«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚТЫҢ БАТЫР ҰЛЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде Кеңес Одағының Батыры Сағадат НұрмағамбетовтІң туғанына 100 жыл толуына орай “Халықтың жүрегіндегі қаһарман” атты көшпелі көрме ашылды. Көрме сөресіне Екінші дүниежүзілік соғыста көзсіз ерлік көрсетіп, небәрі 21 жасында Кеңес Одағының Батыры атағын алған аңыз адамның өмірі мен әскери қызметінен сыр шертетін 100-ден аса құнды жәдігер қойылған. батырдың “Халық қаһарманы” медалі, әскери киімдері, жеке заттары мен құжаттары жиналғандарды ерекше қызықтырды.

Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов 1924 жылы 25 мамырда Ақмола облысының Ақкөл ауданында (бұрынғы Алексеев ауданы) өмірге келген. 1942 жылы әскер қатарына шақырылып, Түркіменстанның Кушка қаласындағы әскери училищеге жіберіледі. Оқуын бітірген соң 1943 жылдың сәуір айында майданға аттанды. Осыдан кейінгі екі жыл бойы пулемет взводының, пулемет ротасының командирі, 5-екпінді армияның ІІ дәрежелі Суворов орденді 301-Донецк атқыштар дивизиясының 1052-атқыштар полкі құрамында батальон командирі лауазымында жауға қарсы шайқасты.

1945 жылы 27 ақпанда Польша жерінде жау қорғанысын бұзып өту кезіндегі жауынгерлік тапсырманы ержүректілікпен орындап, көрсеткен ерлігі үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Осыдан соң майор Сағадат Нұрмағамбетовтің батальоны рейхсканцелярия ғимаратына жасалған шабуылға қатысып, қаһарман қазақ ұланы соғысты Берлинде аяқтады.

– Халқымызда ұлтымыздың бағы үшін туған азаматтар аз емес. Сағадат Нұрмағамбетовті сол қатарға жатқызуға болады. Оның еліміздің болашағы, қауіпсіздігі үшін атқарған еңбектері орасан. Бұл көрменің жастарға берері мол. Сөредегі әр жәдігердің айтары бар. Олармен жақын танысқан өрендердің бойында Отанға деген сүйіспеншілік нәрі қалыптасары сөзсіз, – дейді музей қызметкері Сағындық Салмұрзин.

Бұл мәдени шараны елордадағы мемлекеттік тарихи-әскери музей мамандарының ұйымдастырғанын айта кеткен жөн. Меймандар көрмені еліміздің көптеген қаласында өткізбек. “Біздің көшпелі көрмеміз қазақ халқына Қожаберген жырау, Үкілі Ыбырай, Мағжан, Ғабит, Сафуандай алыптарды сыйлаған Солтүстік Қазақстан облысынан бастау алып отыр. 2024 жылы Сағадат Нұрмағамбетовтің туғанына 100 жыл толады, соған орай Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың республикамыздың тұңғыш қорғаныс министріне арналған игі шаралар ұйымдастыру туралы қаулысы шыққан. Сол қаулы негізінде келесі жылдың аяғына дейін мемлекетіміздің барлық қалаларын аралайтын боламыз, – деді мемлекеттік тарихи-әскери музейдің басшысы Ләззат Әлжан.

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Санат Әубәкіров көшпелі көрменің қасиетті Қызылжар өңірінде басталғанына ризашылығын білдіріп, ұйымдастырушыларға Алғыс хат табыс етті.

Шарада Қазақстан Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының өнерпаздары ән мен биден шашу шашты. Гүлмира Пірмаханова мен Маржан Маханова қобыз-домбыра композициясын көрсетсе, Нұрлан Нұртазин мен Алтынай Хабдесова патриоттық әндер шырқап, салтанатты сәттің шырайын кіргізе түсті.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp