Елімізде мектепке дейінгі ұйымдарға жолдама берудің, кезекке қою мен есепке алудың бірыңғай базасы құрылады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің аппарат жиналысында айтылды. Аталған орган басшысының орынбасары Айбат Ілиясов бірыңғай базаның жобасы тиімді қаржыландыруды көздейтінін жеткізді.
Министрлік өкілінің мәлімдеуінше, отбасында екіден көп бала болса, ата-аналар балаларын бір балабақшаға бере алады. Мемлекеттік дерекқорлардан интеграция арқылы жеңілдік мәртебесін растау үшін қағаз анықтамаларды жинау және тіркеу алынып тасталады. Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін өтініш берудің бірнеше тәсілі қарастырылған, яғни, ата-ана электронды үкімет порталы, екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары, жергілікті атқарушы органдардың платформаларының біреуін таңдап, “бір терезе” арқылы баласын балабақшаға орналастыра алады.
“Мемлекеттік қызмет екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде қызмет алушы кезекке қоюға өтініш берген кезде жеңілдік мәртебесі автоматты түрде расталады және балабақшаны таңдағаннан кейін қызмет алушыға кезек нөмірі беріледі. Жағдайы өзгерсе, яғни, қызмет алушыға балабақшаны ауыстыру, кезек нөмірін қарау немесе қажет болса кезектен шығару мүмкіндігі беріледі. Екінші кезеңде таңдалған балабақшада орын босаған кезде қызмет алушыға SMS хабарлама түседі және келісім беру арқылы баланың балабақшаға қабылдауын растайды. Баланың денсаулығы туралы қажетті құжаттар Денсаулық сақтау министрлігінің деректер базасынан автоматты түрде алынады. Баланы балабақшаға қабылдау үшін балабақша мен қызметті алушы арасындағы шартқа қол қою онлайн режімде жасалады. Ата-аналарға балабақша, кезек пен бос орындар туралы ақпаратты зерделеу, сондай-ақ балабақша таңдау мүмкіндігін беру мақсатында карта әзірленді. Осы карта электронды үкіметтің порталында болады. Ата-ана сол картаға сүйеніп, тұрғылықты жеріне, жұмысына жақын немесе басқа да жеке қалауы бойынша балабақшаны таңдай алады”, – деді министрдің орынбасары.
Жауапты министрліктің хабарлауынша, Бірыңғай есепке алу базасы толықтай әзірленген. Мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларының жобасы да дайындалыпты. Қанатқақты жоба Қарағанды облысындағы Шахтинск қаласында және біздің өңірімізде Петропавл қаласында іске қосылды. Қанатқақты жобаның уақыты аяқталғаннан кейін, яғни, 2024 жылдың қаңтарынан бастап жаңа жүйе республика бойынша жұмыс істейді.
Меруерт КЕҢЕСБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.