«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жалақы аз, маман тапшы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“СЕВКАЗЭНЕРГО” акционерлік қоғамында 500 жұмыс орны бос тұр. Оған мамандарға төленетін жалақының мардымсыздығы себеп. Бүгінде кәсіпорында 2 мың маман еңбек етуде. Мәселені тарифті және еңбекақы төлеу қорын өсіру арқылы шешуге болады. Алайда мұндай қадамға баруға Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті рұқсат бермейді.

“AMANAT” партиясы облыстық филиалы жанындағы өңірлік даму жөніндегі кеңестің отырысында “Инвестицияларға айырбастау тарифі” бағдарламасын іске асыру мәселесі талқыланды. Жиын барысында кәсіпорынның бас директоры Анатолий Казановский еңбекақы төлеу қорын жаңа тарифтік бағдарлама шеңберінде емес, акционерлік қоғамның бюджеті есебінен қалыптастыру тиімдірек екенін жеткізді.

“Біз жалақыны “Инвестицияларға айырбастау тарифі” бағдарламасы аясында көтердік. Әр кәсіпорынның бюджеті әртүрлі. Мәселен, “СҚ ЭТК”-нің 2023 жылға арналған еңбекақы төлеу үшін жоспарланған бюджеті 2 миллиард 100 миллион теңгені құрады. Орташа жалақы – 176 мың теңге. Қаражатты толығымен жыл басында бөлу жоспарланған. Біз оның барлығын шамамен шілде айына дейін төлеп келдік. Ал “тарифтік” смета бойынша жыл басында 120 мың теңге болған, қазір – 156 мың теңге. Түптеп келгенде, бюджетте нақты жоспарланған қаржыны төлеу үшін бізге “тариф” жеткіліксіз”, – деп атап көрсетті Анатолий Казановский.

Басшының айтуынша, жалақыны “Инвестицияларға айырбастау тарифі” бағдарламасы арқылы төлеу кәсіпорын үшін тиімсіз болып отыр. Яғни шығын көп. Бағдарлама еңбекақыны ұлғайтуға мүмкіндік бермейді. Кәсіпорын есепшілерінің санауы бойынша өндірістік саладағы мамандардың орташа жалақысы кемінде 210 мың теңге болуы тиіс.

Табиғи монополияларды реттеу комитеті облыстық департаментінің басшысы Дамир Тоқтамысовтың айтуынша, “Тарифті инвестицияларға айырбастау бағдарламасы” бойынша еңбекақы төлеу қоры компания бюджетінің 6 пайызын құрауы керек. Кәсіпорындағы бір ғана бөлім қызметкерлерінің жалақысын арттыру жеткіліксіз. Аталған мәселені шешу және инфрақұрылымның тозу деңгейін төмендету бойынша жұмыс 2 кезең аясында жүргізілетін болады.

“Біз тарифті шілденің 1-інен бастап көтердік. Бұл – жалақыны және инвестициялық құрамдас бөлікті ұлғайтуға мүмкіндік берді. Енді 2024 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап жалақы мен қосымша инвестициялар деңгейі де қайта қаралатын болады. Жалпы тариф деңгейі жыл сайын өзгереді. Біз оны жақсы білеміз. Сондықтан тұтынушылардың қалтасына салмақ түсірмеу қажет”, – деді Дамир Тоқтамысов.

Ілияс СӘБДИНОВ,

“AMANAT” партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp