына байланысты мектеп жабылады деген хабар жетті. Анық-қанығын білмек болып бірден әкімдікке хабарластым. Олар бұл ақпаратты растады. Ондағы мамандар халықты жұмыс күші көп өңірлерден солтүстік облыстарға көшіретін бағдарлама бар екенін айтты. Дәл сол күні ауданға жеті баласы бар бір отбасы келіпті, аудан орталығындағы қонақүйге орналасқан екен. Ауылға алып келдім. Оларға ауыл ұнады, қалатын болды. Сөйтіп, біздің мектептегі бала саны 14-ке жетті”, – дейді кәсіпкер. 2018 жылы ауылға төрт баласы бар тағы бір отбасы көшіп келген. Алайда әкімдіктегілер, бала санының межелеген нормаға жетпейтінін айтып, мектептің есігіне қара құлып салынатынын тағы бір мәрте ескерткен. Білім ошағы жабылса, ауылдың да іргесі сөгілетінін білген Қайрат Сапарғалиұлы облыс әкімінің сол кездегі орынбасары Айдарбек Сапаровтың қабылдауында болып, жағдайды түсіндірген. Айдарбек Сейпілұлы 30 бала болса мектептің жабылмайтындығын жеткізіпті.
2019 жылы шаруашылық есебінен қоныс аударушыларға бес үй салынған. Бюджет есебінен қосымша 5 үй тұрғызылды. Осылайша бір жазда ауылда 10 жаңа үй пайдалануға берілді. Жайлы жағдай жасалғаннан кейін Сулышоққа қоныс аударуға ниетті отбасылар саны молайған. “Содан бері ауылымызға 24 отбасы қоныс аударған екен. Оларға бес жылдың ішінде жаңа 20 баспана берілді”, – дейді кәсіпкер.
Сулышоқ ауылына қоныс аударғандардың ішінде мұғалімдер де бар, олар жергілікті мектепке жұмысқа орналасқан. Ветеринар, электрик сынды өзге де мамандық иелері шаруашылықта жұмыс істеп жатыр. Қазір серіктестікте кадр тапшылығы жоқ, көшіп келген адамды жұмысқа қабылдауға әзір. “2017 жылы (студенттермен қоса есептегенде) Сулышоқта 76 адам болған. Қазіргі уақытта тұрғындар саны – 266. “Еңбек” бағдарламасымен 24 отбасы көшіп келген. Серіктестік болашақта қоныс аударушыларға тағы 10 үй салып беруді жоспарлап отыр. “Бұл алдағы үш жылға арналған жоспарымыз. “Қазір 50/50 бағдарламасы бар, шығынның жартысы мемлекет есебінен өтеледі”, – дейді Қайрат Жәнібеков.
Серіктестік басшысы қоныс аударған отбасыларды үймен ғана емес, төрт түлікпен де қамтамасыз етуде. Тұрғындарға үш жылға сиыр беріледі. Олар төлін өздеріне алып қалып, сиырды уақыты келгенде қайтарып беруі керек.
“Былтыр Мәдениет үйін салдық. Қазір барлық мерекелерді осы клубта өткіземіз, жастарға арналған би кештері ұйымдастырылады. Әлеуметтік нысандар ашылуда, мұның бәрі қосымша жұмыс орны ғой. Апаттық жағдайда тұрған мектепті күрделі жөндеуден өткіздік. Жиһазы, асхананың жабдығы жаңадан алынды. Биыл балабақша құрылысы жүріп жатыр, оны жыл соңына дейін пайдалануға береміз. Медициналық пункт жұмыс істейді”, – дейді кәсіпкер.
Туған жеріне жанашыр жан мектепті үздік оқыған оқушылардан да қолдауын аяған емес. Білім ордасын жақсы бағамен аяқтаған 9 оқушыға асыл тұқымды ірі қара малдың бұзаулары беріліпті. Бала санының көбеюіне байланысты мектеп басшылығы оқушыларды екі ауысымда оқытатын болған. “Елді мекенге кең әрі жайлы мектеп керек. Бұл мәселені көтергенімізге екі жыл болды”, – дейді Қайрат Сапарғалиұлы.
Кәсіпкердің айтуынша, қазақтың түп қазығы – ауыл. Осы байлығымызды сақтап қалуға міндеттіміз. Ол үшін халыққа жағдай жасау керек.
Серіктестік басшысының алға қойған мақсаттарының бірі – ауылда өндіріс орнын ашу. Мешіт салуды да жоспарлап отыр. Оған арналған учаске әзір тұр.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.