Облыстық төтенше жағдайлар департаментінде облыс әкімінің орынбасары Рүстем Құрмановтың төрағалығымен “Қыс – 2023” республикалық командалық-штабтық жаттығуларына дайындық бойынша жұмыс кеңесі өткізілді.
Кеңес жұмысына облыстық құрылымдардың, азаматтық қорғау қызметтерінің және тіршілікті қамтамасыз ету объектілерінің басшылары, облыстық төтенше жағдай департаментінің басшылық құрамы мен мамандары, сондай-ақ Петропавл қаласы әкімдігінің өкілдері қатысты.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Рүстем Құрманов аталмыш шараның мемлекеттің азаматтық қорғау жүйесін дамыту мен нығайтудағы маңыздылығын атап өтті.
“Жаттығу штабы Петропавл қаласында орналастырылады және барлығымыз республикалық маңызы бар осындай маңызды іс-шараны лайықты өткізу жөніндегі міндеттерді шешуіміз керек”, – деп атап өтті Рүстем Құрманов.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, подполковник Мұрат Қанғожинов жаттығудың негізгі міндеттері мен мақсаттары, ұйымдастырушылық және практикалық сипаттағы іс-шаралардың орындалуы, ақпараттық қамтамасыз ету туралы арнайы баяндама жасады. Ол жаттығудың барлық қатысушыларының өзара іс-қимылы, облыс орталығындағы және аудандардағы оқу орындарында практикалық іс-шараларды орындау мәселелерін атап өтті.
“Жаттығу шеңберінде жанар-жағармай материалдарының, азық-түлік, материалдық-техникалық, медициналық және басқа да резервтердің қысқы кезеңге арналған қорларының болуын қамтамасыз ету қажет”, – деді Мұрат Серікұлы. Ол синоптиктердің болжамы бойынша алдағы қыста қалың қар, жел мен боран күтілетінін, сондықтан оған дайындық қазіргі басты міндет екенін атап өтті.
Жұмыс кеңесін қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Рүстем Құрманов “Қыс – 2023” жаттығуына дайындық бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
Серік НАУРЫЗБАЕВ,
облыстық төтенше жағдайлар департаментінің төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі.