«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛА ТУУ КӨРСЕТКІШІ ТӨМЕН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте “Qyzyljar”  арнайы экономикалық аймағының биылғы жұмысы қорытындыланып, алдағы жоспары талқыланды. Жалпы 12 жоба жүзеге асырылмақ. Нәтижесінде 300-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.

“Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағы 2019 жылы құрылды. Жалпы аумағы 212,3 гектарды құрайды. Республика бойынша жұмыс істеп тұрған 13 экономикалық аймақтың ішінде алып жатқан аумағы бойын­ша ең шағыны.

“4 субаймақ бар. Қазіргі уақытта оның біріншісі мен төртіншісі 100 пайызға толған. Ал екінші аймақта 10400 шаршы метрлік ғимарат орна­ласқан, үшінші аймақтағы 38,45 гек­тар жер бос жатыр. Қазіргі уақытта 12 жоба тіркелген. Жалпы инвестиция көлемі 287,3 млрд. теңгені құрайды. Бүгінде 3 кәсіпорын жұмысын бастады. Олардың инвестиция көлемі – 19 млрд. теңге. 309 тұрақты жұмыс орны ашылды”, – дейді об­лыстық кәсіпкерлік және индустриялы-инновациялық даму басқарма­сы­ның басшысы Ильдар Исмагулов.

Алдағы уақытта экономикалық аймақта тағы 6 жоба іске асыр­ылмақ. Жалпы “Qyzyljar” – респуб­лика бойынша ең соңғы құрылған аймақ. Бүгінгі таңда шетелдік және отандық бизнес өкілдері тарапынан өңірге инвестиция салуға сұраныс артқан. Биыл “Reimann” неміс ком­паниясы тіркемелі ауыл шаруа­шы­лығы техникасын шығаратын зауыт­ты кезең-кезеңімен іске қосуды жос­парлап отыр. Жобаның жылдық қуа­ты – 150 техника.

“2024 жылдың сәуір айында Ре­сейдің “Хлебпром” компаниясы құ­ры­лыс жұмыстарын бастайды. Нақ­тырақ айтсақ, 37,3 млрд. теңге ин­вес­тиция құюды жоспарлауда. Жаңа 370 жұмыс орны ашылады. “Atame­ken-Agro” отандық холдингі келер жылдың 2 тоқсанында тәулігіне 1200 тонна өнім шығаратын мұнай экст­рак­ция зауытын салуға кіріседі. Ин­вестиция сомасы – 19,4 млрд. теңге. “PROSOL” италиялық компаниясы да өз зауытын салуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, үшінші субай­мақта келесі жылы “KazOilseed pro­cessing” өсімдік майын шығаратын зауыты, ресейлік инвес­торлардың “GORTEK” зауытының құрылы­сын басталады”, – дейді “Qyzyljar” ар­найы экономикалық ай­мағы басқа­рушы компаниясы басшы­сының мін­детін атқарушы Дулат Ша­рапиде­нов.

Жаңа кәсіпорындар салумен қа­тар, “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағының аумағын ке­ңейту мәсе­ле­ле­рі де қарастырылып жатыр. Өңір басшысы тиісті бас­шыларға үшінші және төртінші су­баймақтарға ин­женерлік желілерді тарту жобала­рының сапалы әрі уа­қы­тылы аяқталуын қамтамасыз ету­ді тапсырды.

“Qyzyljar” экономикалық айма­ғын кеңейту мәселесін назарға алу керек. Қазір мұнда жұмыс істейтін 3 кә­сіпорын өткен 10 ай ішінде 63 млрд. 600 млн. теңгенің өнімін шы­ғарды. 3-4 субаймаққа инженерлік желілер дұрыс тар­тылмаған. Әлі ол­қылықтар бар. Ин­весторлардың көбі инженерлік желі­лерді толықтай тартып беруді сұрай­ды. Бұл мәселе ше­шілмесе ешкім өз жобаларын іске қоса алмайды. Сон­дықтан мұны тез арада қалай шеше­тіндеріңізді маған қағаз бетіне түсі­ріп көрсетіңіздер”, – деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұха­мбетов.

Күн тәртібіндегі екінші тақырып – денсаулық сақтау саласын дамыту. Өңірде бала туу көрсеткіші 1,6 пайызға төмендеген. Ал дүниеге келген бала санынан өлім-жітім көрсеткіші жоғары. Мәселен, өткен 8 айда 3791 бала туса, 3890 адам қайтыс болған.

“Есіл және Аққайың аудандарында бала туу көрсеткіші төмен. Соңғы жылдары облыста жалпы туу көрсеткіші төмендеп кетті. Өткен 9 айда өңірде 1 ана өлімі тіркелді. Өкінішке қарай, өткен 9 айда 1 жасқа дейінгі 37 бала көз жұмды. Алайда бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,7 пайызға төмен”, –  деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Құмар Күсемісов.

Өңірде онкологиялық сырқаттанушылық өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 10,5 пайызға, 1 274-тен 1 405 жағдайға дейін өскен. Ал туберкулез жұқтырудың жаңа 175 жағдайы тіркелген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 21 адамға артық. Онкологиялық ауруларды ерте – І-ІІ кезеңде анықтау 7,8 пайызға артса, биыл 959 адамға қатерлі ісік диагнозы қойылған.

“Облыс бойынша обырды уақытылы диагностикалау төмендеген, биыл аурудың соңғы сатысындағы 111 сырқат анықталған. Бұл барлық диагностиканың 8,1 пайызы. Десек те онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім 12,9 пайызға, былтырғы 358-ден 311-ге дейін төмендеді”, – деді Құмар Күсемісов.

Өңірде туберкулез бойынша жағдай тұрақсыз. Былтыр 154 сырқат анықталса, биыл қатерлі дертті жұқтырудың 175 жаңа жағдайы тіркеліпті.  “Осылайша сырқаттанушылық 14,3 пайызға артып отыр”, – дейді басқарма басшысы.  Жыл басынан бері облыста 13 адам туберкулезден қайтыс болған.

Қазіргі уақытта өңірімізде 46 медициналық нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр,  сегізі жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.

“Возвышенка ауылындағы дәрігерлік амбулатория 68 пайызға, Қарақоғадағы амбулатория 72 пайызға, Прибрежное ауылындағы амбулатория 75 пайызға, Якорьдегі 65 пайызға дайын. “Береке” шағынауданында емхана салынып жатыр. Кішкенекөл ауылында да жаңа емхананың құрылысы басталды.  480  орынға шақталған көпбейінді облыстық аурухананың құрылысы жүріп жатыр”, – деді Құмар Күсемісов.

Жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан 27 емдеу мекемесіне 2 млрд. теңге бағытталыпты. Бүгінгі таңда тек 8 мекемеде жұмыс аяқталған. Ғауез Нұрмұхамбетов “Ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғырту” Ұлттық жобасы аясындағы нысандар құрылысының мерзімінде аяқталуын ерекше бақылауға алуды, сондай-ақ күрделі жөндеуді сапалы жүргізуді қамтамасыз етуді тапсырды.

“Денсаулық сақтау саласына қыруар қаражат бөлінсе де қызмет сапасы көңіл көншітпейді. Емдеу мекемелеріндегі жөндеу жұмыстары да тым баяу жүргізіліп жатыр. Әрбір аудан әкіміне мердігерлермен жеке сөйлесіп, қадағалауды тапсырдым. Алайда нәтиже жоқ. Неліктен уақытынан кешігіп жатыр. Жалпы өңірде денсаулық сақтау саласына қатысты шағым да, наразылық та көп. Дәрі жетіспеушілігі де өте өзекті. Мұның барлығын шешу керек. Қыруар ақша бөлініп жатыр. Барлық жауапты мамандарға жыл соңына дейін түйткілді мәселені шешуді тапсырамын”, – деді облыс әкімі.

Саладағы кадр тапшылығы мәселесі әлі де өзекті. Бүгінде облысқа 144 дәрігер қажет. Петропавлға – 71, ауылдарға 73 (16 – жалпы практика дәрігері, 13 – акушер-гинеколог, 9 – хирург, 6 – офтальмолог, 7 – отоларинголог, 10 – педиатр, 7 – терапевт, 11 – кардиолог) маман керек. Үстіміздегі жылғы қазан айында өткен облыстық мәслихаттың сессиясында дәрігерлер үшін берілетін көтермеақы мөлшері өсірілді. Енді жалпы практика дәрігері Петропавлға келсе 1 млн., ауылға барса 1,5 млн. теңге алады, тар бейінді мамандар қалада қалса 3,5, ауылға барса 5 млн. теңге көтермеақыға ие болмақ.  Биыл көтерме ақы төлеуге бюджеттен 250 млн. теңге бөлінген. 

Осы орайда өңір басшысы мамандарды тарту жұмыстарын жалғастырып, ауылдарға келетін дәрігерлерге барынша қолдау көрсетуді тапсырды.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp