Биыл біз мемлекетіміздің тарихындағы ерекше күн – ұлттық валютамыздың енгізілгеніне 30 жыл толуын атап өтеміз. Қазақстан Жоғарғы Кеңесі ұлттық валютаны – теңге, ал 1 теңгенің жүзден бір бөлігін – тиын деп атауды дұрыс деп тапты. Кәсіби дизайнерлердің арнайы тобы алғашқы банкноттарды әзірлеумен айналысты. Олардың алдында банкноттарға арналған кескіндер тұжырымдамасын таңдау міндеті тұрды. Топ үш дизайн нұсқасына тоқталды. Біріншісі классикалық, портрет және белгілі бір кескінге тән иллюстрациялық материалдар. Екіншісі – авангардты, сәндік элементтер мен сәулеттік құрылымдар. Үшіншісі – симметриялы, онда кейбір кейіпкерлердің бейнесі ортаға орналастырылған.
Нәтижесінде банкноттардың бет жағына әл-Фарабидің, Сүйінбайдың, Құрманғазының, Шоқан Уәлихановтың, Абай Құнанбаевтың, Әбілқайыр мен Абылай хандардың бейнелерін қою туралы шешім қабылданды. Банкноттардың сырт жағы Бурабай, Іле Алатауы, Балқаш көлі, сондай-ақ атақты мешіттер мен кесенелер сияқты қазақтың киелі жерлерін қамтыды. Осылайша теңгенің алғашқы банкноттарында қазақ халқының мәдениетінде, ғылымында және мемлекеттік өмірінде әртүрлі кезеңдеріндегі елеулі із қалдырған тарихтың ұлы ойшылдары бейнеленген. Біздің елімізде банкнот фабрикасының болмауына байланысты өте шұғыл тәртіпте банкноттарды жасау Ұлыбританиядағы “Харрисон және оның ұлдары” фирмасының көмегімен жүзеге асырылды. Айта кетейік, Қазақстанда баспа фабрикасы 1995 жылы ашылған.
Қазақстанның ұлттық валютасы 1993 жылғы 15 қарашада бүкіл ел аумағында айналымға енгізілді. Айырбастауға қатысқан банктер мен қаржы органдары қызметкерлерінің, сондай-ақ банк жүйесінің қазіргі ардагерлерінің жадында ұлттық валютаның енгізілгені туралы естеліктер бүгінге дейін сақталған.
Солтүстік Қазақстан облысында ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастау 1993 жылғы 15 қарашада таңғы сағат 8:00-де басталып, 20 қарашада кешкі сағат 20:00-де сәтті аяқталды. Айырбастауға Ұлттық банк жүйесінің қызметкерлері, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктердің барлық 12 филиалы мен “Қазпошта” филиалының қызметкерлері қатысты. Айырбастау кезінде жедел мәселелерді шешуде облыстық, қалалық және аудандық әкімшіліктер үлкен көмек көрсетті.
Облыста айналымнан 1961-1992 жылдар үлгісіндегі 19,6 млрд. рубль алынып, 362 мың адам ақша айырбастады. Ал жалпы Қазақстан бойынша 950 млрд. теңгеден астам ақша айырбасталды.
Соңғы жылдары Ұлттық банк теңгенің қорғалуын және қолма-қол банкноттардың сапалық жай-күйін жетілдіру бойынша көптеген жұмыстар атқаруда. Бастапқыда 1-ден 100 теңгеге дейінгі купюралар болған. Содан кейін дизайны өзгертілген және қорғалу деңгейі ұлғайтылған жаңа үлгідегі 200, 500, 1000 және 2000, 5000, 10000 және 20000 теңгелік банкноттары айналымға енгізілді. Айта кетейін, қазақстандық теңге әлемдегі ең қорғалған валюталардың бірі болып табылады.
Бүгінде еліміздің өз ақша өндірісі – банкнот фабрикасы және Қазақстан теңге сарайы бар. Қазақстандық банкноттар мен монеталар бірнеше рет жоғары халықаралық наградалармен марапатталды.
2017 жылы “Ғарыш” сериясындағы “Венера-10” және “Дала қазынасы” (“Сокровища степи”) сериясындағы “Күлтегін” күміс монеталары “BEST COIN INNOVATION” және “BEST NEW COMMEMORATIVE COIN OR TEST COIN” аталымдары бойынша Варшавадағы IACA Excellence in Currency 2017 Coin Awards байқауының финалистері болды.
Сондай-ақ Ұлттық банк ұсынған “Сиқырлы нышандар” сериясындағы қазақстандық “Таға” монетасы “Монета жұлдыздары – 2017” халықаралық байқауында “Кәдесый монета” номинациясында II орынға ие болды. 2016 жылы “Монета жұлдыздары – 2017” ескерткіш монеталардың оныншы халықаралық байқауында 2015 жылы шығарылған монеталар сериясы үшін ұйымдастыру комитетінің арнайы сыйлығын Ұлттық банк пен Ұлттық банктің теңге сарайы алды. Қазақстанның ескерткіш монеталарының өзіндік және қайталанбас стилі бар, сондықтан олар монета нарығында сұранысқа ие. Қазақ монеталары қызықты дизайнымен, жоғары сапалы дайындығымен және инновациялық технологияларды қолдануымен ерекшеленеді.
Өткен 30 жыл ішінде Қазақстанның банк секторында үлкен өзгерістер орын алды, халықаралық стандарттарға сәйкес банк жүйесін реформалау бағдарламасы іске асырылды, қазақстандық банктердің қысқаруы мен іріленуі бір жолға қойылды, жаңа банк технологиялары қолданыла бастады, банк қызметтерінің көлемі мен кәсіби банк маркетингі бірнеше есе өсті.
Қазіргі уақытта қаражат жинаудың қаржылық құралдарының бірі ретінде халық арасында алтын құймаларын сатып алуға сұраныс артып келеді. Алтын құймалар сенімді инвестициялау құралы ретінде әрекет ете алады және жинақ ақшаны сақтаудың ең тиімді және қауіпсіз әдістерінің бірі болып саналады. Алтын құймалар нарығының өтімділігін қамтамасыз етудің басты факторы – банктердің және банктік емес айырбастау пункттерінің клиентке сол мезетте ақшаны төлей отырып, құймаларды кері сатып алу мүмкіндігі.
Қазақстан Ұлттық банкі 2017 жылы халыққа тазартылған алтынның өлшенген құймаларын сату және сатып алу жөніндегі бағдарламаны іске қосты. Еліміз бойынша (оны пайдалану басталғаннан бері) жалпы салмағы 4,9 тонна болатын 140864 алтын құйма сатылды, Солтүстік Қазақстан облысында жалпы салмағы 40,4 кг. болатын 1198 алтын құйма өз иесін тапты.
Біздің өңірде қазіргі уақытта алтын құймаларды сатумен және сатып алумен екінші деңгейдегі банктердің 3 филиалы (“Еуразиялық Банк”, “Jusan Bank” және “ЦентрКредит Банкі”), сондай-ақ бір банктік емес “Тамерлан и Ко” серіктестігі айырбастау пункті айналысады. Қаржы ұйымдарында сатып алу-сатудың мұндай операцияларының қауіпсіздігі мен сенімділігі қамтамасыз етіледі.
Алтын инвестициялық монеталар мен өлшенген құймалар ұқсас өнімдер болып табылады, бірақ орындау формалары әртүрлі. Сертификатталған алтын өлшенген құймаларды Теңге сарайы дайындайды және жоғары сынамаға ие (999,9), бес сортта ұсынылған: 5, 10, 20, 50 және 100 грамм, өндіріс стандарттарына сәйкес, бұл құймалардың түпнұсқалығына кепілдік береді. Әрбір құйма қорғаныс элементтерімен жабдықталған, құйманың айна беті, микротекст және жиегі бар. Құймалар механикалық зақымданудан қорғау үшін арнайы қаптамада болады. Арнайы қаптама алтын құйманың сапа сертификаты екендігін білу маңызды.
Ұлттық банк еліміздің қалың жұртшылығы арасында монета өнімін дәріптеу үшін 2022 жылы “Қазақстан монеталары” мобильдік қосымшасын іске қосты. Мобильді қосымша циркуляциялық, коллекциялық және инвестициялық монеталардың электрондық каталогы түрінде әзірленді. Онда Ұлттық банк шығарған барлық монетаға қатысты ақпарат топтастырылған. Қосымшада әр серия бойынша шығарылған монеталардың қысқаша сипаттамасы мен тақырыптық бөлімдер қамтылып отыр. Кейбір жекелеген монеталар туралы видеороликтерге, монеталардың 3D-кескініне, сондай-ақ толықтырылған шынайылық элементтеріне сілтеме берілген.
Сондай-ақ мобильді қосымшада жеке электрондық базаны (коллекция жиынтығын) құру мүмкіндігі бар пайдаланушы опциялары қарастырылған. Бұл – қолда бар монеталардың қағаздағы есебінің тиімді баламасы. Коллекциялық монеталарды сату Ұлттық банктің интернет-дүкені арқылы жүзеге асырылатынын атап өткім келеді.
Мобильді қосымша Қазақстанның нумизматика тарихынан сыр шертіп, түрлі дәуірлер мен кезеңдердегі сәулет және мәдени ескерткіштермен, маңызды тарихи оқиғалармен, қазақ халқының көрнекті қайраткерлерімен, бай мәдениетімен және дәстүрімен танысуға мүмкіндік береді.
Қазақстан ұлттық валютасының өткен 30 жылы сол қиын кезеңде теңгені енгізудің объективті тарихи маңыздылығын көрсетті. Бұл қадам экономикадағы құрылымдық өзгерістерді жеделдетуге ықпал етті. Теңгенің енгізілуімен еліміздің банк жүйесін дамытудың жаңа кезеңі басталды. Өз валютасын енгізу тәуелсіз Қазақстан үшін міндетті атрибут болып қана қоймай, оның экономикасын одан әрі реформалау жолындағы шешуші кезең болды, ең бастысы – Қазақстанның Ұлттық банкінің дербес ақша-кредит саясатын жүргізуінің бастамасына айналды.
Кәсіби мереке қарсаңында сала ардагерлерін, қаржыгерлерді, қаржы саласының қызметкерлерін ұлттық валюта – теңгенің енгізілуінің 30 жылдығымен және кәсіби мереке – Қаржыгер күнімен шын жүректен құттықтағым келеді. Сіздерге шын жүректен жаңа жеңістер мен жетістіктер тілеймін.
Диас МЭЛС,
“Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі” РММ Солтүстік Қазақстан филиалының директоры.