Шахмат – барша әлемге танымал спорт. Шаршы тақта мен фигураларды білмейтіндер сирек. Тіпті атақты гроссмейстерлердің есімдері де ел аузында. Гарри Каспаров, Бобби Фишер, Магнус Карлсен деп жалғасып кете береді. Қазақтың тоғызқұмалағы шахмат сияқты танымал болмағанымен, адамның ойлау қабілетін дамытып, есепке жүйріктігін шыңдауға келгенде артық жақтары көп. Сондықтан да соңғы жылдары бұл ойынға қызығушылар қатары артып келеді.
Тоғызқұмалақ шахматтан ерте пайда болды деген де деректер бар. Мысалы, шахмат Үндістанда 1,5 мың жыл бұрын ойлап табылған. Ал ұлтымыздың зияткерлік ойыны тарихи деректерге сүйенсек, осыдан 5 мың жыл бұрын пайда болған. Жалпы тоғызқұмалақ ғасырлар бойы үздіктерді анықтайтын спорттық бәсеке ғана емес, өскелең ұрпақ тәрбиесінде, ұлттың интеллектуалдық әлеуетін көтеруде маңызды рөл атқарды. Қисынды ойлау, білім мен ғылымға бейімділік негіздерін қалауда, ыждаһаттық пен табандылыққа тәрбиелеуде тоғызқұмалақ – таптырмас құрал.
Тарихшы-этнограф Қанат Забайұлы “Қазақтың ұлттық ойындары” атты зерттеу жұмысында зияткерлік ойынның ережесін тәптіштеп жазып, оның өскелең ұрпақтың ойлау қабілетін дамытуға септігі тиетіні туралы жазған. Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың:
“Тоғызқұмалаққа тосырқамай
қараңыз!
Ата дәстүр салтыңызға санаңыз!
Өзіңді-өзің қазақпын деп санама
Бұл өнерді үйренбесе балаңыз!” – деген сөздерін тоғызқұмалақ ойынын ойнап қана қоймай, оның пайдасын әрі ұлттық тәрбиедегі орнын білгенін көруге болады.
Тоғызқұмалақ ойынынан республикалық деңгейдегі жарыс 1948 жылы өткен екен. Алматы қаласында ұйымдастырылған турнирге төрт спортшы қатысып, Жамбыл облысының өкілі жеңімпаз атанған. Қатысушылар саны аз болғанымен, аталарымыз кеңес заманында ұлттық ойынды жаңғырту үшін осындай қадам жасағанының өзі ерлік. Жиырмасыншы ғасырда өткізілген алғашқы республикалық турнирден соң елімізде талай чемпионат ұйымдастырылғаны мәлім.
– Биыл қыркүйек айында елімізде алғаш рет оқушылар арасында тоғызқұмалақтан әлем чемпионаты өтті. Оған дүниежүзінен 100-ден астам спортшы қатысты. Олардың арасында Азия, Африка, Еуропа құрлықтарынан келген балалар да болды. Біздің құрама жалпы командалық есепте бірінші орын алды. Ендігі мақсат – ересектер арасындағы Азия біріншілігіне спортшыларды іріктеу, – дейді тоғызқұмалақтан ұлттық дәрежедегі төреші, Батыс Қазақстан облысының аға бапкері Данияр Орынбасаров.
Қазақстан Республикасының тоғызқұмалақ федерациясының мүшесі әрі ұлттық дәрежедегі төрешісі Данияр Орынбасаровтың сөзінше, қазіргі таңда елімізде бір жылдың ішінде кемінде 10 шақты жарыс өтеді. Оған оқушылар, жасөспірімдер, жастар, ересектер арасындағы түрлі турнирлерді қосыңыз.
– Жыл сайын елімізде тоғызқұмалақтан жекелей және командалық турнирлер өтеді. Әр команданың көрсеткен нәтижелері бойынша рейтинг құрастырылады. Оған қарап, федерация қай өңірде бұл спорт түрі дамып жатыр, қай облыста кенжелеп қалғанын көре алады. Қазіргі күні Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан және Павлодар аймақтарында зияткерлік ойынның даму қарқыны жақсы. Көш соңында – Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары, – дейді Данияр Орынбасаров.
Бұл – білікті жаттықтырушылардың, кәсіби мамандардың аздығынан болып отырған жайт. Мұны тоғызқұмалақтан облыстың аға бапкері Талғат Жансейітов те мойындап отыр.
– Өңірімізде тоғызқұмалақ федерациясының ашылғанына үш-ақ жыл болды. Пандемия кезінде қауымдастықтың филиалы жұмысын бастады. 2020 жылға дейін бұл спорт түрі мектептерде ойнатылды. 2019 жылы облыс чемпионатына өңіріміздің ауылдарынан және Петропавлдан 19 бала қатысты. Биыл 124 оқушы бақ сынады. Жергілікті деңгейде жеңімпаз атанғандар республикалық біріншілікке жолдама алды. Ұлттық спорт мектебінің тоғызқұмалақ бойынша 14 бөлімшесі бар. Оның 13-і аудандарда шоғырланған. 10 жаттықтырушы жұмыс істейді. Бұл аздық етеді, – деген Талғат Жансейітов тоғызқұмалақтан 1 спорт шебері, 10 спорт шеберіне үміткер шыққанын айтады.
Облыстық және қалалық деңгейдегі жарыстарды өткізуге спорт және дене шынықтыру басқармасы қолдау көрсетеді. Соңғы жылдары ұлттық өнердің жанашыры, белгілі кәсіпкер Жомарт Омаров та демеушілік жасауда. Жомарт Жақсылықұлы облыстық тоғызқұмалақ федерациясының басшысы болып сайланғанын айта кеткен жөн.
– Өңірде федерация ашылып, оған белгілі меценат Жомарт Омаровты президент қылып сайладық. Бұл азамат – ұлттық құндылықтарымыздың қолдаушысы. Облыста түрлі спорттық шаралар өткізді. Соңғы жылдары түрлі жарыстарға демеуші болып жүр, – дейді Талғат Жансейітов.
Дәл қазіргі уақытта Қызылжарда өтіп жатқан жасөспірімдер мен жастар арасындағы ел біріншілігі теріскейде тоғызқұмалақтың дамуына септігін тигізетіні анық.
– Жасөспірімдер мен жастар арасындағы ел біріншілігі Петропавлда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Мұндай жарыс өткен жылы Қостанай облысының Лисаковск қаласында өткізілді. Биыл Қызылжар өңірін таңдадық. Басты мақсат – Мағжан топырағында тоғызқұмалақ ойынын дамыту, насихаттау, – деген Данияр Орынбасаров командалық чемпионаттың ерекшелігі жайлы айтып берді. Бұл сайысқа 16 команда қатысуда. Олар 7 турдан тұратын жарыста мүмкіндігінше көп ұпай жинауы қажет. Бір қызығы командалар жеребе тартпайды. Қарсыластарды компьютер анықтайды.
– Біздің жүйеде барлық командалар жайлы ақпарат бар. Республикалық рейтингте қандай облыс қандай орында тұрғанын білеміз. Компьютер мықтыларды бір топқа, осалдарды өзге топқа салып, қарсыластарды белгілейді. Бір жеңіс үшін командаға 2, тең нәтижеге 1 ұпай есептеледі, – дейді ұлттық дәрежедегі төреші.
Тоғызқұмалақта тез және ұзақ уақыт ойналатын түрлері бар. Классикалық түрі 3 сағатқа дейін созылады. Ал рапид 30 минутқа шақталған, блиц 5 минутқа созылады. Петропавлдағы командалық ел біріншілігі классикалық тоғызқұмалақ бойынша өтіп жатқанын атап өткен жөн.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.