«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚУАТТЫ ЭКОНОМИКАНЫҢ НЕГІЗІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Парламент Мәжілісінің VIII шақырылымының алғашқы сессиясына қатысқан Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев “Ауыл шаруашылығы саласындағы реформаларға сапалы заңдар қажет. Бұл жұмысқа Мәжілістен орын алған “Ауыл” партиясы өз үлесін қосады”, – деп үлкен сенім білдірген болатын. “Ауыл” – Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау қорытындысы бойынша екінші орынға ие болған еліміздегі жетекші саяси ұйым.

Қазіргі уақытта партия жанынан құрылған екі комиссия өз жұмысын сәтті жүргізіп жатыр. Солардың бірі – көпбалалы аналарға әлеуметтік көмек көрсету, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы тұру, ауылдық жерлердегі іскер нәзік жандарды демеу мақсатында құрылған “Мейірім құшағы” комиссиясы. Оның төрағасы – Мәжіліс депутаты, “Ауыл” партиясының фракция мүшесі Қарақат Әбден. Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Ольга Клишина өңірлік комиссияның төрайымы болып бекітілді. Ал мүгедектігі бар адамдар құқығын қорғау жөніндегі комиссияны басқару міндеті Мәжіліс депутаты, “Ауыл” партиясының фракция мүшесі Таңсәуле Серіковке жүктелген.

Саяси ұйымның Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өңірлік филиалы партия құрылған күннен бастап ел тарихындағы маңызды науқандарға белсене қатысып келеді. Қазіргі таңда “Ауыл” партиясы атынан облыстық деңгейде үш, аудандық деңгейде он депутат бар. Олар ауыл тұрғындарының өтініш-тілектерін билік өкілдеріне жеткізіп, мәселелерін шешу жолында нәтижелі жұмыстар жүргізуде.

Президентіміз 2020 жылы халыққа арнаған “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” атты Жолдауында: “Ауыл халқы ауылдық округ әкімдерін өздері сайлайды”, – деп айтқан болатын. 2021 жылы ауылдық округ әкімдерін сайлау кезінде “Ауыл” партиясының атынан үміткер болғандар Мироновка, Жаңажол, Озерный ауылдық округтерінің әкімдері болып сайланды. Биылғы жылдың 27 тамызы күні Солтүстік Қазақстан облысында бірнеше ауылдық округ әкімдерінің сайлауы болды. Партияның өңірлік филиалының қолдауы нәтижесінде Қамсақты және Мичурин ауылдық округтерінің әкімдері партия атынан сайланды.

Үстіміздегі жылы 5 қараша күні республика бойынша әр өңірден 3 ауданда қанатқақты жоба аясында аудан әкімдерін тікелей халықтың өзі сайлағаны белгілі. Сайлау қорытындысы бойынша “Ауыл” партиясының атынан Ерлан Нұрмаханов Түркістан облысының Бәйдібек ауданы, Біржан Әбдірахманов Ақмола облысының Ақкөл ауданы, Мейіржан Смағұлов Абай облысындағы Абай ауданының әкімі болып сайланды.

“Ауыл” партиясы өкілдерінің жүзеге асыруы тиіс алты жобасының бірі – “Суармалы егіншілік – ауыл тұрғындары табысын арттыру негізі”. Партия төрағасының тапсырмасына сәйкес шілде-тамыз айларында Парламент Мәжілісінің депутаттары Аян Талғатұлы, Таңсәуле Ғабдіманапұлы, Анас Ахатұлы Солтүстік Қазақстан облысына іс-сапармен келіп, халықпен кездесулер өткізді. “Ауыл” партиясы төрағасының орынбасары, Парламент Мәжілісінің депутаты Анас Баққожаев “Қазсушар” республикалық мемлекеттік кәсіпорнының жұмысымен танысты. Жиында Петропавл қаласының іргесінде орналасқан су қоймасының қазіргі жағдайы және су қоймасын кесіп өтетін көпірде үлкен жүк көліктерінің жүруіне тыйым салу мәселелері туралы ұсыныс айтылған еді. Бұл мәселе бойынша Анас Ахатұлы Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдады.

“Ауыл” халықтық-демократиялық патриоттық партиясы 2015 жылғы 5 қыркүйекте Қазақстанның “Ауыл” социал-демократиялық партиясы мен Патриоттар партиясының қосылуы нәтижесінде құрылды. Соңғы бес жылда партия мүшелері мен бастауыш партия ұйымдарының саны ұлғайды. Қазіргі күні партия өңірлік 20 филиалдан, 1200-ден астам бастауыш партия ұйымдарынан тұратын қуатты құрылымға айналды. Партияның еліміздің барлық облыстары мен республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларында филиалдары бар.

2023 жылғы сайлауда “Ауыл” партиясы өзінің іргелі саяси күш екендігін дәлелдеп, сегіз партияласымыз Парламент Мәжілісі депутаттығына сайланған болса, тағы – 226 партия мүшесі түрлі деңгейдегі мәслихаттардың депутаттары атанды.

Парламент Мәжілісінде “Ауыл” партиясының өз фракциясы жұмыс істейді. “Ауыл” депутаттары ондағы барлық жеті комитеттің мүшесі. Ал партия төрағасы Серік Егізбаев – Парламент Мәжілісінің депутаты, партияның фракция жетекшісі, Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы.

“Ауыл” партиясы ауыл халқының және қарапайым жұмысшы мамандардың беделін көтеру жолында жұмыс істеуде. Соңғы он жыл көлемінде тұңғыш рет “Ауыл” партиясының мүшесі ІІІ дәрежелі “Еңбек даңқы” орденімен марапатталды. Аталған марапат иесі Валерий Деревяшкин – қарапайым еңбек адамы, өңіріміздегі “Целинное2004” серіктестігіне қарасты №3 трактор шаруашылығы бригадасының механизаторы, 33 жылдық тәжірибесі бар кәсіби маман. Партияның өңірлік филиалы саяси кеңесінің мүшесі, “Есіл ауданының ветеринарлық станциясы ШЖҚ” МКМ директорының міндетін атқарушы Арман Илюкиннің кеудесіне “Ауыл шаруашылығы саласының үздігі” төсбелгісі тағылды.

Ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеп жүрген мамандарды қолдау, жастардың осы салаға бет бұруына ықпал ету – партияның басты міндеті. “Ауыл” партиясы жанынан жастар қанаты ұйымы құрылған. Оның мамандары ауыл жастарын алаңдатқан мәселелерді көтеріп, шешу жолдарын қарастыру және жергілікті билік өкілдерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуді көздейді. Қазіргі таңда жастар арасында түрлі мерекелік іс-шаралар, акциялар ұйымдастырылып, қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр.

Партияның бағыты өзгермейді. Ауыл шаруа­шылығы мен аграрлық саланы дамыту және ауылдық елді мекендерді дамыту аса маңызды екенін айтқым келеді. Ауыл – біздің болашағымыз. Ауыл – ел экономикасының негізгі драй­вері. Ауылдың жағдайын тү­з­еп, ауылдағы азаматтарды тұрақ­тандыратын болсақ, қаланың да жағдайы жақсарары сөзсіз.

Санаулы күндерден кейін ел еңбеккерлері кәсіби меркелерін атап өтеді. “Ауыл” партиясы атынан сала қызметкерлерін – Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтауды жөн көремін. Бұл күні нәсібін жерден тапқан, мал шаруашылығымен айналысатын, азық-түлік өнеркәсібінде жұмыс істейтін, еліміздің және өңіріміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге талмай үлес қосып жүрген жандардың еңбегі бағаланады. Халықтың әл-ауқаты мен өмір сапасының жақсы болуы ауыл шаруашылығының дамуымен тығыз байланысты. Елдігімізді еселеп, мемлекеттігімізді нығайтқан егемендік жылдарды ауыл шаруашылығы саласы мемлекеттiк қолдаудың арқасында жаңа деңгейге көтеріліп, ел экономикасын дамыту мен ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттырудағы жетекші күшке айналды. Осындай жетістіктерге жетуімізге атсалысып, тер төккен баршаңызға Отанымыздың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы табанды еңбектеріңіз бен адал істеріңіз үшін алғыс айтамын.

Бейбіт СЫЗДЫҚОВ,

“Ауыл” ХДПП Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp