Елімізде жыл сайын жақын адамының қолынан 500-ге жуық қыз-келіншек көз жұмып, полицияға жан ұшыра шырқырап көмек сұраған нәзік жандардан 100 мыңнан астам қоңырау түседі. Соңғы бес жылда тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша өтініштер саны үш есеге артқан.
Биылдан бастап еліміздегі өзекті мәселелердің біріне айналған отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты қолданыстағы кодекс баптары қатаңдатылды. Облыстық полиция департаменті берген ақпаратқа сәйкес, біздің өңірімізде биылғы жылдың ішінде 813 отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылық тіркеліп, 205 адам әкімшілік қамауға алыныпты.
Отбасындағы жанжалдан басталып, зорлық-зомбылыққа ұласатын әрекеттерден зәбір көретіндердің басым бөлігі – балалар мен 26-45 жас аралығындағы әйелдер. Қылмыстық статистика бойынша соңғы үш жылда тұрмыстық әлімжеттік көрген әйелдердің көрсеткіші 25 пайызға артқан. Әйелдер мен балаларды ұрып-соғу, зорлау, өлтіру сияқты қоғамды алаңдататын ең ауыр қылмыстар туралы үнемі естиміз де бізге қатысы жоқтай күнделікті тірлігімізді жалғастырып жүре береміз. Бұл – шындық. Осылайша қоғам қалыпты өмірін өткізіп жатқанда, күн сайын өзіміз тұратын үйдің ішінде, бәлкім ту сыртында, я қараңғы бұрылыстарда ешкімге байқалмайтын зорлық-зомбылық оқиғалары орын алуда.
Құқықтық мемлекет болып саналғанымызбен, әйелге күш көрсеткен адамға “олай жасауға болмайды” деген ескертумен шектелетініміз өкінішті. Бізде де әйеліне қол көтеріп, соққыға жыққан ер адамға заңмен жаза белгіленген. Алайда ол заңның орындалуында солқылдақтық бар. “Ата Заңымызда қылмыстық жазаға тарту туралы арнайы бап бар. Өкінішке қарай, ол құқықты қыз-келіншектер көбінесе пайдалана бермейді. Әйелдерден бөлек, мүмкіндігі шектеулі адамдар, қариялар мен балалар да зорлық-зомбылықтың құрбаны болып жатыр. Әрбір азаматтың құқықтық тұрғыдан сауатты болуы ғана осындай зорлық-зомбылық жасау әрекетінің алдын алады”, – дейді адвокат Ләззат Ахатова.
Отбасылық зорлық-зомбылыққа психологиялық тұрғыдан қарасақ, соққыға жыққан еркектің де, соққыға жығылған әйелдің де психикасында проблема бар деп қарауды ұсынады психолог Анар Жұманбайқызы. “Отбасылық ұрыс-төбелесте балалар зорлық-зомбылық құрбаны болып қана қоймай, сондай сұмдық жағдайдың тікелей куәгеріне айналуда. Әкесі анасын ұрып-соғып жатқанда баласы жанында тұрады, салдарынан сәбидің психикасы бұзылады. Өкінішке қарай, сондай отбасынан шыққан ұл-қыздар күні ертең дәл осындай зорлық-зомбылықты қалыпты деп қабылдайтын түсінікке ие болатыны тағы бар. Бүгін ұл-қызына зорлық-зомбылықтың заңға да, адамгершілік қасиетке де кереғар екенін айтып түсіндіру үшін, ең алдымен, ата-ананың өзі үлгі көрсетуге тиіс. Сонда ғана келешекте зорлық-зомбылық түрлері азаяр еді”, – деген психолог біздің арнайы сауалымызға бала үйдегі көргенін, алған тәрбиесін өмірде қолданатынын жеткізді.
Отбасындағы зорлық-зомбылыққа әлеуметтік-экономикалық жағдайлар да көп әсер етеді. Одан бөлек ішімдікпен есірткіге тәуелділер де отбасының шырқын бұзады. Сондықтан да елімізде отбасылардың ажырасуы өте жоғары көрсеткішке ие болып тұр.
Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың көбейіп кетуінің тағы бір себебі – күш көрсететін еркектерді оңалтып, бейімдейтін орталықтардың жоқтығы. “Ал кейбір учаскелік полицейлер өз міндетін дұрыс атқармайды, айналып келіп жәбір көрген әйелден “кешірім бер, ер адамды сыйламайсың ба?” деп оларды арызын қайтарып алуға үгіттейді. Мұнан басқа әйелге жасалатын туған-туыстың “ел-жұрттан ұят, еркек қой, ештеңе етпейді” деп басталатын қысымы да жоқ емес. Өзім танитын бірнеше келіншектің 50-60 жасында да жұбайынан таяқ жеп, көзі көгеріп жүретінін білемін. “Неге бұлай?” деген сауалыма “балаларым үшін амал жоқ, көнемін ғой. Жас кезде ажырасып кеткім келсе де, ата-ана, ағайын-туыстың сөзін аттай алмадым. Ұят дедік, көндік”, – деген жауап алғанмын.
Меніңше, зорлық-зомбылықтың бастауы – адамға жас кезден тәрбиенің дұрыс берілмеуінде. Басқа ұлтты қайдам, біздің қазақта дүниеге ұл келген сәттен бастап оған ерекшелік статусы қоса беріледі. Ұрпақ жалғаушы деп ұлды дәріптейтініміз сонша, шектен шығарып жіберетініміз бар. Үйдің бүкіл тірлігін қыздың мойнына асып, барған жерінде пысық келін болсын дей отырып, кәдімгі көнбіс күңге айналдырып жібергенімізді байқамаймыз. Бүкіл мақал-мәтел, ырым-тыйымдарды ақтарып шығыңызшы, 70-80 пайызы қызды тәрбиелеуге бағытталған. “Қызға қырық үйден тыйым” деп басталатын әрбір нақыл сөз ұлдарды есіртіп жатқан жоқ па, қалай ойлайсыз?” – дейді бізбен әңгімелескен тіл маманы, әдебиетші Айнұр Абдулхаева.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған былтырғы Жолдауында отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты: “Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді. Ал жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалады. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын. Зардап шеккен жандар елдің сөзінен немесе біреудің қысым жасауынан қорықпауы қажет. Сондықтан полиция қызметкерлері олармен өте мұқият жұмыс жүргізіп, тиісті шаралар қолдануы керек”, – деп зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны күшейтуді тапсырған болатын.
“Соған байланысты елімізде отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін жауапкершілік қатаңдатылып, зорлықшымен профилактикалық жұмыс жүргізу реті әзірленді. Отбасында зорлық көрсеткен адамдар үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте арнайы баптар белгіленген. Тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткен жәбірлеуші 20 тәулікке дейін қамауға алынады. Ал егер денсаулыққа орташа не ауыр дәрежеде зиян келтірсе, Қылмыстық кодекстің 106-107 баптары бойынша жауапкершілікке тартылады”, – дейді облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев.
Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау республикалық тобының инспекторы Гүлмира Шрахметоваға хабарласқанымызда, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың басты себебінің бірі – отбасындағы адамдардың дұрыс қарым-қатынас жасай алмауы, сөйлесу мен түсінісу мәдениетінің жоқтығы екенін алға тартты. Отбасы құндылығының азаюы, әке беделінің түсуі, анаға деген сый-құрметтің жоғалуы, ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген құрметі болмауынан шаңырақта ұрыс-керіс пайда болады.
Екінші бір себебі – әйелге қол көтеру мәселесіне қатысты ер азаматтардың пікірі әралуан. Кейбірі қыз-келіншектердің өздері еркектің ашуын тудырып, соққыға жығуға мәжбүрлейді десе, енді бірі ішімдіктің салдарынан зорлық-зомбылық орын алуы мүмкін дегенді алға тартады. Отбасылық зорлық-зомбылық ерлі-зайыптының арасында болғанымен, оған куәгер ретінде бала-шағаның да қатысатынын көбінесе ескермейміз. “Әкем мен үшін мінсіз идеал болды. Әкемді анамнан артық жақсы көрдім. Алайда осынау сүйіспеншілігім бір сәтте сөнді. Әкем анама қол көтерді. Бәлкім, сол кезде анам әкемнің ашуына қатты тиген болар. Кінә анамда шығар. Бірақ қалай десек те, әкемнің қол көтеруге қақысы жоқ еді. Қандай жағдай болмасын, ұл-қызын дүниеге әкелген, бар қиыншылықты бірге көтеріскен, өмірлік серігім деп таңдаған әйелге қол көтеруі – әкемнің әлсіздігі деп санаймын. Арқа сүйерім, қорғаным деген әкем осындай әлсіздік танытты. Көп ұзамай, ата-анам ажырасты. Кейбіреулер “бір ұрғанға ажырасты” деп анамды кінәләді. Алайда анам дұрыс жасады деп ойлаймын. Өйткені бір қол көтерген адам екінші рет те бұл әрекетін қайталайды. Ал ең бастысы, жақсы көретін, құрметтейтін әйеліне еркек қол көтермейді”, – деп сырымен бөліскен петропавлдық 20 жасар бойжеткен Айдана Сарыбай әкесінің сол әрекетінен кейін еркек атаулыдан қорқатынын, оларға сенбейтінін, тұрмыс құруға еш ниеті жоқ екенін жасырмады.
Өкінішке қарай, зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдердің 40 пайызы күйеулеріне қайтып барады екен. Атын газетте өзгертіп беруді өтінген Шал ақын ауданының тұрғыны Самал Қанатқызы небәрі 31 жаста. “Тұрмыс құрғаныма 10 жыл болды. Үш балам бар. Жұбайым жиі қол көтереді. Бір рет полиция шақырып, шағымдандым. Алайда бірер сағаттан кейін үйге оралған жұбайым қайтадан таяқтың астына алды. Ата-анама хабарластым. “Кеткен қыз – шиден тысқары”. Отбасылық мәселеңе араластырма. Ақылды әйел күйеуінен таяқ жемейді!” деген жауап алдым. Сол оқиғадан кейін ешкімге шағымданбауға сөз бердім өзіме. Тағдырым ғой, қолдан келер шара жоқ”, – дейді ол.
Отбасындағы зорлық-зомбылық ешқашан жабулы күйінде қалмауы керек. Өйткені отбасылық зорлық-зомбылық тек шағын отбасылардың ғана емес бүкіл қоғамның проблемасы. Осынау түсінікті ұл-қызымыздың санасына ерте жастан сіңіруге тиіспіз. Әрбір үшінші отбасындағы әйел тұрмыстық зорлық-зомбылық көреді. Әрбір алтыншы бала, яғни бір миллион сәби тұрмыстық зорлық-зомбылықтың куәсі болады. Зорлық-зомбылық бойынша шағымдардың тек 40 пайызы ғана сотқа жетеді. Зәбір көрсетушілердің 39 пайызы ғана 2 сағаттан 3 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады.
“Біздің елімізде агрессормен жұмыс істеу жайлы арнайы заң да бар. Отбасындағы зорлық бойынша 13 бап қарастырылған. Онда медициналық мекемелер күш қолданған адаммен жұмыс істеуге міндетті деп анық көрсетілген. Агрессормен жұмыс жүргізуді әрі қарай жақсартып, дамытуымыз керек. Егер статистикаға қарасақ, балалардың 61 пайызы зорлық-зомбылықтан зардап шегеді”, – дейді телефон арқылы сөйлескенімізде республикалық “Дағдарыс” орталықтары одағының басқарма басшысы Зульфия Байсақова.
Елімізде зорлық-зомбылыққа қарсы күреске жыл сайын 4,5 миллиард теңге жұмсалады. Олардың басым бөлігі құқық қорғау органдары мен сот істеріне бағытталады. Ал 15 пайызы дағдарыс орталықтарына бөлінеді екен. Өкінішке қарай, әзірге ауыз толтырып айтарлық үлкен нәтиже болмай тұр.
Меруерт КЕҢЕСБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.