«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚТЫҢ ТАРИХЫ ТЕРЕҢДЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Шахмат – барша әлемге танымал спорт. Шаршы тақта мен фигураларды білмейтіндер сирек. Тіпті атақты гроссмейстерлердің есімдері де ел аузында. Гарри Каспаров, Бобби Фишер, Магнус Карлсен деп жалғасып кете береді. Қазақтың тоғызқұмалағы шахмат сияқты танымал болмағанымен, адамның ойлау қабілетін дамытып, есепке жүйріктігін шыңдауға келгенде артық жақтары көп. Сондықтан да соңғы жылдары бұл ойынға қызығушылар қатары артып келеді.

Тоғызқұмалақ шахматтан ерте пай­да болды деген де деректер бар. Мы­салы, шахмат Үндістанда 1,5 мың жыл бұрын ойлап табылған. Ал ұл­тымыздың зияткерлік ойыны тарихи деректерге сүйенсек, осыдан 5 мың жыл бұрын пайда болған. Жалпы тоғызқұмалақ ғасырлар бойы үздіктерді анықтайтын спорттық бә­секе ғана емес, өскелең ұрпақ тәрбиесінде, ұлттың интеллектуалдық әлеуетін көтеруде маңызды рөл атқарды. Қисынды ойлау, білім мен ғылымға бейімділік негіздерін қа­лауда, ыждаһаттық пен табанды­лыққа тәрбиелеуде тоғызқұмалақ – таптырмас құрал.

Тарихшы-этнограф Қанат За­байұлы “Қазақтың ұлттық ойында­ры” атты зерттеу жұмысында зият­керлік ойынның ережесін тәптіштеп жазып, оның өскелең ұрпақтың ойлау қабілетін дамытуға септігі тиетіні туралы жазған. Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың:

“Тоғызқұмалаққа тосырқамай

қараңыз!

Ата дәстүр салтыңызға санаңыз!

Өзіңді-өзің қазақпын деп санама

Бұл өнерді үйренбесе балаңыз!” – деген сөздерін тоғызқұма­лақ ойынын ойнап қана қоймай, оның пайдасын әрі ұлттық тәрбие­дегі орнын білгенін көруге болады.

Тоғызқұмалақ ойынынан рес­пуб­ликалық деңгейдегі жарыс 1948 жылы өткен екен. Алматы қаласын­да ұйымдастырылған турнирге төрт спортшы қатысып, Жамбыл облы­сы­ның өкілі жеңімпаз атанған. Қаты­сушылар саны аз болғанымен, ата­ларымыз кеңес заманында ұлттық ойынды жаңғырту үшін осындай қадам жасағанының өзі ерлік. Жиырмасыншы ғасырда өткізілген алғашқы республикалық турнирден соң елімізде талай чемпионат ұйымдастырылғаны мәлім.

– Биыл қыркүйек айында еліміз­де алғаш рет оқушылар арасында тоғызқұмалақтан әлем чемпионаты өтті. Оған дүниежүзінен 100-ден ас­там спортшы қатысты. Олардың ара­сында Азия, Африка, Еуропа құр­лық­тарынан келген балалар да бол­ды. Біздің құрама жалпы командалық есепте бірінші орын алды. Ендігі мақсат – ересектер арасындағы Азия біріншілігіне спортшыларды іріктеу, – дейді тоғызқұмалақтан ұлттық дәрежедегі төреші, Батыс Қазақстан облысының аға бапкері Данияр Орынбасаров.

Қазақстан Республикасының то­ғызқұмалақ федерациясының мү­шесі әрі ұлттық дәрежедегі төрешісі Данияр Орынбасаровтың сөзінше, қазіргі таңда елімізде бір жылдың ішінде кемінде 10 шақты жарыс өте­ді. Оған оқушылар, жасөспірім­дер, жастар, ересектер арасындағы түр­лі турнирлерді қосыңыз.

– Жыл сайын елімізде тоғызқұ­ма­лақтан жекелей және команда­лық турнирлер өтеді. Әр команда­ның көрсеткен нәтижелері бойынша рейтинг құрастырылады. Оған қа­рап, федерация қай өңірде бұл спорт түрі дамып жатыр, қай облыста кенжелеп қалғанын көре алады. Қа­зіргі күні Алматы, Оңтүстік Қазақ­стан, Батыс Қазақстан және Пав­ло­дар аймақтарында зияткерлік ойын­ның даму қарқыны жақсы. Көш со­ңында – Қостанай, Солтүстік Қазақ­стан облыстары, – дейді Данияр Орынбасаров.

Бұл – білікті жаттықтырушылар­дың, кәсіби мамандардың азды­ғынан болып отырған жайт. Мұны тоғызқұмалақтан облыстың аға бапкері Талғат Жансейітов те мо­йын­дап отыр.

– Өңірімізде тоғызқұмалақ фе­де­рациясының ашылғанына үш-ақ жыл болды. Пандемия кезінде қа­уымдастықтың филиалы жұмысын бастады. 2020 жылға дейін бұл спорт түрі мектептерде ойнатылды. 2019 жылы облыс чемпионатына өңіріміздің ауылдарынан және Пет­ропавлдан 19 бала қатысты. Биыл 124 оқушы бақ сынады. Жергілікті деңгейде жеңімпаз атанғандар республикалық біріншілікке жол­дама алды. Ұлттық спорт мектебінің тоғызқұмалақ бойынша 14 бөлім­ше­сі бар. Оның 13-і аудандарда шо­ғыр­ланған. 10 жаттықтырушы жұ­мыс іс­тейді. Бұл аздық етеді, – деген Талғат Жансейітов тоғызқұмалақтан 1 спорт шебері, 10 спорт шеберіне үміткер шыққанын айтады.

Облыстық және қалалық дең­гей­дегі жарыстарды өткізуге спорт және дене шынықтыру басқармасы қолдау көрсетеді. Соңғы жылдары ұлттық өнердің жанашыры, белгілі кәсіпкер Жомарт Омаров та демеу­шілік жасауда. Жомарт Жақсылықұлы облыстық тоғызқұмалақ фе­дерациясының басшысы болып сайланғанын айта кеткен жөн.

– Өңірде федерация ашылып, оған белгілі меценат Жомарт Омаровты президент қылып сайладық. Бұл азамат – ұлттық құндылықтары­мыз­­дың қолдаушысы. Облыста түрлі спорттық шаралар өткізді. Соңғы жыл­дары түрлі жарыстарға демеуші бо­лып жүр, – дейді Талғат Жан­сейітов.

Дәл қазіргі уақытта Қызылжарда өтіп жатқан жасөспірімдер мен жастар арасындағы ел біріншілігі теріскейде тоғызқұмалақтың да­муына септігін тигізетіні анық.

– Жасөспірімдер мен жастар ара­сындағы ел біріншілігі Петро­павл­да алғаш рет ұйымдасты­ры­лып отыр. Мұндай жарыс өткен жы­лы Қостанай облысының Лисаковск қаласында өткізілді. Биыл Қызыл­жар өңірін таңдадық. Басты мақсат – Мағжан топырағында тоғызқұмалақ ойынын дамыту, насихаттау, – де­ген Данияр Орынбасаров коман­да­лық чемпионаттың ерекшелігі жай­лы айтып берді. Бұл сайысқа 16 команда қатысуда. Олар 7 турдан тұратын жарыста мүмкіндігінше көп ұпай жинауы қажет. Бір қызығы ко­мандалар жеребе тартпайды. Қарсы­ластарды компьютер анықтайды.

– Біздің жүйеде барлық командалар жайлы ақпарат бар. Респуб­ликалық рейтингте қандай облыс қандай орында тұрғанын білеміз. Компьютер мықтыларды бір топқа, осалдарды өзге топқа салып, қар­сыластарды белгілейді. Бір жеңіс үшін командаға 2, тең нәтижеге 1 ұпай есептеледі, – дейді ұлттық дәрежедегі төреші.

Тоғызқұмалақта тез және ұзақ уақыт ойналатын түрлері бар. Клас­сикалық түрі 3 сағатқа дейін созы­лады. Ал рапид 30 минутқа шақтал­ған, блиц 5 минутқа созылады. Пет­ропавлдағы командалық ел бірін­ші­лігі классикалық тоғызқұмалақ бойынша өтіп жатқанын атап өткен жөн.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp