«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Аққайыңдағы келелі істер

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Аққайың ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланды. Аудан әкімі Рүстем Елубаев атқарылған шаруаларды жіпке тізгендей баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті.

“Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың қажеттіліктеріне жедел ден қою – мемлекеттік органдар қызметінің басты басымдықтары. Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету әрқашан мемлекеттік басқарудың маңызды міндеті болып табылады”, – деген Рүстем Мұқашұлы биыл ауданда атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Аққайың ауданында “Ауыл – ел бесігі” жобасы бойынша Полтавка, Рублевка ауылдарындағы екі мектеп күрделі жөндеуден өтсе, Аралағаштағы білім ордасындағы ауқымды  жұмыс әлі жалғасып жатыр. Ал “Дипломмен ауылға” бағдарламасы аясында 51 маманға 70,4 млн.теңге сомасында әлеуметтік қолдау көрсетілген. Оның ішінде 13,8 млн. теңге сомасына 40 маманға көтерме ақы, 53,6 млн. теңге сомасына 11 маманға бюджеттік несие берілген.

– 2023 жылғы қаңтар-қазан айларында ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің нақты көлем индексі – 53 млрд 953 млн. теңгені құрады. Дәнді-бұршақты дақылдар алқабы – 177 мың гектар. Гектарынан 14,2 центнер өнім жиналды.  Жалпы өнім – 2 млн. 518 мың тонна. 21 мың 400  гектарға майлы дақылдар отырғызылды.  Гектарынан 10 центнерден жиналып,  жалпы өнім көлемі 21 мың 400 тоннаны құрады, – деген аудан әкімі ауа райының қолайсыздығынан дәнді-бұршақты дақылдар өнімі аз жиналғанын айтты. Бұның салдарынан жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі төмендеген.

Облыс әкімінің тапсырмасымен ауданға жыл басынан бері 518 бас ірі қара әкелініпті.  Жыл соңына дейін тағы 192 бас сатып алу жоспарланған. Халықтың жұмыспен қамтылуына, бюджетке салық аударымдарының түсуіне оң әсер ету мақсатында қуаттылығы тәулігіне 40 тонна құрамажем өндіретін зауыт пайдалануға берілген.

Аудандағы ең ірі кәсіпорын– “РОСТАН” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Онда сарымай, спредтер, ірімшіктер, сүзбе өндіріледі. Үстіміздегі жылдың 9 айында 1,4 млрд. теңге сомасына 687 тонна дайын өнім өндірілді.

Ал Тоқшын ауылындағы “QAZAQVENEER” серіктестігінің  ағаш өңдеу цехы былтыр 1,5 млрд. теңгеге 1845 текше метрден астам фанера шығарды. Сонымен қатар жыл соңына дейін Дайындық ауылында салынып жатқан өсімдік майын қайта өңдеу цехының құрылысы аяқталмақ. Жобаның жалпы құны – 150 млн. тенге.

Аудан бойынша бөлшек тауар айналымының нақты көлемі 2 млрд. 150 млн.теңгені құрады. Ал аудандағы құрылыс жұмыстарының көлемі 1 млрд. 330 млн. теңге мөлшерінде.

Ауданда 32 елді мекен болса, соның отыз бірі орталықтандырылған суды тұтынады. Аудандағы үйлердің 70 пайызы сумен қамтылған.  

Аудан орталығында жүзеге асырылып жатқан “Сумен жабдықтау желілерін қайта жаңарту” жобасы 2024 жылы аяқталады. Жобаның құны – 2,4 млрд. теңге.

Ленинское ауылында 120 млн. теңгеге жоспарланған “Шаймерденов” шаруа қожалығын сумен жабдықтау желілерінің құрылысы аяқталуға жақын. Қиялы ауылында орналасқан тауарлық-сүт фермасының сыртқы инженерлік желілерінің құрылысы да межеге жеткен. Смирново ауылындағы Дорожная және Северная көшелеріне жалпы сомасы 119 млн. теңгеге орташа жөндеу жүргізілді. Тоқшын, Власовка, Тюменка, Көктерек ауылдарына кірме жолдарды орташа жөндеуге техникалық құжаттама әзірленіп жатыр. Сондай-ақ Смирново ауылындағы Народная, Жұмабаев, Щербаков, Южная, Лермонтов және Школьная көшелеріндегі жолдарды орташа жөндеуге 246,6 млн.теңге сомасына сметалық құжаттама әзірленді.

Жұмыссыздықты жою бағытында атқарылған шаруа нәтижесінде 1165 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. Алты мамандық бойынша 17 адам оқытуға жіберілді. Тұрақты жұмыс орнына 14 адам орналастырылды. 14 адам “Бастау бизнес”  курсы бойынша грантқа ие болды. Ауданда 31 әлеуметтік жұмыс орны құрылып,174 адам уақытша жұмыспен қамтылды. Аққайың ауданына биыл 26 отбасы немесе 116 адам қоныс аударды.

Ауданға келген медицина қызметкерлерін қолдау бойынша жұмыстар тұрақты негізде жүргізілуде. Жас мамандар мен дәрігерлер үшін бюджет қаражатынан тұрғын үй және көтермеақы беру көзделген. Үстіміздегі жылы ауданға келген алты дәрігерге көтермеақы тағайындалып, баспанамен қамтамасыз етілді.

Келесі жылы 3 медициналық пункт (Ивановка, Власовка, Тюменка) салу және Черкасское ауылындағы ФАП-ты күрделі жөндеу жоспарланып отыр.

Аққайың ауданында 26 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Жаңғырту аясында мектеп асханаларында жиһаз, ас үй жабдықтары мен тұрмыстық техника жаңартылды.

Ауданда тоғыз Мәдениет үйі және ауылдық клубтар, орталықтандырылған 14 кітапхана жұмыс жасайды. Ендігі жылы Полтавка ауылындағы Мәдениет үйіне жалпы сомасы 111 млн. тенгеге күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған.

Аққайыңдықтардың арасында саламатты өмір салтын қалыптастырып, бұқаралық спортты дамытуға арналған 149 спорт нысаны жұмыс істейді.

Меруерт КЕҢЕСБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp