1937 жылы Кеңес одағының тарихында ұлы қырғын, жаппай қуғын-сүргін жылы болып, қара таңбамен таңбаланды. Бүкіл елді іштен бүлдіріп, адамгершілік ақыл-парасатты аяққа басқан, “халық жауларын” тауып, құрту науқаны жүріп жатты. Мұндай саяси науқан, ең алдымен бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің арасында жүргізілгені айтпаса да түсінікті. Қас қылғандай 1937 жылғы 10 сәуірде “Бостандық туында” әріп қатесі кетті. Яғни “көсеміміз Сталин жолдас” деген тіркесте “көсеміз” болып басылған. Партия және үкімет органдары мұны газетте қырағылықтың осалдағаны деп тауып, редакцияда қызмет істейтіндердің тізімін алдырады. Онда: газеттің редакторы Үсенов, жауапты хатшы Омаров Сейітжан, тілшілері Қожанов, С.Даутов, Бегешов, Садвокасов Абдулла, Ахтанов, Сахабин екені жазылған (сол кезде қалай жазылса, солай түзетпей бердік. – З.Т.). Әйтеуір редактор ҚазТАГ-тан түскен материалда кеткен әріп қатесі үшін сотталмай аман қалған, бірақ газет редакциясында қырағылық күшейтілген.
1937 жылы орысша “Ленинское знамя” газетінің таралымы 23 мың, “Ленин туы” 8000-ға жеткен. 28 аудандық газеттің жалпы таралымы 32 мың және көп тиражды 6 газеттің таралымы 4-7 мың дана болғаны туралы мағлұмат сақталған.
Сол жылы мерзімді баспасөздің жағдайы туралы партияның орталық комитетіне жолданған хатта облыстық және ауданық газеттердің таралымы шектеліп отырғаны көрсетілген. Сондықтан “Ленинское знамя” газетінің таралымын 30 мың данаға, сол сияқты халқы көп кейбір аудандардың газеттерінің таралымын көбейту, бет санын арттырып, жиілігін көбейту сұралған. Бұл мәселелердің қалай шешілгені жөнінде мағлұмат жоқ.
1937 жылғы 10-қазанда Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитеті Көкшетау округінде қазақ және орыс тілдерінде газеттер ұйымдастырғаны жөнінде жоғары жақты хабардар етті. Онда қазақ газетінің (газеттің аты аталмапты) редакторы Шәріп Айтқожин туралы мағлұмат бар. Ол 1906 жылы туған, аяқталмаған жоғары білімі бар, 1930 жылдан партия мүшесі. Редакцияның хатшысы – Естаев Еділ. Ал Көкшетау округтік орыс газетінің редакторы Матвей Федорович Грибов, хатшысы Александр Тихонович Милешин деп көрсетілген.
Солтүстік Қазақстан облысы Молотов округінің қазақ газетіне редактор болып Айдарбеков Қасым, хатшылығына Мишинбаев Қамар бекітілген. Айдарбеков бұрын “Ленин туының” партия тұрмысы бөлімінң меңгерушісі болып қызмет істеген. Осы құжатта “Ленин туының” редакторы Үсенов Сейілбек, редакция хатшысы Молдабеков Шайдолла екендігі туралы ақпар бар.
Сол жылғы партия құжаттарында аудандық деңгейдегі баспасөз органдарында маман қызметкерлердің жетіспеуі ерекше көрінеді. Мысалы, Ленин аудандық партия комитетінің хатшысы Айрапетян “аудандық газетке сегіз айдан бері редактор таба алмай отырғанын” облыстық партия комитетіне хабарлаған.
1937 жылғы “халық жауларына әшкерелеу науқанынан облыстық және аудандық газеттер көп зардап шекті. Редакциялар шын мәнінде талқандалды. Мысалы, “Ленинское знамя” газетінің редакциясындағы 15 адамның 9-ы жұмыстан қуылған. Аудандық газеттердің 28 редакторының 14-і бір жылдан кем жұмыс істейді деп көрсетілген.
Партиялық құжаттарда “Ленин туына” кіріп алған “халық жауларының” жұмысқа көп бөгет келтіргені көрсетіледі. Атап айтқанда, “партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі Айдарбековтың партия қатарынан шығарылып, редакциядан қуылғаны” үлкен жеңіс ретінде атап көрсетілген. Бұл Айдарбеков өзі жартылай феодалдың баласы. Әкесі жалшы ұстап, оның ақысын жеген, сол үшін кәмпескеленген. Сондай-ақ редакциядан “халық жауының” әйелі Қуанышеваның да қуылғаны қуанышпен хабарланған.
1938 жылдың 13 шілдесінде жауапты редактордың міндетін атқаруға З.Сыздықов кірісті. Оның обкомға жазған хабарламасында мынадай сөздер бар: “Ленин туы” ұзақ уақыт бойы халық жауларының қолында болып келді. Соңғы кезде осы редакциядан үш редактор және бірнеше жауапты қызметкер “халық жауы” ретінде әшкереленді. Олар төңірегіне өз адамдарын жинай берген. Соның салдарынан редакцияда ешқандай оң жұмыс жүргізілмеген. Газет бетінде антисоветтік, антипартиялық, дәлірек айтқанда контрреволюциялық насихат жарияланып келген. Редакцияға кім көрінген келіп-кете беретін болған. Міне, мен осындай жағдайда жауапты редактордың міндетін атқарушы болып келдім”, – делінген. Бұл үзіндіден біз коммунистік партия баспасөзді өзіне керегінше пайдаланып, журналистердің шығармашылық қабілет-қайратын жалған насихатқа жұмсағанын көреміз. Баспасөз тек қана саясат қуатын болса, оның оқырман жоғалтуы оп-оңай.
Орайы келгенде, А.Байтұрсыновтың қазақ публицистикасы туралы, көсемсөздің қоғамдағы орны туралы айтқан мына бір сөздерін келтірген жөн болар еді: “Көсемсөз – әлеумет ісіне басшылық пікір жүргізетін сөз… Көсемсөз кезіндегі әлеуметке керек іске мұрындық болып, істеу ыждаһатымен айтылады… Көсемсөз жазып, әлеуметке басшылық қылатын адам көпті көрген көсем, білімді адам боларға керек. Әйтпесе дүмше молда сияқты көбі көсемдік қыламын деп, әлеуметті адастырып, пайда орнына зиян келтірмек”.
Өкінішке қарай коммунистік партия өз қолына алған баспасөз органдарын бір ғана мақсатқа – жеке таптық насихатқа ғана пайдаланды. Соның салдарынан кезінде “Дала уалаятының газеті”, “Қазақ”, “Жас азамат” газеттері бастаған халықшылдық, милләтшылық бағыттан жаңылдық. Қазақтың Алаш көсемдері бастаған көсемсөздік дәстүрі үзіліп қалды және әлі де толық қалпына келіп болған жоқ.
Зарқын ТАЙШЫБАЙ,
Қазақстан Жоғары мектебі Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор.